Сын сағатында сыналған маман
29 наурыз күні коронавирус жұқтырды деген күдікке іліккен науқас ауданаралық аурухананың жұқпалы аурулар бөліміне жеткізілді. Міне осы сәттен бастап айлап үй бетін көрмей бөлімшедегі барлық мамандар жұқпалы індетпен күресіп келеді. Ортақ істе білімі мен білігін дәлелдеген жұқпалы аурулар бөлімшесінің мамандарын бүгінгі күннің батыры демеске хақымыз жоқ. Солардың ішінде Меруерт Исламханқызының орны ерек.
Қызметі ем жүргізіп, ине салатын дәрігер не медбике емес – шаруашылық бикесі. Негізгі жұмысы да түсінікті аурухана әкімдігінен бөлімшеге қажетті заттарды сұратып, қамтамасыз етіп отыратын-тұғын. Қазіргі жағдай тым бөлек. Осындай сын сағатында ол әріптестерінің қасынан табылып, өмір үшін күресіп жатқан науқастарға демеу бола білді. Өйткені мұндағы 15 жыл қызметі барысында әріптестерімен бір отбасы мүшесіндей болып кеткен-ді.
– «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» мұндай қиын кезеңде бірігіп әрекет ету маңызды. Үрей мен қорқыныштың болғанын жасырмаймын. Дегенмен әріптестеріммен бірге бұл қиындықты да еңсердік. Біз өз үрейімізді жеңе алмасақ науқастарға қолдау білдіре алмайтынымызды түсіндік. Күн-түн демей еткен еңбек жемісін берді. Әрбір науқас сауыққанда олармен бірге қуанып, көз жасқа ерік бергеніміз де рас, – дейді Меруерт Шайхова.
Бір айдың жүзі де өте шықты. Бөлімшедегі науқастар отбасына орала бастады. Сын сағатынан сүрінбей өткен денсаулық сақтау саласы мамандарына халықтың да алғыс-тілегі шексіз. Оны әлеуметтік желілерде түрлі бейне жазбалардан көруге болады. Жұқпалы аурулар бөлімшесіндегі мамандар әлі де үй бетін көрмей жұмыс жасауда. Әрине отбасы, туған-туысқа деген сағынышы сезіліп ақ тұр. Жырақта жүрсе де телефон арқылы лезде отбасынан хабар алып отырғанына шүкіршілік етпеске шарасы жоқ.
Естіген құлаққа түрпідей тиетін жұқпалы індетпен күресіп жатқан науқастардың тәнімен қоса рухын асқақтатуға күш салып, жабырқаған көңілге жүрек жылуын төгуді парыз санайды. Коронавируспен бетпе-бет келіп, адам жанының арашасы болған денсаулық сақтау саласы мамандарына Мемлекет басшысы тағайындаған сыйақыға қол жеткізіп, марқайып қалғаны бар.
– Бізге бірінші орында науқастардың індеттен айыққаны. Коронавирус сынаққа алған уақытта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының қолдауы жігерлендірді. Одан бөлек ауданның игі жақсылары да қол ұшын созуда. Отбасымды №125 С.Сапарбеков атындағы мектеп басшылығы тарапынан азық-түлік пен қашықтықтан оқу барысына қажетті компьютермен қамтамасыз етті. Мұны қыздарым телефон шалып, сүйіншіледі. Аурухана қызметкерлеріне аудан әкімдігі мен жеке кәсіпкерлер дәрумендерге бай тағам түрлерімен ас-ауқатымызды жеткізіп беріп отыр. Осындай жан-жақты қолдаудың арқасында күн-түн демей қызмет етудеміз. Бастысы індет жұқтырып алмай отбасымызға оралсақ, – дейді ол.
Меруерт Исламханқызы 1974 жылы Жаңақорған кентінде дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан кейін, Түркістандағы индустриалды педагогикалық техникумды бітіреді. Отбасын құрып, еңбек жолын туған жерінде жалғады. Екі қыздың анасы. Үлкені 8-ші, кішісі 5-сыныпта оқиды. Жолдасы да карантин енгізілгелі отбасынан жырақта еңбек етуде. Бүгінде кейіпкеріміздің анасы Қалжан Нұрлыбаева қыздарының қорғаны. Қарт ана басын қатерге тігіп, аянбай еңбек етіп жүрген перзентін мақтан етеді.
– Ел аман, жұрт тыныштығын тілеп, дұға жасап отырамын. Ана көңілі перзенті үшін алаңдамай тұра алмас. Әрине қызымды мақтан етемін. Сондағы ұл-қыздарымның еңбегі, шүкір ауданда індеттің беті қайтты. Енді қызым үйге аман-есен оралса одан асқан бақыт жоқ, – дейді тілеуқор ана.
Мұндағы әр қызметкер біреудің жары, анасы, әкесі, біріне туыс-бауыр. Отбасы ошақ қасынан жырақта жүргеніне айдан асты. Індеттің толықтай жойылмағаны оларға әлі де босаңсуға болмайтынын ескертіп тұрғандай. Олар мұны жақсы біледі. Өз міндетін атқарып, тұрғындардың амандығы үшін күресуден шаршамайды. Қорыта айтқанда, ел тағдыры сынға сыналған осы бір өтпелі кезеңде, алғы шепте жүрген жандардың ертерек отбасымен қауышуына тілекші болып, тәртіп сақтауды ұмытпасақ игі.
Майра ҒАНИЕВА