№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жаңақорғанның медицина қызметкерлері жасасын!

Жаңақорғанның медицина қызметкерлері жасасын!

Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса дәрігердің алдына баратынымыз рас. Дертке дауа іздеп барған науқасқа жылы сөзін айтып, көңіліне шуақ құйып, емдеу ісіне кірісетін дәрігерлердің еңбегіне қашанда мұқтажбыз. Мұндай оқиғалар жиі кездеседі. Соған талай рет куә болғаным бар.
Естеріңізде болар, 2018 жылдың 21 қазанында сағат 01.48-де аудан­­дық аурухананың жұқпалы ауру­лар бөлімшесіне ауыр науқас түседі. Дәрігерлер Қырым Конго геморрагиялық қызбасының белгіле­рін анықтап, арнайы ем-домын тағайын­дайды. Жалпы бұдан тірі қалатын адам некен-саяқ. Алғашқы 10 күні науқас ес-түссіз комада жатады. Терісі және көрінетін кілегей қабаттарының түсі бозғылт тартып, дененің қолтық арты, жамбас, сан, аяқ бастарында геморрагиялық бөртулер пайда болады. Аяқ-қолдары салқындап, күніне асқазан, тікішек, ауыз қуысынан, қызыл иектен 2-3 литр қан кетеді.
Науқасты емдеуге инфекционист Әсел Сейілова шұғыл кіріседі. Реаниматолог Нұрлан Сопбеков, Денис Абсадыков, Нұрлан Оразбеков, Арман Жайпанов, невролог Темір Жапар, хирург Құрманбек Шакенов, Бауыржан Абдусаметов, УЗИ дәрігері Айдос Шерниязов, рентген дәрігері Мұқан Ғалымжан инфекциядан қорғайтын арнайы киімдерін киіп, емдеуге белсенді араласады. Облыс орталығынан келген дәрігер-инфекционист Болат Асанбаев жағдайды жіте бақылап, бағыт-бағдар берсе, ауданның бас дәрігері Яхия Шорабаев пен бас дәрігердің орынбасары Зауреш Тлепбаева емдеу шараларын дұрыс ұйымдастыруға дем береді. Әсіресе лаборант Үміт Байзақова, аға мейірбеке Хашия Абсаттарова, мейірбеке Қаракөз Әшім, Гүлсара Жантілесова, Меруерт Қадырбекова, Нұрсезім Тұрсынбекова, Айна Сатаеваның, санитар-тазалаушы Меруерт Шайыхова, Марал Сейсенова, Бибігул Момыханова, Бақтыгул Шайкова ерен еңбек сіңірді.
Не керек, дәрігерлердің күндіз-түнгі еңбегі қайтып, ағайын-туыстың тілеуі орындалып, науқас ауруын жеңеді. Ақ қалатты абзал жандардың еңбегін дәріптеп, сүйіншілеп, үсті-үстіне мақала жазған едік.
Мұны неге айтып отырмын? Біздің дәрігерлер талай рет сын-қатерге бетпе-бет келіп, қауіпті ауру түрлерін жеңе білді. Олардың болмыс-бітімінде ауруды жеңуге деген жігері қалыптасқан, білім-білігі жоғары мамандар. Бірақ бұл жолғы жағдай тіпті ауыр. Қауіпті вирусты 16 адам жұқтырды. Әлі де саны артуы ықтимал. Өйткені бақылауда 78 адам бар. Енді адам жанының арашасы – ақ халаттыларға деген құрмет жоғарылай түсетіні анық. Өйткені дәрігердің жылы сөзінен бойға қуат алып, аялы алақанынан дертке шипа табамыз.
Дәл қазір оңай емес. Әсіресе медицина қызметкерлеріне түсетін жауапкершілік жүгі жеңіл емес. Өзінің өміріне қауіп келетінін біле тұра науқастың аяққа тұруы үшін күш-жігерін, білім-білігін салады. Мұндай қауіпті жұмысқа екінің бірі бара алмайтыны да анық. Яғни бүгінгі дәрігердің еңбегін ерлікпен пара-пар деуге болады.
Осыны ескерген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев медицина қыз­меткерлеріне көмек көрсету туралы тапсырма берді. Енді бұл реанимация бөлімдерімен қоса алғанда жұқпалы аурулар стационарларының дәрігер­лері, орта және кіші медицина қызметкерлері жалақысына үстемеақы айына 850 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніңіз, орташа айлығына қосқанда айына шашамен бір миллион теңгенің үстінде алады. Екінші топ, провизорлық стационарлар мен жедел жәрдемнің қызметкерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері үстемеақы айына 425 мың теңгені құрайды. Яғни, орташа айлығын қосқанда олар шамамен 650 мың теңге алады. Үшінші топ, карантиндік стационар дәрігерлері, орта және кіші медицина қызметкерлері, санитарлық дәрігерлер, жедел жәрдем жүргізушілері айына 212 мың теңге үстеме ақы алады. Яғни орташа айлығын қосқанда шамамен 380 мың теңге алатын болады. Мұның бәрі дәрігерлерді қолдаудың тетігі.
Дәрігерді рухани қолдаудың орны бөлек. Бүгінде дәрігерлер Әсел Сейілова мен Арайлым Бимағанбет, аға мейірбеке Хашия Абсаттарова, мейірбекелер Қаракөз Әшім, Нұрсезім Тұрсынбекова, Нұргүл Көгенбаева, Гүлмира Әбдішева, Нағима Маханова, Ақмарал Жалымбетова, Мереуерт Қалдыбаева, Ұлпан Әбдірайым, Жанна Рысбаева, Баян Исмайлова және мейіраға Нұрдос Табынбай ауруханада қонып жұмыс жасауда. Одан бөлек техникалық қызмет көрсетушілер қатарында Жақсыгүл Қожаметова, Злиха Сұлтанбаева, Құттықыз Әуелбекова, Биігүл Мамыханова, М.Есентаева, Гүлшар Конкаева, Аякөз Нұрманова күн ұзақ науқастардың сауығып кетуіне еңбек сіңіруде.
Инфекционист дәрігер, жұқпалы аурулар бөлімшесінің меңгерушісі Әсел Сейілова: «Бізге қолдау біл­діріп, тілеуімізді тілеп отырған барша жерлестерге алғысым зор. Біз коронавирус індетімен күре­сіп, науқастарды емдеуге бар күш-жігерімізді саламыз. Қазір күндіз-түні кезекшілікпен қызмет атқарудамыз. Әріптестер дәрігерлер мен медбикелерге, санитар-таза­лаушыларға Алла сабыр берсін. Жер­лестер, жұқпалы індет жұқпасын десеңіздер – үйде отырыңыздар!», – деді.
Өз бастарын қатерге тігіп, халық­тың саулығы үшін қауіпті індетті ауыздықтауға күш салған медицина қызметкерлеріне Алла жар болсын! Барлық ем-домдар оң нәтижемен аяқталып, науқастарымыз құлан таза айығып кетсін! Біз үшін күндіз-түні жұмыста жүрген жандардың қызметі ескеріп үйде отырайық!

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
04 сәуір 2020 ж. 1 332 0