№24 (8735) 23

23 наурыз 2024 ж.

№23 (8734) 19

19 наурыз 2024 ж.

№22 (8733) 16

16 наурыз 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031
» » Бар қызығымыз бала деген халықпыз

Бар қызығымыз бала деген халықпыз

Мемлекетімізде бала құқы мен мәртебесін қорғауға мейлінше баса назар аударылып келеді.Қазақстанның БҰҰ–ның «Бала құқығы туралы Конвенциясын» ратификациялағанына 26 жыл толады. Яғни, әр баланың денсаулығы мен білім алуына, жан – жақты, өмірге икемді тұлға ретінде қалыптасуына барынша мүмкіндіктер жасалып келеді.
Отбасын басты құндылық ретінде санайтын халқымыз үшін ұрпақ тәрбиесінде халықтық педагогика өзіндік ұлағатымен қастерлі.


Халықтық тәрбиенің уызына жарып өскен ұланның ұяты мол, әдебі зор, пікірі кесімді, салмақты шешімді, оңы мен солы бар, бағдарлы жолы бар жеке бір тұлға ретінде өміріңді жалғарына қарап дана бабалар ұлағатының ұлылығына еріксіз бас иесің.
Бауыржан Момышұлының кітабы - «Ұшқан ұя» қихаятын оқи отырып, ата мен әже тәрбиесінің ерекше құдыретіне көз жеткізген әркім асыл текті батыр болмысының кілті – қауырсын қанаты қатайып шыққан алтын ұяда екенін жан жүрегімен түйсінер еді.
Бізді ойландыратын мәселе, осынша тұнық тәрбие мен тағылымның даналық діңгегі болып келген – қарашаңырақтың дәстүрлі қағидасынан біз қалай ажырап қалдық?
Бабалар үрдісіне көңіл қояр болсақ, алғашқы немерені бауырға басып, өздеріне теліп өсіретін ата – ана мақсатының астарында алдымен тас өзегін жарып шыққан өз перзентінен қол үзгісі келмей, «бірге тумақ болса да бірге жүрмек жоқ» өмір заңына өзінше амал қып, іштен шыққаннан іргесі бөлінсе де мүддесі бөлінбей пейіл біріктірген ұлы тілек жатыр.
Ал немерелер – екі мемлекеттің арасында елшілікте жүрер мәмілегерлер сынды жарасым мен татулықтың тетігі. Енді осы бір тылсым заңдылықтың тереңіне үңіліп, ой тарқатып көрейік.
Алғаш екеуін жұп етіп жаратып, жер бетіне ұрпақ өрбітуге жібер­ген Адамәлейассалам мен Хауа анамызда ата – ана бол­маған. Олар бар мейірін өз перзенттеріне төгіп, солар­дың жолында құрбан пейілде өмірден өтті. Міне, арғы атасындағы осынау қасиеттен құнар алған адам баласы атаулының ата-анадан гөрі бауыр еті баласына артықша мейірлі ықыласының сыры осында, сондықтан оны жазғыруға да болмайды екен. Олай болса өз баласымен қалтқысыз қарым- қатынасын үзгісі келмеген оның баласына жанының бір бөлшегін үзіп берердей мейірбандықта болсын. Өмір заңы осындай.Өз баласына да, одан туған балаға да суық болып, мейірлене алмаған қартайғанда мейір көре алмаса кімді жазғырады? Бұл туралы хадисте «Мейір көрсетпегенге мейірім жоқ» делінген.
Басқа халықтардағыдай сынды кәмелетке толған баласын енді ары қарай өз күніңді өзің көр деп қоя беріп, жан тыныштығын артық көрер бейқамдық біздің қанымызда жоқ.
Бар қызығымыз бала деген халықпыз. Сондықтан болар, бала түгілі немересінің қабағын бағып өмір бойы солардың жағасы қисаймаса екен деумен жар құлағы жастыққа тимейтін ата-анамыздың жай – күйі де жанымыздың бір түкпірінде тұруы тиіс. Осындай салиқалы дәстүр салтанат құрған қасиетті мекенімізде қарттар үйінің болуының өзі қасірет.
Ана мен перзент арасындағы құдыретті сезімнің тереңдігіне мына бір тәмсілді келтіре кетейік. Бірде екі кісі қазыға жүгінуге келеді.Біріншісі айтады: «Бием жоғалып, таппай жүр едім, мына адам ұрлап кетіп, сатқалы тұрған жерінен қолға тісті.Биемді қайтарсын». Екіншісі айтады: «Бұл өтірік айтып тұр. Бие өзімдікі».Қайсысыныкі дұрыс?Дәлелдеріңді айтыңдар дейді қазы.
«Менің дәлелім, – дейді біріншісі, бием құлындаған кезінде баласы құздан құлап кетіп сондай бір шыңғырған еді, оның жүрегінде тесік бар, сойып көрейік, егер шынымен солай болса бие сөзсіз менікі». Биені сойған кезінде оның жүрегінде тесік бар екендігі дәлелденіп, иесіне шығынын қайтаруға би үкім етіпті. Міне, жануар екеш жануар да баласы үшін қайғы жеп құсалыққа түссе бауыр еті баласы дегенде ақыл иесі – адам жаны қайтіп жай тапсын?
Иә, «Бір қозы туса, бір тал шөп артық шығады» деп несібеден күдер үзбейтін, өмір қызығын тек сәбидің сыңғыр күлкісінен іздейтін қазағым пейілінен танбасын. Әр үйде нәрестелер күлкісі кемімей, ұрпағымызбен гүлдеп, көркейе берейік!

Баян ҮСЕЙІНОВА
02 маусым 2020 ж. 484 0