Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аққудың қасиеті

Аққудың қасиеті

Аққу — қаз тәрізділер отряды, үйрек тұқымдасының жеке туысына жататын өте сымбатты құс. Қазақстанда аққудың үш түрі: сұңқылдақ аққу, сыбырлақ аққу, кіші аққу кездеседі. Мойны мен денесінің ұзындығы тең, әрі иіліп келген.
Денесі созылыңқы, басы онша үлкен емес, тұмсығы тік, әрі жалпақтау келеді. Қысқа сирағы денесінің арт жағында орналасқан. Қауырсындары тығыз, әрі үлпілдек мамықты шымқай ақ түсті. Салмағы 5-10 кг, ең ірісі 13 кг-ға жетеді. Қанатын жайғандағы ұзындығы 150-180 см.
Тірішілігінің көп уақытын суда өткізеді, жақсы жүзеді, бірақ сүңги алмайды, құрлыққа сирек шығады. Аққу жұп құрып тіршілік етеді. Ұясына (су жағалауындағы өсімдіктердің арасындағы) 3-7-ге дейін жұмыртқа салады, оны көбіне аналығы басады. 19-20 күнде ширақ балапандар шығады, оларға жұптасып қамқорлық жасайды. Жылына бір түлейді. Ересектері су өсімдіктерімен, кейде судағы омыртқасыз жәндіктермен, ал балапандары су жәндіктерімен қоректенеді.
Аққу — жыл құсы. Қыс жылы кезде аққудың біраз тобы Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауында (Ақтау қаласының маңында) қыстап шығады. Аққуды қазақ халқы ежелден қастерлеп, бақыттың бастамасы, жақсылықтың жаршысы, пәктіктің, сұлулықтың белгісі деп есептейді, әрі киелі құс төресі санап, оған еш уақытта оқ атпайды. Аққудың аталығын «саһар», балапанын «көгілдір», мойнын «сұңғақ» деп дәріптейді. С.Сейфуллиннің «Аққудың айрылуы", М.Мақатаевтың «Аққулар ұйықтағанда», Қорқыт бабаның, Қожеке Назарұлының, Тоқа Шаңмаңұлының, Ықылас Дүкенұлының, