№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Ұлы даланың ұлы қоныстары

Ұлы даланың ұлы қоныстары

Ұлы Дала елі адамзат өркендеуінде бағыт-бағдар көрсетіп, қайталанбас далалық мәдениет жасады. Өркениет дегеніміз – шаһарлар десек, қазақ сахарасында сәулеті жарасқан, дәулеті асқан қалалар көп болды. Олар елдіктің нышаны ретінде елорда қызметінде лайықты атқарды. Тарихқа көз жүгіртіп, сондай қоныстарды сөз етсек...

Қала мәдениеті, сауда-саттық барысы жайлы сөз еткенде Сығанақ қаласынан айналып өту мүмкін емес. Қыпшақ мемлекетінің бас қаласы, Ақорда мен Әбілқайыр хандығының саяси орталығы болған шаһардың маңызы қашанда биік болды. Сол үшін қазақ хандары Сығанаққа иелік етуге күш салды. Бұл мақсатына да қол жеткізіп, Ұлық Ұлыс (Алтынорда) заңды мұрагерлері екенін дәлелдеді.
Зерттеушілер тек Жошы ұлысы қарамағында 150-200 қала болғаны жайлы айтса, сол қалалардың ішінде ең сәулеттісі, ең іргелісі Сығанақ қаласы болғаны белгілі. Тарихшылар арасында Сығанақ қаласының қай уақытта астана болғаны жайлы нақты дерек жоқ. Дегенмен қазақ ханы Бұрындық Сығанақты алуға келгенде қаланың әкімі Қазы Садыр әл Ислам, тағы да басқа көрнекті адамдар ақылдасып, бұл қала бұрыннан Бұрындық ханның ата-бабаларының қолында болған, сондықтан қаланы оған берсек тыныштық болады деп, беріледі. Міне, осы кезден бастап Сығанақ қаласы қайтадан Қазақ хандығының астанасына біржолата айналады. Бұл дегеніміз, XV ғасырдың 80-ші жылдарына тура келеді.
Сығанақ қаласы туралы алғашқы дерек X ғасырдағы «Худуд әл-Әлемде» деген парсы шығармасында кездеседі. 982 жылы түзілген «Худуд ал-Алам мин ал-Машрик ила-л-Магриб» («Шығыстан батысқа дейінгі әлем шекаралары») атты авторы белгісіз еңбекте қала атауын ұшырасады. Тарихшы Зардыхан Қиянатұлының пікірінше, «Сығанақ» атауы түрікшеден аударғанда «қамал, қорған» деген мағына береді. Х ғасырда өмір сүрген араб географы әль-Мұкаддаси (Макдиси) Сығанақты Отырармен кіндігі бір егіз қала деп көрсеткен. XI ғасырда Махмұд Қашқари оны оғыздардың қаласы ретінде атайды. Мыңжылдықтардың куәсі болған шаһар Ұлы Дала елінің әлеуметтік-экономикалық орталығы болды. Онда өндіріс дамыды. Атап айтқанда, қолөнер бұйымдарын жасау, тоқыма өндірісі, ауылшаруашылық бұйымдарын жасау, тіпті, теңге соғылды.
Қазақ халқының мәртебелі қалаларының ішінде Ташкенттің орны ерекше. Бір кездері Төле би төрелік еткен қала ұлттың саяси орталығы болды. Дерек көздерінен 1630 жылы Ташкент Қазақ хандығының астанасы болғаны көруге болады. Шамамен жүз жылдай хандықтың орталығы қызметін атқарады.
Қазақ даласында қасиет қонған қаланың бірі – Түркістан. Расында Түркістан қаласы (Яссы) түркі тілдес халықтардың рухани және саяси орталығы ретінде белгілі. XVI ғасырдың аяғынан бастап XVII ғасырдың 30-ші жылдарына дейін Қазақ хандығының астанасы болды.
Сырдария өзенінің орта тұсы Қазақ хандығына кіргеннен кейін Яссы қаласы хандықтың резиденциясына айналып, ірі сауда мен қолөнер орталығы ретінде дамыды. Қазақ хандары жас мемлекеттің құрамында болған көшпелі тайпаларды нығайту үшін осы қаланың геосаяси мен рухани маңыздылығын түсінген еді.
