» » Әлеуметтік желі – табыс көзі

Әлеуметтік желі – табыс көзі

   Смартфон адамның ажырамас бөлшегіне айналды. Қалай дейсіз бе? Смартфон ақпарат алмасудың, ақпарат алудың тетігіне айналды. Бәрінен бұрын, бизнесті жүргізудің тиімді құралы болды. Айгерім Палмаханбет өзгелер сынды телефонды ойын-сауық құралы ретінде емес, табыс табудың жолына айналдырды. 


Ол үш баланың анасы, аяулы жар, сүйікті келін. Әр нәрсені білуге құштарлығы оны инстаграм арқылы табыс табуға жетеледі. Фуд-блогерлікті қолға алғалы жылға жетпесе де әр-түрлі курстарға қатысып, үйде құр отырмай қаражатты табуға болатынын дәлелдеді.
Онымен тілдесу барысында ашық-жарқын екеніне көзіміз жетті. Кейіпкеріміз медицина саласының қызметкері екен. Кенттегі «Асылзат дарын» балабақшасында жұмыс істейді.
– Маған балалармен жұмыс жасаған ұнайды. Әрбір балаға жеке тұлға деп қараған дұрыс деп ойлаймын. Тәй-тәйлап келген бүлдіршіннің ертеңі бүгіннен екенін ескерсек, оған бағыт беруіміз керек. Дұрыс тамақтану мен денінің саулығы тығыз байланысты, сондықтан әрдайым күн тәртібін қатаң сақтауға тиіспіз, – дейді ол.
Үйдегі екінші анасы Розаның қолдауымен инстаграмдағы парақшасын бизнеске айналдырған Айкерімнің бүгінде 26 мыңнан аса оқырманы бар. Біз блогерге бірнеше сауал қойғанды жөн көрдік.
– Айкерім, аз уақыттың ішінде көп оқырман тартыпсыз? Соның сырымен бөліссеңіз...
– 2019 жылдың қараша айынан бастап инстаграмнан акаунт ашып, қыз-келіншектер қызығатын посттар жариялай бастадым. Әрбір ас үй ханшайымы өз отбасын тәтті тағамдармен қуантқысы келеді. Осыны ескеріп әрі қолжетімді рецептермен бөлісуді жөн көрдім. Солай оқырмандарымның қолдауына ие болдым.
– Инстаграм арқылы бір айда қанша табыс табуға болады?
– Мен айына 100 мыңнан аса табыс табуға болатынына көз жеткіздім. Құр отырмай, игілігіңе икемдесең пайдасы көл-көсір. Тек талмай еңбектеніп, күн сайын ақпаратты, ақыл-кеңестерді жаңартып отыру керек. 
– Дұрыс контент жасау керек қой сонда?
– Дұрыс айтасыз. Акаунтыңызды алға жылжытқыңыз келсе контенттің сапасына мән беруіңіз керек. Олар бір қарағанда көз тартарлықтай үйлесімді болуы шарт. Әсіресе видео түсіргенде маңыздысы осы.
– Жарнама жасау арқылы да пайда табуға болатынын естіп жүрміз. Сіз де жарнама ақысы қандай?
– Иә, жарнама жасау да пайданың бір көзі. Оқырманыңа қарай бағасын да қоя аласың. Мысалы, менде 2-5 мың теңге аралығында.
Аудиторияңызға басқа не бере аласыз?
– Оқырмандарыма видео түсірудің тиімді тәсілдерін үйрете аламын. Тегін марафондар, ақылы курстар өткіземін. Кейде оқырмандарымның ішіндегі белсенділеріне сыйға беріп, қызықтырамын.
– Ісің оң болсын!  
Кейіпкеріміз жоғарыда айтып өткендей, әрдайым махаббатпен жасалған тағамдарының құрамымен қанықтырып, оқырман тартуда. Тағамның жасалу үдерісін видеоға түсірумен, сондай-ақ, қыз-келіншектерге пайдалы ақпараттармен бөлісіп жүр. Оқырмандармен байланысудың, оларды өзіңе тартудың негізгі жолы – шынайы болу екенін алға тартады сұхбаттасым.
Бүгінгінің басты қағидасы үйде қарап отырмай біліміңді арттырып, өзіңе де өзгеге де пайдалы болу. Бұл әрине оңай шаруа емес. Әрдайым қабілет-қарымыңды ұштай отырып жетістікке жетуге болады. Ол үшін ерінбеу керек, еңбектену керек.
Бүгінде әлем бойынша интернетті пайдаланушылар саны 4,5 миллиард болса, әлеуметтік желіні пайдаланушылар саны 2,8 миллиардты құрайды екен. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 2,9 миллиард болады деген болжам бар. Ал 2021 жылы бұл көрсеткіш  3 миллиардқа артады деген болжам бар. Яғни интернет көкжиегі арта түседі деген сөз.
Заманына қарай амалы. Әркім өзіне икемді кәсіп түрін игеріп, пайда табуға болатынын уақыттың өзі саралап беріп отыр. Еңбегіне, ізденісіне қарай табысы артады. Айгерім Палмаханбеттің осы бағыттағы тірлігі көптеген қыз-келіншектерге үлгі болатыны анық.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
14 маусым 2020 ж. 720 0