Соңғы жаңалықтар

Көк жөтел ауруы жайлы.

26 сәуір 2024 ж. 83

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » Індетті тараптау – міндет

Індетті тараптау – міндет

Бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індеті біздің ауданды да айналып өтпеді. Ауырған кісілер саны күн санап көбеймесе, азаймай отыр. Ауданымыздағы дәрігерлердің түгелге жуығы осы дертпен күреске жұмылдырылды.

Бұл сырқаттың белгілері де әр түрлі, нақты бір емі де жоқ болғандықтан аса қауіпті саналады. Одан сақтану жолы – көпшілік ортаға бармау, жеке гигиенаны сақтау, өз-өзін оқшаулау. Той жасауға мемлекеттік деңгейде тыйым салынды. Үйлену той, сүндет той, шілдехана, бесік той бәрінен уақытша бас тартуға тура келеді. Сондай-ақ жаназаға жиналу, қайтыс болған адамның жақындарына көңіл айту әрбір мұсылманның борышы, дегенмен пандемия жағдайы оны тоқтатуды талап етіп отыр. Осы орайда облысымыздан шыққан ҚР Парламент Сенатының депутаты Мұрат Бақтиярұлының біраз уақыт бұрын әлеуметтік желіде жариялаған жазбасын келтіргім келіп отыр: «Осыдан бір жұма бұрын бірге қызмет жасайтын азаматтың әкесі қайтыс болып, елге сұранып кетті. Мен оған індетке байланысты жағдайдың өте күрделі екенін, мүмкіндік болса, ағайындар кейін де көңіл айтатынын, соны туыс-туғанға дұрыстап түсіндірерсің, үйде мүлдем дастархан жаюға болмайды, айналайын, соны ескерерсің деп едім. Өкінішке қарай, кейін естігенімдей, бірнеше жүз адам жиналған, ас та төк дастархан жайылған. Нәтижесінде, Нұрсұлтан қаласынан сап-сау барған азамат әйелімен бірге індет жұқтырып, ауруханадан бір-ақ шықты. Демек, сонда жиналған адамдардың көпшілігі індет жұқтырды деген сөз. Ағайын, бұл індет соғыстан да жаман. Соғыста жауыңды көресің ғой, бұл мылтықсыз майдан. Ағайынға, өзіңе, отбасыңа жаның ашыса, жақындама, араласпа. Бүкіл той дегенді бастан шығарып таста. Қайтыс болған адамды ең жақын туыстары, бес-алты адамы жерлесін. Өлгеннің артынан өлмеймін десең, барынша сақтан. Өз өмірің өз қолыңда екенін ұмытпа».
Қазіргі ахуалды ескере отырып пандемия жойылғанша өлім-жітімге көңіл айтпағаны үшін ешкімге ренжуге тиіс емес. Өйткені кез келген адам өзі ауырмаса да вирус тасымалдаушы болып үйіндегі он адамға кесірін тигізуі әбден мүмкін. Иммунитеті әлсіз, созылмалы аурулары бар кісілер мен жасы ұлғайған кісілердің ағзасы ауруға төтеп бере алмай жатқанын баршамыз естіп, көріп, біліп отырмыз.
Бұл жөнінде мамандар дабыл қағып қайта-қайта айтудан әлеуметтік желі мен газеттер арқылы халыққа жеткізуден кем де емес. Аудандық әкімдік тарапынан болсын, бұқаралық ақпарат құралдары да қауіпті індеттің кеселі қандай екенін және барынша сақтану шараларын ұстанып, өз-өзін оқшаулау қауіпті індеттің ең болмағанда алдын алуға себеп екенін жазып та жатыр. Осындайда құлақ асатын жан болсайшы?!

