№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әкім көзі қағазда ма, халықта ма?

Әкім көзі қағазда ма, халықта ма?


2020 жылдың бес күні артта қалды. Қаңтар айының бел ортасынан бастап, жылдағы дәстүр бойынша ауыл әкімдері ел алдында есеп береді. Жыл он екі айда атқарған жұмыстарын есептік баяндамадан көз алмай баяндап шығатын әкімдер әзірден дайындалып жатқан болар. Әрине, ауыл-аймақта атқарылып жатқан игілікті істерге ешкім көз жұмып қарамайды. Дегенмен, «уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой» деген сөз қалыпты бабадан. Уәденің салмағын сезіне алмай, сөздің қадірін қашырып алғандаймыз. Жергілікті билік жұртқа уәдесін беріп, ағынан жарылып жатса да сенбейтіндер көбейді. Оған ауылдағы қордаланған мәселелердің уақытылы шешілмеуі себеп болғаны анық. Осыны тереңінен зерделеген Мемлекет басшысы «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында билік пен қоғам арасындағы диалогты күшейтуге пәрмен берген болатын.


Жалпы әкімдердің ел алдында есеп беру форматы қаншалықты ыңғайлы? Яғни жылдағы «біздің ауылда 1 АТС, 1 монша бар» деген секілді жадағай цифрлардан ел жалықпады ма? Қысқасы, әкімдер халықпен қоян-қолтық қарым-қатынаста қызмет етуде ме?
Былтыр Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ең алғашқы сұхбатын «Егемен Қазақстан» және «Айқын» газет­теріне берген болатын. Сұхбатта ше­неу­ніктерде халықпен арадағы адами қарым-қатынас жетпейтінін ашып айтты. Өз кезегінде ел Президенті ойын былайша жеткізді: «Әкімдердің есеп беру форматының ескіргені, баяндамаларының жадағай цифрларға құрылатыны, шын мәнінде, халықты жалықтырды және жұртшылықтың сеніміне селкеу түсіреді деп ойлаймын. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар.
«Әкім бол – халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды хош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім. Халықтың сұранысына жедел үн қатып, мәселені шұғыл шешуге ұмтылыс жасау маңызды. Бұл үшін әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеу, жүргізіліп отырған саясатты жеріне жеткізе түсіндіру де өте қажет нәрсе. Халыққа ашық қызмет көрсетуге қажетті барлық коммуникациялық құралдарды пайдалана білген жөн. Сонымен бірге, кері байланыс орнатудың пайдасы зор. Өкінішке қарай халықпен төте байланыс барлық жерде бірдей емес, байланыс орталықтары еліміздегі 17 әкімдіктің тек төртеуінде, ал мобильді халықтық бақылау 7 өңірде ғана бар», деген болатын.

