» » Есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін жазаға тартылды

Есірткі затын заңсыз сақтағаны үшін жазаға тартылды


Жаңақорған аудандық сотында сотталушы К-ға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен қылмыстық терiс қылық туралы ісі бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қаралды.
Сот отырысында анықталғандай, сотталушы К. 2020 жылдың 6 сәуірінде өз үйінің ауласында орналасқан ошақ қорасындағы бөшке ішінде полиэтилен пакетке оралған ерекше иісі бар жасыл түсті шөпті және тұрғын үйінің ас бөлмесінде ағаш шкафының тартпасында сіріңке қорабына салынған ерекше иісі бар сары-қоңыр түсті шөп- есірткі құралы кептірілген марихуананы өткізу мақсатынсыз заңсыз сақтаған.
Сотталушының қылмыстық теріс қылық іс-әрекеті өзінің толық мойындауымен қатар, оқиға орнын қарап тексеру хаттамасымен, сараптама қорытындысымен, полиция қызметкерлерінің баянаттарымен және басқа да құжаттармен өз дәлелін тапқан.
Сот үкімімен сотталушы К. Қазақстан Республикасы ҚК-нің 296-бабының 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 15 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 39765 теңге айыппұл салынды.

Жаңақорған аудандық сотының баспасөз қызметі
06 мамыр 2020 ж. 620 0