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, коронавирустың таралуын тоқтатудың ең тиімді тәсілі – өзіңді көп нәрседен шектеу, яғни қонаққа, қоғамдық орындарға, туған-туыстың үйіне барудан, тіпті дүкен мен дәріханаға да мейлінше қажет жағдайда ғана барып, екі метр ара-қашықтықтың сақталуын мұқият қадағалау. Қытай мемлекеті халықтың үйден шығуына қатаң тыйым салу арқылы вирустың таралуын аз уақыттың ішінде ауыздықтап үлгерді. Дүние жүзі қазір осы тәжірибенің дұрыстығына көз жеткізіп отыр. Австралиядағы ең үлкен қала Мельбурн халқы қайтадан қатаң карантинге жабылды. АҚШ Флорида штатында да тұрғындар оқшалану ережесін сақтамағандықтан вирустың таралу қарқынын тежей алмай, адам шығыны азаймағандықтан, оқшаулану тәсіліне көшуді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар бетперде тағу­дың да өзектілігіне Дүниежүзілік Денсаулықсақтау ұйымы қатты мән беріп отыр. Маска тағу арқылы сіз өзіңізді өзгеден, өзгені өзіңізден қорғайсыз. Коронавирус ағзада екі-үш аптаға дейін білінбей жүре беруі де ықтимал болғандықтан сақтық шараларына мұқият болу артықтық етпейді. Дегенмен маска тағудың да өз ережесі бар: масканы тек екі шетіндегі құлаққа ілетін резиналарынан ғана ұстау қажет, маска мұрынды, ауызды, иекті жауып тұруға тиіс және масканы қолмен ұстауға болмайды. Қолмен ұстау арқылы сіз сақтанып емес, керісінше, қолдағы вирусты маскаға тигізіп, мұрын, ауыз арқылы ағзаға өтіп кетуіне жағдай жасауыңыз ықтимал. Қолдың гигиенасы да бей-жай қарайтын нәрсе емес: коронавирустың қабығы майлы, ауырып жүрген адам ұстаған нәрсенің бәрінде бірнеше сағаттан бірнеше тәулікке дейін сақталып қалады. Пластик пен темір заттарда үш күнге дейін жабысып тұратыны дәлелденген. Сол себепті дүкенге, дәрі­ханаға кез келген қоғамдық орынға барғанда не ұстасаңыз да қолды арнайы құрамында спирті бар дезинфекциялық сұйықтықтармен немесе дәріханалық спиртпен сүртіп жүріңіз. Ондай мүмкіндік болмаса үйге келіп қолды жиырма секунд сабындап жуғанша бетіңізге қолыңызды тигіз­беуге тырысыңыз. Дүкеннен, дәрі­ханадан сатып алынған кез-келген затты дезинфекциядан өткізу де шарт. Киім болса сабындап жуып барып киіңіз, тамақ өнімдерінің қораптарын спиртпен сүртіп немесе сабындап 20-30 секундтан соң жуып тастап залалсыздандыруға болады. Айта кетейін, алдын алу, сақтану тәсілдері және басқа да қажетті ақпараттың барлығы Қазақстан Үкіметі әзірлеген coronavirus2020.kz сайтында тұр.
Екінші бір өзекті мәселе короно­вирустың алдын алу және одан емделуге қатысты туындап отыр. Қауіпті вирустан емделудің нақты жолы әлі табылмады, бір анығы – оған иммуниеті мықты ағза ғана төтеп беріп, ауырған жағдайда жылдам жеңіп шыға алады. Вирустың алғашқы белгілері байқала бастағанда не істеу керек, үй жағдайында қалай емделу керек деген сауалға жуырда Қазақстанның Орталық коммуникация қызметінде берген брифингінде жоғары категориялы дәрігер, меди­цина ғылымдарының докторы Раушан Қарабаева жан-жақты мәлімет бер­ді. Оның айтуынша, симптомсыз және сырқаты асқынбаған аурулар С және D дәрумендерін қабылдап, көп сұйықтық ішіп, құрамында ақуы­зы бар тағамдарды тұтынып, иммунитетін көтерумен айналысқаны дұрыс. Ескерте кететін бір жайт, қан