АШЫҚТЫҚ ПЕН ЖАРИЯЛЫЛЫҚ

Президент мұндай жағдайда атқарушы билік елдің мұң-мұқтажына дер кезінде жауап қата алмайтынын айтты. Осы уақытқа дейінгі оңтайлы реформалардың бәрі жергілікті жерлерге келіп тірелетінін меңзеді.
– Егер халықпен қоян-қолтық жұмыс атқаратын болса, әкімдіктер көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады. Бұл азаматтардың билік институтына деген сенімін арттырады.
Өңір әкімдері халықпен есептік кездесулерде ғана емес, тұрақты негізде кездесіп, барлық елдімекенді аралауға тиіс. Әрбір шенеунік жүргізіліп жатқан реформалардың, жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік саясаттың мән-мақсатын халыққа нақты әрі ұғынықты жеткізе білуі тиіс. Шенеуніктердің бір осалдығы – халықпен қалай сөйлесу қажеттігін білмеуі. Сондықтан мен Мемлекеттік басқару академиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым. Бұл аудандардан бастап облысқа дейінгі барлық деңгейдегі әкімдерге қатысты. Олардың халықпен тікелей қарым-қатынаста болуы, жағдайды толыққанды білуі, мәселені жедел шешуі – басты міндет, – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаевтың осы тапсырмасынан соң, әкімдер жаппай әлеуметтік желіге тіркеліп, атқарған жұмыстарын тұрақты түрде жариялай бастаған еді. Әрине, әкімдердің халыққа жақындығы мен нақты жұмысын әлеуметтік желі арқылы өлшеу ерсі көрінуі мүмкін. Рас, елмен етене еңбек етіп, тұрғындар тарапынан қолдау тауып жүрген ауыл әкімдері жоқ емес. Есептік кездесулерде ауыл тұрғындарының арыз-шағымының өзі барлық мәселені көрсетіп береді.
Елдің өзі таңдап қойған тұлғалардың көп сенімінен шыға білуі оңай шаруа емес. Алайда әкімдер ел сенімін арқалаудың жауапкершілігін сезінуі қажет. Жасыратыны жоқ, бүгінде әкімдер арасынан аудан басшысы Сұлтан Мақашов өте белсенді. Басшылық қызметке келгелі, елмен етене араласып, жоспарларымен әлеуметтік желіде бөліседі. Талқылайтын болса ашық диалог алаңына шақырып, жүзбе-жүз кездеседі. Бұған дейін «Ордакент» үйіне бір емес, бірнеше мәрте тұрғындарды шақырып, мұң-мұқтажын тыңдады. Тыңдап қана қоймай, сала басшыларына мәселенің шешу жолын жүктеген болатын.
Ал, ауыл әкімдері ше? Аккаунт ашпақ түгілі, ел болып цифрлы технологияға қадам басып жатқанда, өткен жылғы есепті кездесуде көктөбелік ағайындар қарапайым электр жарығының тұрақты жанып тұрғанын қалайтынын сауал етеді. Әлеуметтік желі демекші, Сыр беткейдегі шалғай ауылдар Көктөбе, Қандөз және Қаратөбеде әлеуметтік желіге кіру тіпті мүмкін емес. Міне, тұрғындардың бірінші мәселесі осы. Интернетті игілікке икемдей алмай отыр талай ауыл. Осындай байланыс аясынан тыс ауылдарға қамқорлық ауадай қажет. Оған қоса, «ауласы бірдің ауасы бір» демекші, Сыр беткейдегі көп ауылдың мәселесі ортақ. Мәселен; тозығы жеткен трансформатор, самал желден сымы үзілетін электр желісі, қазылмайтын қашыртқы, ахуалы апаттық деп танылған көпір һәм әлеуметтік нысан мен ыза судан ызаланған халық. Бар мәселесі осы.
Шыңғыс Мұқан – Гарвард университеті Кеннеди басқару мектебінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасымен Америкада оқыған Шыңғыс мемлекеттік басқару саласында тәжірибесі бар тұлға. Бүгінде көшбасшылық дамыту орталығын басқарып отырған Шыңғыс Мұқанның шетелдік тәжірибеге сүйене отырып айтқан пайымды пікірін ауыл әкімдерінің есебі алдында тақырыпқа тұздық етпекпіз.
«Шетелде оқуға түсерде «Өміріңде осыған дейін не тындырдың?» деген тақырыпта эссе жазасың. «Президент әкімшілігінде істедім. Облыс әкімінің орынбасары болдым. Басқа да түрлі қызметтер атқардым. Қысқасы, өте көп нәрсе істедім» деймін. Сөйтсем америкалық нұсқаушы «Сені халық сайлады ма?» дейді. «Жоқ, тағайындады. Мені тағайындаған әкімді де бір адам тағайындайды» деймін. АҚШ-та сайланбаған адамдарға саяси қызметкер ретінде қарамайды. Тағайындалатын мемқызметкер – бюрократ. Бюрократ деген бізде нашар реңк алып кеткен сөз, ал шындығында бюрократ деген сөз мемлекеттік қызметкер дегенді білдіреді. «Ой, онда ол ешқандай да жетістік емес қой» дейді. «Басқа не істедің?» деп сұрады тағы. «Облыс әкімінің орынбасары болып тұрғанымда пәленбай мектеп салынды, пәленбай балабақша құрылысы басталды» деймін. «Сіз сонда байдың баласысыз ба, өзіңіз қаржы бөлдіңіз бе?» деп сұрады. «Жоқ, бюджеттің қаржысына салынып жатыр» дедім. «Демек, сіз емес басқа адам орынбасар болса да сол жұмыс істеледі ғой. Ендеше, сенің ол жұмысқа жеке өз басыңның қандай қатысы бар?» деді. Шынын айтсам, бұл менің көзімді ашқан ерекше тәжірибе болды». Бұл Шыңғыстың сөзі. Тереңінен түсінгенге таудай тәмсіл жатыр.
Ақиқатында бізде де ауыл әкімдерін сайланбалы жолмен таңдайды. Алайда қоғамның әкімдерге деген көзқарасы қалай? Көңілі тола ма? Президент айтқандай, халықпен ашық диалог алаңына шығып жүр ме? Мұның бәрі уақыт еншісінде. Біз тек жыл басында әкімдер есеп берудің жаңа форматына қашан көшер екен деген ниетпен жаздық.

Әбдісамат ӘБДІШ
06 қаңтар 2020 ж. 658 0