№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Әсел, біз сені мақтан етеміз!

Әсел, біз сені мақтан етеміз!

Эпидемиологиялық ахуал күн өткен сайын күрделеніп келеді. Оның зардабын халық сезінуде. Ауыр салмақ дәрігерлерге де түсуде. Ал олардың отбасы, яғни ата-анасы мен бала-шағасына да оңай тиіп жатқан жоқ. Осы ретте, аудандық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі, инфекционист-дәрігер Әсел Сейілованың отбасымен хабарласқан едік.


Әсел қарашаңырақта тұрады. Үйдің берекесі Ақжарқын Тұрманова. №125 мектепте 38 жыл оқушыларға ағылшын тілінен сабақ беріп, зейнетке шықты. Қазір немерелеріне тәлімді тәрбие, саналы білім беруге көңіл бөлуде. Дәнекер мен Әселдің тұңғышы – Жанерке. 9 сыныпқа көшті. Одан кейін Қадір, Азамат ер жетіп келеді.
– Әселім ауданда алғашқы коронавируспен ауырған адам шыққалы үйге келген жоқ. Қазір төрт айдан асты. Ұл-қыздары елдегі жағдай қиын екенін түсінеді, бірақ анасын сарыла күтіп жүргенін олардың жанарынан оқимын. Бүгінгі жағдай соғыспен тең. Елдің игі жақсылары бірінен кейін бірі о дүниелік болуда. Алла алдыңғы шепте елдің амандығы үшін қызмет етіп жүрген дәрігерлерге күш-қуат беріп, індетті жеңуде жәрдем берсін! Еліміз аман болсын! – деп бастады сөзін Ақжарқын Сейдахметқызы.
30 наурызда ауданда алғашқы коронавируспен ауырған науқас шықты. Әсел Сейілова содан бері үйіне қайтып, бала-шағасын бір иіскеп, мауқын басуға зәру. Дәрігер науқастардың сауығуы үшін күн ұзақ еңбектеніп жүр. Ол үшін уақыттың жылдам өтетіні анық. Ал үйде күн санап жүрген ұл-қыздары үшін тым ауыр екені айтпаса да түсінікті...
– Алғашқы 10 күн шыдадық. Сосын 20 күн өтті. Бір, екі, үш ай өтті. Қазір балалары анасын қатты сағынып жүр. Төлефонмен сөйлескен сайын «Ана, қашан қайтасыз? Бүгін келесіз бе?» дейді. Кенжеміз Азаматтың мінезі де өзгергенін байқап жүрмін. Бәрі сағыныштан болар. Біз қанша бағып-қаққанымызбен анасының орнын баса алмаймын ғой! – дейді ол.
Иә анасы жақын жерде бола тұра оны көре алмау қандай ауыр десеңші?! Бұл – ауруханада алдынғы шепте қызмет етіп жатқан медицина мамандарының шаңырағындағы ортақ жағдай.
Ақжарқын Тұрманова саналы өмірін ұстаздыққа арнағандықтан баланың жанын түсінеді. Апамызға күнделікті баланы бағып-қағудан бөлек қашықтан сабақ оқу кезінде де салмақ түсті. Яғни үйдің мың-сан тірлігіне бала оқыту міндеті қосылды.
– №169 мектептің директоры Аллаберген Ахметовке рақмет. Карантин кезінде қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етті. Балалардың сабағын бақылап, оқыту да үлкен жұмыс, зор жауапкершілік. Шүкір, Жанеркем жарап қалды. Інілерінің сабағын оқытуда маған жәрдем берді, – деді ардагер ұстаз.
Қазір коронавирус жас, кәрі, бай, кедей деп таңдап жатқан жоқ. Ал вирус жұққан науқасты емдеп, қауіптің арасында жүрген дәрігерлердің ой-санасына, психологиясына қандай салмақ түсетінін бағамдай беріңіз. Бір, екі ай емес, төрт айдан асып барады.
– Әселмен телефонмен сөйлескен сайын сақтық шараларына мән беруін сұраймын. Теледидардан қаншама дәрігерлер індетті жұқтырғанын, соның салдарынан бақилық болғанын естіп, көріп отырмыз. Алладан келінімнің саулығын тілеймін. Ертерек індетті еңсеріп, жағдай тезірек тұрақталып, отбасымен қауышса екен, – деді апамыз.
Қазір дәрігерлер тілсіз, түссіз жаумен бетпе-бет келіп, алдынғы шепте шайқасуда. Олардың қажыр-қайраты мен ерік-жігерінен үлгі-өнеге алуға болады. Әселдің осындай еңбегі бағаланып, «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Дәрігерге жасалған құрметті естіген жақындары шынайы қуанғаны анық.
– Қазір дәрігерлерге оңай емес. Төрт айдан аса көзге көрінбейтін, қолға ұстамайтын вируспен күресіп, шаршады, қажыды. Бірақ жауапкершілік жүгі ауыр екенін түсініп, ісіне адалдық танытуда. Мен Әселді мақтан етемін және оның жанында еңбек етіп жүрген медицина мамандарына алғыс білдіремін, – дейді азиз ана.
Әселді қызы Жанерке де мақтан тұтады. Мұны телефон тұтқасын алғанда айтып берді.
– Алладан ауруханаға науқастар түспесе екен деп тілеймін. Сонда науқастарды емдеп болғаннан кейін анамыз ортамызға оралатын еді. Мен жағдайды жақсы түсінемін. Ару асқынып тұр. Оларды емдеу үшін анам бар күш-жігерін салуда. Мен анамды мақтан етемін, – деп тілеуін жеткізді қызы.
Әселді отбасынан бөлек ем алған науқастар да мақтан етеді. Оның ісіне жерлестері сүйсінеді әрі тілегін тілеп отыр.
Жұрт «саясат» деп сенбей, той да, тығылып құдалық та жасап, ас жағалап жүргенде коронавирусқа шалдыққандар саны күрт артты. Енді сақтық шараларына мән бермесек жағдайды реттеу қиын. Олай болмаса, дәрігерлердің жұмысына жұмыс қоса береміз.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
11 шілде 2020 ж. 775 0