құрамында С дәрумені шамадан асып кетсе бүйректе тас жиналатынын ұмытпау керек. Дене қызуы көте­рілгенде парацетомол сияқты темпе­ратура түсіретін дәрілер ішу қажет. Егер температура 38 градустан асып, буындар қақсап, бас тоқтамай ауырғанда, жөтел басталып, әлсіздік пен кеуде тұсында ауырлық пайда болғанда міндетті түрде дәрігерге барып тексерілу керек. Өйткені мұндай белгілер вирустың өкпеге өтіп, пневмонияның басталғанын көрсетуі мүмкін. Дәрігер рентген немесе компьютерлік томография арқылы өкпеңіздің жағдайын анықтайды да тиісті ем шараларды береді. Өкпенің зақымданғаны анықталғанда ғана дәрігер вирусқа, бактерияға қарсы препараттар, антибиотиктер жазады. Антибиотик ішек пен асқазанды қаптап тұратын қажетті бактерияларды яғни, микрофлораларды жойып жібереді. Онан соң жеген тамақ пен ішкен дәрінің қорытылуы қиындап, қанға тиісті дәрумендер мен минералдар жетпегендіктен адам иммуниеті төмен­дейді. Антибиотикті тек дәрігердің нұсқауымен ғана қабылдаған дұрыс. Бүкіл әлемде дәрігерлердің тұмау белгісі байқала салысымен антибиотик ішуге асықпаңыздар деп дабыл қағып жатқаны сондықтан. Академик Төрегелді Шармановтың ұлы АҚШ тан бастап әлемнің түрлі елінде жұмыс істеген медицина профессоры Алмаз Шарманов та егер өкпе зақымданып, ауру асқынып кетпеген болса антибиотиксіз жеңуге тырысу керек деген пікірде. Ол «Қазақпарат» ақпарат порталына берген сұхбатында иммундық жүйе мен өкпені нығайту үшін таза ауа мен қымыздың пайдасы зор екенін айтты.
Сонымен қатар, қазір тыныс алу жаттығуларын жасау туралы кеңес берушілер көп. Мұндай жаттығулар пандемияға дейін де пневмониямен ауырғандарға реабелитация барысында тағайындалып келген. Бірақ сырқаты өршіп тұрған адамға оны жасау қауіпті деді «Астана медицина университеті». Жедел жәрдем және анестезиология, интенсивті терапия кафедрасының мең­ге­рушісі Нұрила Малтабарова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте. Дәрігердің мәліме­тінше өкпе қабынып тұрғанда оған салмақ түсіру өте қауіпті. Бірақ жеңіл және орташа ауырып жүргенде және аурудан жазылғаннан кейін өкпені нығайту үшін тыныс алу жат­тығуларының пайдалы екені рас. Ғаламторда кең таралған кез-келген жаттығуды орындай бермей, тек медициналық мамандар ұсынғандарын таңдаған абзал.
Пандемияның қанша уақытқа созы­латынын ғалымдар дөп басып айта алмай отыр. Бұл сырқатпен бір ауырған адамның қайта жұқтырмайтыны да әзірге нақты дәлелденген жоқ. Дамыған елдер медицина ғалымдарына қыруар ақша салып, коронавирустан емдейтін дәрі мен алдын алатын екпені табуға асықтырып жатқалы жарты жылдан асты. Екпе ең аз дегенде келесі жылдың ақпан айында дайын болуы мүмкін деп хабарлайды батыс басылымдары. Әзірге пандемиямен күрес бүкіл дүние жүзінде «қарусыз соғыс» сипатын алып отыр. Бірақ қорғаныс деген жақсы бір тактика бар екенін естен шығармайық. Ол - карантин ережелерін сақтап, талап­тарын орындау, көпшілік жер­ге бармау, жеке гигиенаны сақ­тап, өз денсаулығыңызды күту. Өз денсаулығыңыз өз қолыңызда. Өзгенің денсаулығы да сіздің қолыңызда болуы мүмкін. Вирустың кең таралып, өзіңізге, өзгелерге жұғуына жол бермеңіз!

Дархан ТҰРСЫНБАЕВ,
Жаңақорған ауданы әкімінің орынбасары

11 шілде 2020 ж. 470 0