№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Гимназия шәкірті гран-при иегері

Гимназия шәкірті гран-при иегері

Ақмола облысынан ақжолтай ақпар жетті. Щучье қаласында өткен «Зерде» ХV республикалық конкурсында жайылмалық жеткіншек гран-при иегері атанды. 1-7 сынып оқушыларының зерттеу жұмысы мен шығармашылық байқауында Мұхамедәли Абдуллаев Дүкенбай Досжанның «Әл-Фараби» повесіндегі бала Фараби бейнесіне қатысты ғылыми зерттеуін сәтті қорғап шықты. Біз өз кезегінде Мұхамедәлидің ғылыми жетекшісі, №195 мектеп-гимназияның қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Қамбарбекова Лаурамен тілдестік.
– Республикалық білім додасы биыл 15-мәрте жалауын көтерді. Ұйымдастырушы – Білім және ғылым министрлігіне қарасты «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы. Бұған дейін шәкіртім, 6-сынып оқушысы Мұхмедәли облыстық кезеңнен сүрінбей өтіп, ақтық сынға жолдама алған болатын. Озат оқушы үмітті ақтады. Кіл мықтылар арасынан оза шауып, өзінің үздік екенін дәлелдеді. Жалпы Мұхамедәлидің жан дүниесі әдебиет әлеміне жақын. Өте кітапқұмар, – дейді жетекшісі Лаура Қамбарбекова.
Расында, бүгінгі жеткіншектер бойындағы белсенділік – жаңа бастамашылдық пен өсудің, өркендеудің нақты көрінісі. Себебі, әрбір бала – өзіндік ерекшелігі бар жеке тұлға. Тек оны дер уақытында тани білу керек. Өз бойындағы талантын түрлі білім бәйгелерінде сынап, көш басынан көрініп жүрген оқушыға қолдау білдірудің өзі құрмет. Ұстазы айтқандай, Мұхамедәли әдеби сайыстарға жиі қатысып, талай мәрте жеңіс тұғырынан көрінген. Мәселен, жақында ғана жайылмалық жеткіншек «Жастар жырлайды» атты аудандық жыршы-термешілер байқауы мен «Айтыс-battle» айтыскерлер сайысында жеңімпаз атанып, ІІ кезеңге жолдама алған. Бұдан бөлек былтыр ол Жалағаш ауданының 80 жылдығына орай өткен «Жаһанда жұмақ мекен – Жалағашым» атты облыстық оқушылар айтысында ІІІ орын алған. Сондай-ақ Мұхамедәли «Өнеге» интеллектуалды білім порталының республикалық «Тілім менің – тірлігімнің айғағы» атты байқауда ІІІ орынды қанжығасына байлаған.
Мұхамедәли бізбен әңгімесінде дана Абайдың өлеңдерін бірнеше жылдан бері жаттап, мәнерлеп оқу сайыстарында жүлделі орыннан көрініп жүргенін жеткізді.
– Бірінші кезекте ұстаздарыма алғыс айтамын. Үнемі директорымыз Жанат апайдан бастап, барлық мұғалімдер қолдау көрсетеді. Мектеп бағдарламасынан тыс Абай атамыздың өлеңдер жинағын жанымнан тастамай алып жүремін. Талай додаларда топ жардым. Жақында ғана Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына арналған  «Ұлыларды ұлықта» атты республикалық байқауда ІІ орын алдым. Ал мектепішілік «Абай мұрасы – халық ұлағаты» атты әдеби кеште өнер көрсетіп, ақынның қара сөздерінен маржан тердім. Келешекте ұстаздар үмітін ақтап, мектеп абыройын асқақтатып жүруге тырысамын, – дейді Мұхамедәлі Абдуллаев.
Иә, өнерлінің өрге жүзетіні ақиқат. Осындай талантты жеткіншектер барда қазақтың әдебиет әлемі биікке самғай берері айқын. Сондай-ақ озат оқушының білім бәйгелеріндегі жетістігі де аз емес екен. Облыстан бөлек, республикалық пәндік олимпиадалардан олжалы оралған. Бұл да болса, жас өреннің озық ойлы болып, дүниетанымының кеңеюіне септігін тигізері айқын.
Самат ОҢҒАРҰЛЫ
16 ақпан 2020 ж. 831 0