Бүгінде Түркістан қаласындағы құнды тарихи жәдігердің бірі – Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қазақтың хан-сұлтандары мен би-батырларының жамбасы тиген жер. Қасиетті орында алыс-жақын шет елдерден адамдар арнайы келіп, зиярат етіп, қаланың тарихи маңызын насихаттауға үлес қосып келеді.
Ал Кеңестік билік орнаған тұста еркіндікке ұмтылған алаш зиялылары Семейді орталық етеді. 1917-1920 жылы Семей қаласы Алаш автономиясының астанасы болды. Ертіс маңындағы бекіністерді салу туралы Петр I Жарлығына сәйкес бой көтерген қала. Шығыстағы әскери-стратегиялық нысан ретіндегі қызметін атқарған Семей қаласы сауда орталығы қызметін атқарды. Сауда орталығы ретінде Ресей мен Қазақстанды, Ресей мен Орта Азияны және Батыс Қытайды байланыстырды.
Қазақстан тарихында елеулі орынды Орынбор қаласы алатыны анық. Кеңестік Қазақстанның тұңғыш астанасы қызметін атқарды. Қаланың негізі 1743 жылы қаланды. 1920 жылдың 26 тамызында Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитеті мен РКФСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Қырғыз (Қазақ) АССР-ін кұру туралы Декреті шықты. Орталығы Орынбор қаласы болып белгіленді. Бірақ 1925 жылы Қазақстан астанасы қалын қазақ қоныстанған Сырдария өзенінің бойындағы Ақмешіт қаласына көшті. Қызылорда (Қызыл астана) атауы Кеңестік жүйемен байланысты екені осыдан көруге болады.
ХХ ғасырда қазақ мемлекеттігі жаңа белеске көтерілді. Рухани-мәдени тұрғыда дамып, кино, театр өнері мен пошта қызметі қалыптасты. Газет өндірісі жолға қойылып, том-томдаған кітаптар шыға бастады. Осының бәрінде Ақмешіт қаласы үлкен рөл атқарды.
1929 жылдан 1997 жылға дейін Қазақстан астанасы болған Алматы қаласы қазақтың рухани-мәдени дамуында теңдесіз орны бар. Білім беру саласының жүйеленуі, жоғары мектептердің қалыптасуы және ағартушы ұстаздар мен қарымды қаламгерлерге жан-жақты жағдай жасап, ұлттың рухани өсуіне жол ашылды. 70 жылға таяу уақытта Алматы қаласы елдің саяси орталығы ғана емес, экономикалық драйверіне айналды.
Дегенмен Тәуелсіз Қазақстанның елдігін асырып, халықты біріктіріп, жаңа стимуль беретін жоба керек болды. Мұндай ұтымды шешім – Елорданы Алатаудан Есілге ауыстыру еді.
Сөйтіп, 1997 жылы 10 желтоқсанынан бастап елдің жаңа ордасы Астана қаласына көшірілді. Содан бері Есілдің бойында көтерген қалада сәулетті құрылыстар жүргізіліп, сәулетіне сәулет қосты. Бүгінде әлемдегі салтанатты қаланың біріне айналды.
Міне, Ұлы Дала елінің жылнамасына қарап, бас қалалардың шеруін осылай тарқатуға болады. Әрине, бұл – бергі тарих. Егер Ұлық Ұлыс кезеңін, одан ары түрік қағанаты дәуірін, ғұндар мен сақтардың уақытын тереңінен зерттеп, елордаларын саралайтын болсақ, Еуразия даласының әр қиырында өркениет орталықтарының болғанын білуге болады.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
04 шілде 2020 ж. 589 0