№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгер – Тілеу Тотаев.

Жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгер – Тілеу Тотаев.

Отан ана үшін кеудесін оққа тосып, жасындай өмірін тәуекелге тіккен жауынгерлер жайында ой толғағанда, ауызға ілінетіннің бірі – Тілеу Тотаев. Оны жаңақорғандықтар адамгершілік асыл қасиетке бай, парасатты тұлға ретінде таниды. Тарихи тұлға көзі тірі болғанда биыл 100-ге келіп, мерейі тасып отырар еді. Біз бүгін қаһарман ұлдың ел есінде қалған естеліктерін сөз етпекпіз.

Соғыс майданында із қалдырып, ауданның дамуына еңбек сіңірген Тілеу Тотаев кеңпейіл, ақжарқын азамат ретінде ел есінде қалды. Жалағаш, Шиелі ауданы мен Талап, Түгіскен ауылында «Тілекең айтқан» деген сөздері мен әзіл әңгімелері ел есінде. Оның әзіл-қалжыңға жақын екендігін көзін көрген жандар әлі де айтып жүр. «Құлағымды Күләйша құртты», «Шопырсың ғой, ішіп ал», «Трактордың тыртылы» секілді көптеген әзілдер артында қалғаны мәлім. Осыдан-ақ, жақсы адамның артынан жақсы сөз қалады дегенді түсінгендей болдық.
Ол аудан орталығындағы 7 жыл­дық мектепті бітіріп, жастайынан қо­ғамдық жұмыстарға белсене арала­сады. Сол кездің өзінде аудандық комсомол комитетінде еңбек жолын бастады. Ұлы Отан соғысы басталған кезде әскер қатарына шақырылып Таш­кент қаласындағы артиллеристер училищесінде 6 ай оқып, 1942 жылы Ста­линград майданында зеңбірекші ретінде соғысқа араласады. Бұйрықты бұлжытпай орындаған жауынгер майдан даласының қоянқолтық ұрыстарына жиі түсіп, өзінің шапшаң әрі тез шешім шығара алатынын көрсетеді. «Старший лейтенант» дәрежесінде атқыштар взво­дының, атқыштар бригадасының ко­мандирі ретінде 1945 жылы ерлік жолын Прагада жеңіспен аяқтады.
Соғыс ұрысында ерекше техникалық тәсілдерді тиімді жүзеге асырып, жеңіске жетелегені үшін елдің маңдай алды жауынгерлерінің тізімінен көрінді. «Ста­линградты қорғағаны үшін» медалімен, 1943 жылы «Ерлігі үшін» медалімен наградталды. Көптеген қалаларды азат етіп, «Варшаваны азат еткені үшін», «Чехословакияны азат еткені үшін», және «Ұлы Отан Соғысының І-дәрежелі» және «Қызыл жұлдыз» орденін омырауына тақты.
Тілеу Тотаев майдан даласынан келгеннен кейін соғыстың зардаптарын жою және Сыр өңірінің экономикасын өркендету жолында қызмет етті. Қазалыдағы ветеринарлық училищені бітіріп, 1950 жылы арнайы жолдамамен Жалағаш ауданындағы Аққұм, Жаңа­талап, 1-Май ауылында колхоз басқар­масында басшылық қызмет істеді. 1962 жылы Жаңақорған ауданындағы Талап совхозының порткомы, 1967 жылы Түгіскен массивіндегі бой көтер­ген Түгіскен совхозына партком болып қызмет атқарады. Совхозды құру және қалыптастыру оңай іс емес. Қиын­дықтарға қажырлық танытып, шаруа­шылықтың ісі өрге жүруіне еңбек сіңірді.
Тілеу Тотаев шекара асқан қандас­тардың ауылға оралуына көп күш салады. Тәжікстан мен Өзбекстанға қиын-қыстау кезеңде қоныс аударған ағайынды елге әкеліп, оларды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайларын жақсарту сияқты көптеген мәселелерді шешіп, ел арасында мерейі арта түседі.
1973 жылға дейін Түгіскен совхо­зының өсіп-өркендеуіне, ауыл тұрғын­дарының ауыз біршілігіне, татулығына өлшеусіз үлес қосты. Қай кезеңде болмасын Тілеу Тотайұлы білікті маман, шебер ұйымдастырушы, ақылгөй азамат ретінде көпшіліктің есінде қалды.
Түгіскен совхозындағы тың игеру саласындағы еңбегі ескеріліп, облыс, аудан басшылығы тарапынан түрлі марапаттарға ие болды.
1973-1975 жылы ауданда ауылша­руашылық өнімдерінің сапасын тексеру инспекциясында қызмет атқарды. Қай салада болмасын абыройлы қызмет етіп, адамдық болмысын жоғалтпай, өз ісін зор жауапкершілікпен атқарғаны үшін Жаңақорған кентінің «Құрметті азаматы» деген атаққа ие болып, құрметпен зейнеткерлікке шықты. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық жұмыстарға белсенді араласты. Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылорда аралығындағы ағайынмен бірлесіп ежелгі Сығанақ қаласындағы Хиссамеддин кесенесін тұрғызуға атсалысты.
1993 жылы Тілеу Тотаев ағамыз өмірден озды. Қазіргі таңда кент орта­лығындағы ең абаттандырылған көшенің бірі Тілеу Тотаевтың есімімен аталады. Тілеу атамыздан тараған 9 ұл-қызынан 29 немере, 24 шөбере тарап, үлкен әулетке айналды. Ұрпақтары жоғарғы білімді мамандық иелері ретінде әр салада ел игілігі үшін аянбай еңбек етіп келеді.
Әкесінің отбасындағы алып бейнесін Мәдениет Тілеуұлы былай жеткізді: «Әкем тоғызымызды қалай жеткізгеніне қайранмын. Ол кезде тапшылық заман. Бірімізге біріміз сүйеу, бірімізге біріміз тіреу болып, бауырмалшыл, көпшіл болуға баулыды. Адал болуға үндеп отырды».
Алып бәйтерекке айналып, әрбір бұтағынан ғибратты ғұмырдың өрнегі бар ағамыздың рухани өмірі әлі жалғаса беретіні хақ. Өйткені оның артында өнегелі ұрпағы қалды. Адам ұрпағымен мың жасайды деген осы болар.

Мақпал МАРҚАБАЙ

04 сәуір 2020 ж. 746 0