Айдаровтар әулеті вирусты жеңді
Жаңақорғанда індеттің ошағы пайда болған күні науқаспен байланыста болған адамдар карантинге жатқызылды. Өкініштісі сол бүтіндей бір әулет осы дертті жұқтырды деген ақпар келді. Оның ішінде, жасөспірім мен әжеге де вирусты жұқтырғаны белгілі болды. Науқастардың жартысы аудандағы жұқпалы аурулар бөлімшесіне, қалғаны облыс орталығына жіберілді. Бірақ күн сайын тіркелген науқас саны артып, 30-ға жетті. Шүкір ететін жайт, соңғы күндері ауданда емделіп шыққандардың саны 17-ге жетті, Айдаровтар әулеті де індеттен толық айығып шықты. Олармен байланысып, хал-жағдайларын білген едік.
Алғашқы науқас тіркелді деген уақытта дәрігерлер аяғынан тік тұрды. Жедел әрекет етуге кірісіп, үйге қайтпай жұмыс жасау қағидатына көшті. Бір айға жуық ата-анасын, бала-шағасын көрмеген ақ халаттылар әлі де ауруханада қона қызмет етіп жүр. Әлемді әбігерге салған вирусты ушықтырмай тұрып, алдын алған дәрігерлердің еңбегіне тұрғындар дән риза. Сөз басын әулет азаматтары осыдан бастады.
– Шыны керек, біздің әулеттен 10 адамнан тест қорытындысы оң нәтиже беріп, вирустың расталғаны оңай тимеді. Бірақ көңіл-күйімізді түсіріп, берілуге болмайды. Сондықтан сабыр еттік. Ақ халаттыларға сеніп, екі апта керек ем-домды қабылдадық. Басында дене қызуымыз көтеріліп, жөтел күшейді, жағдайымыз қалыпқа келгенше дәрігерлер тыным таппады. Екі аптадан аса уақыт өткенде қайта тест тапсырып көрген едік, теріс нәтиже көрсетті. Қазір әулетімізбен үй карантинінде бақылауда жатырмыз. Сондықтан медицина қызметкерлеріне алғыс білдіремін, – деді әулет мүшесі.
Бөлім меңгерушісі, дәрігер-инфекционист Әсел Сейілова, аға мейірбике Хашия Абсаттарова, мейірбикелер Нұргүл Көгенбаева, Ақмарал Жалымбетова, Баян Исмаилова және ағамед Нұрдос Табынбайға Айдаровтар әулеті алғысын айтады. Сонымен бірге, алғыс арқалаған тазалықшылар қатарында Мөлдір Есентаева, Аякөз Нұрманова, Зылиха Сұлтанбаева мен Гүлшар Қонқаева да бар. Бұл жандар да нағыз от пен оқтың ортасында жүретіндер екені сөзсіз, сондықтан олар да мақтауға лайық.
– Аурханада ем алып жатқан уақытта барлық ағайын-туыс, дос-жарандар бізге алаңдап, рухани һәм материалдық тұрғыда қолдау білдірді. Әсіресе №51 М.Қаратаев атындағы мектеп ұстаздары, оның ішінде, директордан бастап, орынбасарлары, ұл-қыздарымның сынып жетекшілері мен өзімнің шәкірттерім жанымыздан табылды. Қолдау көрсетті, жігерлендірді, Аллаға шүкір аурудан айығып шықтық. Қандай індетке болмасын мықты иммунитет, жақсы көңіл-күй болса жеңуге болады. Бәрінен бұрын, 87 жастағы анамыз қуанды. Анамыздың анализ қорытындысы теріс нәтиже беріп, бізбен бірге үйге шықты. Жағдайымыз қалыпты, алаңдайтын ештеңе жоқ, – дейді Қанат Айдаров.
Иә, сын сағатта сабыр етіп, күресе білген әулетке жаңақорғандықтар енді жақсы күндерді тілейді. Сыр өңірінде коронавирус 179 адамнан анықталса, оның 98-і жазылып шықты. Дегенмен дәрігерлер еркінсуге әлі ерте екенін ескертуде...
Әлібек Жарықбаев