№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ШІЛДЕНІҢ АПТАБЫНАН АМАНСЫЗ БА?

ШІЛДЕНІҢ АПТАБЫНАН АМАНСЫЗ БА?


Шілденің шіліңгір аптабы денсаулығы діңкәс жандарды былай қойғанда аяқ-қолы балғадай, сау-саламат, атпалдай азаматтардың өзіне ауыр тиіп, біраз сансыратып тастағаны рас. Ауа-райының қалыптан тыс қысымы денсаулығында кінәраты барларды қиын жағдайға душар етіп, тіпті өмірден озғандар да бар.

Мамандардың сөзінше, Қазақстандағы ыстықтың негізгі себебінің тіркелуіне Ираннан соққан ыстық желдің әсерінен болған. Соған орай 2019 жылдың 10-23 шілде аралығында еліміздің Төтенше жағдайлар қызметі тарапынан Қазгидромет РМК филиалының дауылды ескертулері хабарлама түрінде жүйелі түрде ұялы телефонымызға келіп түсіп жатты. Бірақ табиғаттың тосын қаупін ескеріп, сақтану амалдарына ден қоюда құлықсыздық танытып келеміз. Соның салдарынан осы айдың өзінде ауданда 7 суға кету фактісі тіркелді. Оның үшеуі мектеп жасындағы балалар. Аномальды ыстық ауа райы жүрек қан тамырымен ауыратын адамдарды да біраз әбігерге салды. Олардың біразы ауруханаға түсіп жатса, енді кейбірі күннен қорғану тәсілдерін барынша пайдаланды.Осы орайда Жаңақорған аудандық жедел жәрдем бөлімінің меңгерушісі Әлібек Жиенбаевпен тілдескенімізде:
– Бірінші шілде мен жиырма бесінші шілде аралығында жалпы жедел жәрдемге түскен шақырыс саны 776. Соның ішінде үлкен кісілер тарапынан 512 болса, балалардан түскен шақырылым – 264-ке жетті. Бұл былтырғы осы аймен салыстырғанда екі есеге жоғары. Ауруханаға жатқан тұрғындар саны 142 адам болса, оның 88-і ересектер, балалар саны – 54. Көбінесе жасы үлкендер артериальдық қан қысымының жоғарылап кетуі мен жүрек талмасы әсерінен, ал балалар жедел ішек инфекциясы мен тамақтан улану және жәндіктер шағу фактісімен тіркелді, – дейді білікті маман.
Осындай тіркелген факторларға аудандық жедел жәрдем бөлімінің үш бригадасы,соның ішінде бір дәрігерлік бригада мен 2 фельдшерлік бригада қызмет көрсетіпті. Айта кететіні, алғашқы көмек көрсетудегі шақырылым кезінде үш суға кету жағдайы орын алса, оның екеуі жасөспірім болды.
Маманның сөзінше, аптап ыстықтан қорғануда далада күннің астында ұзақ жүрмеу керек. Әсіресе түскі 11.00 мен кешкі 17.00 арасында жүруден сақ болыңыз. Егер осы уақыт аралығында жүре қалған болсаңыз теріңізді жеңі мен балағы ұзын киімдермен қорғаған жөн. Киімнің барынша ашық түсті болуы шарт. Көзілдірік пен қолшатыр пайдаланып, көп мөлшерде сұйықтық ішуді де ұмытпау керектігін айтты.
Ауа райын болжаушылардың сөзіне сенсек, мұндай аптапты күндер әлі де қайталануы мүмкін. Жергілікті жердің жағдайында аптап ыстықтан қорғанудың табиғи амал-тәсілдері жетерлік. Тал-теректің көлеңкесі қою үй иелерінің көп қинала қоймайтыны, самалды ауада тыныстап, жан сақтап жүргенін көріп жүрміз. Аптапта сая, боранда пана болатын жасыл желекті көптеп отырғызып, күтімге алудың жақсылығы осындайда алдымыздан шығады.
Үнемі синоптиктердің ескертпесін қаперге алып, ұзақ сапарға шығуды кейінге қалдырып, өз жағдайыңызға мұқият болғаныңыз дұрыс. Сол сияқты күннің ыстығынан дегбірді кетіріп, қауіп қылып, қатерді шақыра бергеннен гөрі тәуекел етіп, тіпті бұдан мың есе артық тозақ отын еске бір алып, шүкіршілік етіп, сақтану ережелерін еселей түскеннің абзал.

Лаура БИБАСАРОВА
31 шілде 2019 ж. 811 0