Бір күнде үш әкімшілік іс тараптардың медиация тәртібімен татуласуына байланысты тоқтатылды
Қоғамда дау-дамай артып тұр, Тұңғыш президентіміз Н.Назарбаев сот тәртібінде қаралуы тиіс даулардың санын, оларды шешудің баламалы әдісін, соның ішінде татуластыру әрекетімен, соның ішінде медиацияны маңызды деп айтқан еді.
Бітімгершілікпен татуластыру Жаңақорғанда да жүйелі жолға қойылған. Ауданда құрылған медиаторлардың негізгі мақсаты- жергілікті тұрғындар арасындағы дауларды дәстүрлі жолмен шешіп, қос тарапты татуластыру.
Сөзіміздің дәлелі-Жаңақорған аудандық сотында Қазақстан Республикасы ӘҚБтК-нің 73-бабы 1-бөлігімен және 73-2-бабы 1-бөлігі бойынша келіп түскен әкімшілік құқық бұзушылық туралы істер қаралды.
Іс құжаттарына сәйкес бірінші іс бойынша азамат Ә. үйінде өзінің жұбайының денсаулығына жеңіл зиян келтіруге әкеп соққан, ұрып-соғу, яғни жеке бастың құқықтарына қол сұғатын әкімшілік құқық бұзушылық әрекетін жасаған.
Сотта екінші іс бойынша азаматша Б., үйдің ауласында жәбірленуші көршісі Е-, тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған өзгеде күш қолдану әрекетін жасаған.
Сондай-ақ, үшінші кезекте азаматша Е. үйдің алдында жәбірленуші Б. тән ауруына ұшыратқан, бiрақ денсаулыққа жеңіл зиян келтiруге әкеп соқпаған ұрып-соғу әрекетін жасаған.
Бұл әкімшілік істерді қарау барысында судья құқық бұзушыларға жәбірленушімен медиация тәртібінде татуласуға болатыны жайлы, медиативтік процедураны өткізудің негіздері мен тәртібін және де дауды реттеу туралы келісімнің салдарын түсіндіріп берді.
Өздеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғалар өз кінәларын мойындап, жәбірленушілермен медиация тәртібімен татуласқандарын көрсетті.
Нәтижесінде, үш істің де сот өндірісі сотпен тараптардың медиация тәртібінде татуласуына байланысты тоқтатылды.
Сондықтан ел ішіндегі кейбір кикілжің, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешуге медиаторлардың ықпалы зор.Орамды ойын кесімді пікірімен жеткізіп, аталы сөз айта алатын дуалы ауыз тұлғалар мәселені сотқа жеткізбеуге күш-жігерін салады. Тараптар арасында татулықты үндеу – негізгі міндет.
Ақпарат: Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі.