№34 (8745) 30

30 сәуір 2024 ж.

№33 (8744) 27

27 сәуір 2024 ж.

№32 (8743) 23

23 сәуір 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » 53-і «Үздік аттестатты» қолына алды

53-і «Үздік аттестатты» қолына алды

2020 жылдың 3-4 маусымында мектеп түлектері аттестат алды. Жаңақорған ауданы бойынша 11 сыныпты 806 талапкер бітіріп, аттестатқа ие болды. Оның 61-і «Алтын белгіні», 53-і «Үздік аттестатты» қолына алды. Біз бірнеше мектептің аттестат алу рәсіміне қатысып, талапкерлердің қуанышына ортақтасып қайттық.
Алдымен М.Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйіне бардық. Мәдениет үйі ерекше күйге енген, сахна әсемдігі көз тартса, түлек­тердің қимастық сезімі кешке ерекше әр беретіндей.
Биылғы соңғы қоңыраудың бас­ты ерекшелігі – қырық минуттық кеште алғаусыз ақ тілегін ақтарып, алғысын жеткізіп, қимастық сезі­мін көрсете білуі тиіс. Әрине уақытты тиімді пайдаланса, ойдағы жоспарды іске асыруға болады. Сон­дықтан талапкерлер әрбір ми­нут-секундті тиімді пайдалану үшін барын салды. Әуелетіп ән сал­ды, жүректен шыққан өлеңдерін тебірене оқыды...
Салтанатты кешті ашқан №3 мектеп-интернатының директоры Ләззат Нәлібаева мектептің білім саласындағы жетістіктерін саралай келе:
– «Ұстазды алтын діңгекке теңер едім» деп ұлы педагог Ы.Алтынсарин айтқандай, ұстаз жолы жауапкершілікті қажет ететін, мін­деті ауыр, мақсаты айқын сала. Бала – өмірдің шырағы, оны жаға білу ата-ана мен ұстаз арасындағы байланыстан туады десек те болады. Биылғы жылы мектепті 29 оқушы бітіріп, оның 8-і «Алтын белгіге» лайық деп табылды. Атап айтар болсақ, Рамаш Еркежан, Нартай Балнұр, Көзжан Райымбек, Әшірбай Дана, Манап Нұрасыл, Өмірбек Досымжан, Мақаш Айсұлу, Бектас Бекзатхан білімімен ерекшеленді. Бітіруші түлектердің барлығы ҰБТ-ға қатысады. Ал Тасыбай Славакияның Тренчин қала­сындағы Александр Дубчек атындағы университетінің гранты бойынша білім алады, – деді.
Мұнымен мектеп жетістігі біткен жоқ. Аудандық, облыстық пәндік олимпиадаға қатысып, білімпаздар бәсекесінде өзінің білімін дәлелдеген оқушыларға «Үздік оқушы 2020» номинациясы тапсырылды. Олжабай Шәкизатқа «Тәуелсіз елім, нар елім» атты патриоттық әндер байқауында ІІ-орын, «ХХІ ғасыр көшбасшысы» танымдық сайысында ІІ-орын, тіл мерекесіне орай ұйымдастырылған «Жас ақындар мүшәйрасында» І-орынды иемденгені үшін берілсе, Абсаттар Айда «Жарқын болашақ» олимпиадасының жеңімпазы, «Абай жаққан бір сәуле сөнбеу үшін» байқауының жеңімпазы, Жар­қынбек Қарлығаш ағылшын тілі пәні бойынша облыстық олимпиада жеңімпазы, Әшірбай Дана облыстық суретшілер байқауында бас жүлдені иемденгені үшін үздіктер қатарынан көрінді.
Сонымен қатар Әсілзат Айғаным химия пәнінің үздігі болса, Тасыбай Азамат қоғамдық жұмыстарға бел­сенді қатысып, өзінің азаматтық көзқарасымен танылды, Мәмедәлі Дәулетхан робототехниканың қыр-сырын меңгерген, облыстық сайыс­тың жеңімпазы, Бектас Бекзатхан болса, республикалық пәндік олим­пиададан география пәні бойын­ша ІІ-орын, информатика пәні бойынша І-орын, аудандық «Мер­ген 2019» байқауынан І-орын, облыстық «Зерде» ғылы­ми жобасында ІІ-орын, шах­маттан облыстық жарыста ІІІ-орын, математика пәні бойынша облыстық олимпиададан және рес­публикалық жазба ақындар сайы­сында дараланды.
