№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім һәм әлеуметтік желі

Әкім һәм әлеуметтік желі


Әкімдердің әлеуметтік желіге жаппай тіркелуін әлеумет әрқалай қабылдады. Бірі жөн десе, екіншісі әкімқаралардың өз аккануттарын өздері жүргізетініне күмәнмен қарады. Қалай десек те, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы тапсырмаларының бірі әкімдердің әлеуметтік желілерден парақша ашып, елмен жақын болуды тапсырды. Одан кейін Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында да билік пен қоғам арасында диалогты күшейтуді міндеттеді. Жауапкершілік жүгі қалай жүзеге асуда? Әлеуметтік желідегі әкімдердің тыныс-тіршілігі қандай? Біз бүгін осы төңірегінде зерделеп көретін боламыз.


Естеріңізде болса газеттің №24 (8557) санында «Әкімдер халыққа жақын ба?» деген мақала жариялаған едік. Мақалада ауылдық округ әкімдерінің әлеуметтік желідегі белсенділігін сөз етіп, келесіде көш соңындағы ауылдарға тоқталатынды ескерттік. Алайда, біз белсенділер санын арттырамыз деп, қайта азайтып алған тәріздіміз. Бұған сәл кейінірек тоқталамыз, алдымен әлеуметтік желілердің хал-ахуалын зерделеп алайық.
Әр әлеуметтік желінің өзіндік ерек­шеліктері бар. Егер сырттай қарайтын болсақ, Қазақстанда балалар мен жасөс­пірімдер көбіне ВКонтакте желісінде, орта буын мен белсенді азаматтар Facebook-та, шоу-бизнес өкілдері мен қыз-келіншектер Instagram-да көбірек қолданады. Енді оған қатысуға Twitter қосылып жатыр. BrandAnalitiks компаниясы таратқан деректерге сенсек, былтыр желтоқсанда ВКонтакте желісіне – 2 млн, Instagram-ға – 1,5 млн. Facebook-қа – 1,5 млн. отандасымыз тіркелген.
Осылардың ішінде Facebook-те әдетте белсенділік жоғары болады. Мұнда үнемі у-шу болады да жатады. Өйткені оқырмандар тым белсенді. Сондықтан аймақ басшылары осы желіден жеке парақша ашып, елдің тұрмыс-тіршілігін бағамдап отыр. Осы ретте, Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов «Facebook» әлеуметтік желісінде өз аккауынтын ашты.
«Кез-келген істің өнімділігі мен нәти­желілігі үшін тәртіп пен белгілі бір жүйе болғаны дұрыс деп есептеймін. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та халықпен ашық диалог орнатуды бізге жүктеді.
Осы ретте, өзімнен бастап, орынбасар­ларым, аппарат басшысы, кеңесшілерім, аудан, қала әкімдері, басқарма басшылары әлеуметтік желіге тіркеліп, халықпен ашық байланыс орнатуда. Ел – ортақ, жер – ортақ, ондағы қуаныш та, орын алатын проблемалар да ортақ болары заңдылық. Сондықтан ортақ істе бірге жанашырлықпен жұмыла жұмыс жасаймыз деген сенімдемін», – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.
«Әкім бол, халқыңа жақын бол». Иә, ақ жағалылар ішінде қара халықпен жұмыс істейтіндер – әкімдер. Әсіресе, аудан басшылары, ауылдық округтің әкімдері тікелей халықпен жұмыс жасайды. Олардың мұң-мұқтажын біліп, жоқ-жітігін түгендеп отыратындар да солар болуы тиіс. Әрине, әкімдердің халыққа жақындығы мен нақты жұмысын әлеуметтік желі арқылы өлшеу ерсі көрінуі мүмкін. Рас, елмен етене еңбек етіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жүрген ауыл әкімдері жоқ емес. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындарының арыз-шағымының өзі барлық мәселені көрсетіп береді.
Елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет. Осы тұрғыда интернет желісіндегі әкімдер белсенділігіне қайта сараптама жасап көрген болатынбыз. Біз жоғарыда сөз еткен аудандағы жайтқа оралайық. Әкімдер арасынан аудан басшысы Сұлтан Мақашев қана белсенді. Ал, ауыл әкімдері ше?
Шыны керек, Жаңақорған – даму жолына түскен бірден бір аудан. Ауылдағы ағайынның да тұрмысы түзу. Алайда, түйіткілі көп мәселелер де аз емес. Ауданға жаңадан басшылық қызметке келген Сұлтан Мақашов елді мекендерді аралағанда ауылдық жерлердегі тұрғындардың тілегін тыңдап, халықпен етене жақын жұмыс жасайтынын айтты. Әлеуметтік желі демекші, Сыр беткейдегі шалғай ауылдар Көктөбе, Қандөз және Қаратөбеде әлеуметтік желіге кіру тіпті мүмкін емес. Міне, тұрғындардың бірінші мәселесі осы.
Аудан басшысы Сұлтан Ысқақұлы жыл басындағы әкімдердің халыққа есеп беруін күтпей түйінді мәселелерді ортаға салып отыруды тапсырды. Себебі, аудан әкімдігінің арнайы сайтында тұрғындардан түскен өтініштер мен сауалдарға уақтылы жауап беретін мамандар бар. Десе де, тұрғындардан белсенділік байқалмайды. Аудан әкімінің баспасөз хатшысы Нұрбол Бакиров:
– Иә, қазір аудандағы көп мәселелер «Facebook» арқылы талқыланатын болды. Тұрғындар көп мәселеге жауапты әлеуметтік желі арқылы алғысы келеді. Әкімдік тарапынан атқарылатын жұмыстар, хабарландырулар мен сауалдарды да осы парақшадан табуға болады. Сондықтан, ауыл басшыларына көштен қалмау тапсырылды. Алайда, әлі де жүйелілік жетіспейді, – деді.
Әр әкім шама-шарқынша жұмыс атқарып жатқаны мәлім. Олардың қандай жұмыс атқарып жатқанын ел біліп отыру үшін аудан әкімі әлеуметтік желіні тиімді пайдалану керектігін нақтылады. Аудан басшысы да жеке парақша ашқан. Қазір 1986 оқырманы немесе досы бар. Ал, ауыл әкімдерінің арасынан кімді үлгі ете аламыз?
– Қожакент пен Өзгент ауылының әкімі, ішкі саясат бөлімі мен кәсіпкерлік және туризм бөлімінің жұмысына оң баға беруге болады. Әлеуметтік желіні әкімдер жиі қолданбаса да, мамандары айналысуына болады ғой. Сондықтан, аудан әкімдігі тарапынан сараптама жасалынып тұрады. Әрі, нақты тапсырмалар берілуде, – деді баспасөз хатшысы.
Қос ауылдың әкімдерінің аккаунттарында достар аз болғанымен белсенді дейді, нәтиже бар деген сөз. Иә, бүгінгі заманда ел басқару оңай емес, көптің көңілінен шығу қиын. «Бүгінгі күні креативті ойлайтын және қоғам санасын өзгертуге құштар адамдардың көмегі қажет. Фейсбук алаңы әрбіреудің ұсынысын есту үшін жақсы мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан мен жеке парақшамды ашуды ұйғардым» – деген Өзгент әкімі алдағы уақытта жұмысты күшейтуге тырысамын дейді.
– Бүгінгідей нарықтық заманда ел үшін еңбек етіп, халықтың қошеметіне бөлену үлкен ерлікпен пара-пар. Ел басқару екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Сондықтан, осы бақты ұстап тұру, халыққа адал қызмет қылу әкімдерге үлкен сынақ, – деді Аманкелді қария.

ТҮЙІН. «Патша құдайдың сүйікті құлы» демекші, әкім болу да екінің біріне бұйыра бермейтін бақ. Алайда «әкім» сөзіне лайықты жұмыс жасау әрбір азаматтың борышы. Президент Жолдауда да нақты міндеттемелер жүктеді, осылардың барлығын орындау аясында елмен бірге болу міндет. Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы. Тоқаев тапсырма берді, енді әкімдер ел үшін ерінбей еңбек етуі тиіс. Қалғаны уақыт еншісінде...

Әли ТЕМІРБЕК.
17 қыркүйек 2019 ж. 1 145 0