№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » БЕЙСЕНБІДЕГІ БЕРЕКЕЛІ БАСҚОСУЛАР

БЕЙСЕНБІДЕГІ БЕРЕКЕЛІ БАСҚОСУЛАР

Бейсенбінің берекелі күні Жаңақорған ауданының әкімі Руслан Рүстемов елді мекендерді бағытқа алды. Ондағы мақсат – ауыл тұрғындарының қал-жағдайын біліп, оларды толғандыратын көкейкесті мәселелерді ашық талқылап, шешілу жолын табу.
Бұған дейін әкімнің Көктөбеден Өзгентке дейінгі ауылдық округтерді аралағанын жазған едік.
Ендігі кезек Байкенже ауылынан басталды. Алдымен Билібай елді мекеніндегі №255 негізгі мектебіне барды. 1993 жылы пайдалануға берілген білім ордасында спорт зал, асхана қаралмаған. Осыған байланысты қосалқы құрылыс жүргізілмек. Бұл жөнінде құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов түсіндірді. Мектеп директоры Ғазиза Бөгентаева оқыту процесі жайында сөз етті. Сосын Байкенжедегі №193 мектептің бастауыш сынып оқушылары оқитын ғимаратта ауыл тұрғындарымен дидарласты. Ел ағасы Балтай Серкінбайұлы жаңа мектептің ғимаратын салу, ауыз су мәселесі маңызды екенін сөз етті. Ауыл әкімдігінің әлеуметтік қызметкері Айсұлу Қалдыбаеваның сөзінше, "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ-на қарасты уран компаниялары әлеуметтік жауапкершілікті өз деңгейінде сезінбей отырғанына қынжылды.
– Жаңақорғанда бұған дейін қызмет істегендіктен ауданның потенциялын жақсы білемін. Дегенмен уақыттың өз шақыруы, өз талап-міндеттері болады. Осындай қажеттіліктерді анықтап, оларды кезең-кезеңімен жүзеге асырудың жолын анықтау керек. Сондай-ақ елді мекендердің әлеуеті мен мүмкіндіктерін саралап, дұрыс бағытты бағдарлау маңызды. Бүгінгі сапардың мақсаты осы, – деді аудан басшысы Руслан Рүстемұлы.
Сондай-ақ Жаңарық пен Қыркеңсе елді мекенінің тұрғындарымен кездесті. Екі ауылда да берекелі істер аз емес. Қазір дихандар күрішті ысырапсыз жинауға мән берген кез. Одан бөлек, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бағдарламасы аясында спорт кешендері бой көтерді. Енді іске қосылатын уақытын күтіп тұр. Дегенмен қос ауыл тұрғындарының айтары бар. Мәселен, ауыл маңын ыза су басуда, жайылымдық жер тарала бастаған, ауыз суды күніне екі сағат ғана беріледі. Осындай қажеттіліктерді шешіп беруін сұрады ел ағалары.
Түске дейінгі соңғы ауыл Машбек ауылдық округінде болды. Бұл ауылдың аты мәшһүр. Қазақстаннан бөлек алыс-жақын шет елдер жақсы біледі. Қалай дейсіз бе? Елді мекенде Еңбек ардагері Машбек Нәлібаевты еске алуға арналған халықаралық турнир дәстүрлі өтеді. Оған арысы Моңғолия, Ресей, Грузия, берісі Қырғызстан, Өзбекстанның апайтөс балуандары келіп, қазақ күресінен үздік балуанды анықтап жүр. Енді осы ауылда спорт кешенін салу сұранып тұр.
Ауыл ақсақалы Серікбай Сұлтанов, Әлімхан Құрманбеков жайылымдық жердің тартылғанын, ауыз су мәселесін қозғады.
Ауыл тұрғындарын толғандыратын негізгі мәселелерді білген аудан әкімі Руслан Рүстемов:
– Ауылдық округтерді аралап жүргеніміздің басты себебі – жұрты толғандыратын қажеттіліктерді білу және оның маңызын саралау еді. Шүкір, әлеуметтік жағдай дұрысталып келеді. Тіршілік болғандықтан әр уақыттың өз міндеттері, өз мәселелері болады. Оны ұтымды ұйымдамтыру арқылы тетігін табамыз.
Жалпы Жаңақорған ауданындағы ең күрделі мәселе – ауыз су. Күні кеше осы мәселені шешуге байланысты техникалық байқау өткіздік. Оған тапсырыс берушілер, мердігер компания өкілдері, техникалық қадағалаушылар, авторлық бақылаушылардың басын қосып, ауыз суды үй-үйге кіргізудің мән-жайын анықтадық. Жыл аяғына дейін мердігер компания 68 шақырым құбыр жүргізіп, 2000 обонетке ауыз су кіргізеді.
Одан бөлек, атқаратын істер көп. Мәселен, ауданда 5000 адам тұрғын үй кезегінде тұр. Енді жобалық-сметалық құжаттардың ішкі мазмұнын арттырып, халыққа қажетті жобаларды қаржыландырып, ауыл-ауылдан тұрғын үй салуға мән береміз... – деді.
Әкім бастаған делегация түстен кейін Кейден, Шалхия, Жайылма ауылдық округіне барады.
Айта кететіні, аудан басшысы Байкенже, Жаңарық, Қыркеңсе, Машбек елді мекеніндегі білім ордалары және мәдениет үйлерінде барып, қысқа дайындығын біліп, жұмыс барысымен танысты...


10 қыркүйек 2020 ж. 726 0