Манап Нұрасыл мен Көзжан Райымбек математикадан облыстық, рес­публикалық халықаралық олим­­пиаданың жүлдегері атанса, Қайнар Мәрлен қазақ тілі мен әде­биеті пәні бойынша облыстық олимпиададан ІІІ-орын, Қ.Бітібаева атындағы республикалық олим­пиаданың жүлделі орнын, Болашақ энергиясы «Күн және жел» атты облыстық олимпиадасының І-орын, биология пәні бойынша облыстық олимпиададан Рамаш Еркежан ІІІ-орын иегері. Шәзінда Айдос спорттық сайыстардың жүл­дегері. Нұртай Балнұр облыстық олимпиаданың география, физика пәндері бойынша ІІ-орын жүлдегері екенін білдік. Осындай жетістіктерді саралағанда оқу ісінің меңгерушісі, шебер педагог Гүлнар Әлібекованың есімі айрықша.
Мектептің жыл сайынғы дәстүрі бойынша мектептің үздік оқушылары Сапарбаев Әділет пен Жұмабай Самалға білімнің кілті табысталып, олар өз кезегінде білім жолында талмай ізденіп, мектеп абыройын әрдайым биік ұстауға ант етті.
11 сынып оқушылары Манап Нұрасыл, Көзжан Гүлназ және 1 сынып оқушылары Жанайдар Мейіржан, Нұрболатқызы Іңкәр соңғы қоңырау соқты.
Шара барысында мектеп түлегі Бектас Бекзатханның анасы Алуа Әсенова сөз алып, алғаусыз алғысын жеткізіп, түлектерге білім жолында биіктерді бағындыруына тілектестігін білдірді.
***
Дәл осы күні ауданның барлық білім ордаларында бітіруші түлектерге аттестат тапсырылып, санитарлық режимге сай соңғы қоңырау салтанаты өтті.
Жаңақорған кентіндегі №110 мектеп-лицейін 44 оқушы бітіріп, оның 3-і «Алтын белгі», 3-і «Үздік аттестат» алса, Үйсінбай Жансая Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік уни­верситеті ұйымдастырған олимпиада бойынша грантын жеңіп алды. №163 мектепті 81 оқушы бітіріп, 4-і «Алтын белгі», 6-ы «Үздік аттестатқа» бітірді. Сондай-ақ Құттықожа ауылындағы №164 мектепті 24 оқушы бітіріп, оның 2-і «Үздік аттестат» алды. Жайылма ауылындағы №196 мектепті және Манап ауылындағы №160 мектепті 13 оқушы бітірді.
Ауданның бас ұстазы Болат Ибрагимовты 2019-2020 оқу жылы аяқталуымен құттықтап, хабар­ласқанымызда:
– Өркениет өлшемі – білім мен ғылымда. Кез келген елдің эко­номикалық дамуы, рухани күш-қуаты адами капиталмен айқындалады. Бұл ойды Ұлттық кеңестің үшінші отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қуаттап, білім беру саласына басымдық берді. Расында білім беру саласы – болашақтың даму кепілі. Сондықтан білім беру саласының мамандары мен ұстаздар қауымы жауапкершілікті түсініп, сапалы қызмет атқаруы тиіс. Кейінгі жылдары білім саласын қаржылай қолдау артып, мектептердің мате­риалдық-техникалық базасын жақ­сартуға мән бердік. IT сынып ашып, робототехника үйірмелері ұйымдастырылуда. Мектептер интернетпен қамтамасыз етіліп, компьютер және интерактивті тақта қамтамасыз ету жолға қойылды. Ұстаздардың біліктілігін арттыруға ерекше мән берілуде. Ең бастысы, биылғы оқу жылында мектепішілік әжетханалардың мәселесін шештік. Мұның бәрі оқушылардың сапалы білім алуында жан-жақты жағдай жасайтыны анық, – деді.
Мектеп түлектерінің жанарынан үлкен өмірге нық сеніммен аяқ басқанын қапысыз таныдық. Биыл мейрамхана банкет жасалмайды. Соңғы мектеп вальсі де биленбейді. Бұл ата-ананы артық шығындатпайды. Бұл дегеніміз, мектеп бітіруші түлектердің жадында ерекше сақталатыны анық.

Әйгерім МЫРЗАХМЕТОВА
06 маусым 2020 ж. 589 0