№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

№31 (8742) 20

20 сәуір 2024 ж.

№30 (8741) 16

16 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ГРЫЖАНЫ ЕМДЕУДІҢ ЖОЛЫ БАР МА?

ГРЫЖАНЫ ЕМДЕУДІҢ ЖОЛЫ БАР МА?

Бүгінде бел омыртқасы (грыжа) адамдарды жиі мазалайтын ауру түріне айналды, тіпті жасарып барады. Еңбекке қабілетті үш адамның бірінде омыртқа аурулары кездеседі. Мұның себебі не, одан құтылудың жолы бар ма? Бұл сұрақтардың жауабын мамандардан сұрадық.
Алдымен аудандық емхананың дәрігер-невропатологы Дана Зұлпыхардың пікірін білдік.
– Өкінішке орай, Жаңақорған ауданында екінің бірін остеохондроз мазалайды. Оған экологияның әсері бар. Кальций, омыртқадағы шеміршектің құрамындағы минералды заттар жетіспеуі де ықпал етеді. Емделушілердің көбі ауруды асқындап барып келеді. Тірек-қимыл жүйесінің зақымдануынан жүруден де қалуы мүмкін. Яғни, бел ауырады,  ауыр нәрсе көтере алмайсыз, көп уақыт тұра алмайсыз, бір орында тік отыра алмайсыз, ұзақ жүре алмайсыз, аяқ ұйып қалады, – дейді дәрігер.
Негізі мойын, кеуде бел, сегізкөз, құйымшақ омыртқасы болып бөлінеді. Дәрігердің сөзінше, грыжа остеохондроздың асқынған түрі. Остеохондроздың негізінде омыртқаның шеміршектері жыртылып, өз шекарасынан шығып кетеді. Соның салдарынан омыртқа аралық дискіде жарық пайда болады, бұл – нерв жүйелеріне әсер етеді.
Енді тірек-қимыл аппаратының ауруы неден, қалай пайда болады? Соған тоқталсақ...
Дана Өмірбекқызының сөзінше, көп жағдайда суықтаудан, ауыр жұмыс істегеннен пайда болады, сондай-ақ, күн ұзақ бір орында отырып жұмыс жасаудың әсері бар. Спортпен шұғылданбау да әсер етеді. 
– Омыртқа арасындағы шеміршектер серіппе қызметін атқарады. Оған ұзақ уақыт артық салмақ түскендіктен функциясын атқаруы қиындайды. Соның салдарынан жарықшалар пайда болуы мүмкін. Мұны дер кезінде емдемесе, асқына береді, – дейді дәрігер-невропатолог.
Грыжаның бастапқы сатысында белдің айналасындағы ауырсынудың пайда болып,  аурудың аяққа берілуі, аяқ ұйып, шымырлауы мүмкін. Дер кезінде емделмесе созылмалы ауруға айналып, жүріп-тұруды қиындатады.
Емделу жолы қандай? Осыған мән берсек. Емделудің жолын Дана Зұлпыхар былай түсіндірді: «Грыжа енді пайда болған кезде массаж жасатып, асқындырып алатындар бар. Сондықтан дәрігерге тексеріліп, қойылған диагноз бойынша ем қабылдаған дұрыс».
Бұл дегеніміз, халық емшілері мен тәуіптердің көмегіне жүгінуге болмайды. Себебі олар дертіңізге дерт жамап беруі әбден мүмкін. Бұл ойды емші Амидулла Дәулетов қолдамайды.
–  Мен басқа тәуіптер сияқты оянып кеткенде маған емшілік қонған деп аспаннан түсуден аулақпын. Менің ұстанатыным жетістіктің 1 проценті талант, 99 проценті  еңбек. Дәрігер болмасаң да, кісі емдеп жатқаннан кейін ең болмаса омыртқаның құрылысын білу керек. Шығыс медицинасын зерттедім, қазіргі нейрохирургияны оқыдым. Екеуін зерттей жүріп бір-біріне ұқсас екенін байқадым. Қазіргі емдеу әдісім екі медицинаны үйлестіруден пайда болды. Грыжаны емдеудің ең оңай, төте әдісі жарық пайда болған омыртқаны қайта орнына түсіру. Маған емделушілердің басым көпшілігі еліміздің батыс өңірінен келеді. Жазылып, алғысын айтып кетіп жатқандар жетерлік. Мен ешқандай емделушіге 100 процент кепілдік бермеймін.  Жарықтың көлеміне қарай  емнің бір курсы 7,9 асқынған жағдайларда 11 күнге созылады. Егер қажеттілік болса, араға кемінде 20 күн салып курсты қайталаймын.
Көп адам омыртқа обырын емдегенде массажистерге жүгініп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс. Мұны массажист Мақпал Маратқызы түсіндіріп берді.
– Массажды  бастапқы сатысында, протрузия кезінде МРТ нәтижесімен жасаймын. Грыжаның қай түрі, қай деңгейде екенін білу өте маңызды, себебі аурудың асқынған сатысында массаж жасау арқылы өзге ағзаларды  зақымдап алу қаупі басым, – дейді Мақпал Қазбек.
Омыртқа ауруы екі  жылдан бері мазалайтын 54 жастағы Абылай Жұмашев аталған аурудан жеке клиникаларда алты ай сайын массаж жасату, алтын ине салдыру, түрлі гимнастикалық жаттығулар жасау арқылы тәуір болғанын айтады. «Грыжадан біржолата жазылдым деп босаңсуға болмайды, күнделікті жаттығу, дұрыс тамақтануды бір күнге де ұмыт қалдырмаймын», – дейді Абылай Ғарифоллаұлы.
Дерек көздерінде, грыжадан емделудің түрлі тәсілдерін табуға болады. Соның бірі – өзіндік ерекшелігі бар «Айкөне» гимнастикасын жасау. Сыртқы күштің әсерінсіз адамның өзі омыртқаны керу арқылы айналасындағы бұлшық еттерге күш түсіріп, қан айналымын қалпына келтіре отырып тәнді сауықтыру әдісі. Түрлі емдік өсімдіктер қайнатпасының фитобөшкедегі буына булау  да грыжаны емдеудің қазіргі тәсілдерінің кең тараған түрі. Тағы бір әдісі – мануалды терапиямен омыртқаны қолмен жайлап бұрап босатып, қысылып тұрған шеміршекті орнына түсіру.
P.S.: Омыртқа обыры жайлы зерттеу барысында аурудың белең алғанын және жасарып бара жатқанын білдік. Одан құтылудың бірден-бір жолы – салауатты өмір салтын ұстану. Яғни дене қозғалысын қалыпты ұстау маңызды. Осыны ескерген жөн...
Аружан БАҚЫТҚЫЗЫ
25 маусым 2020 ж. 1 241 0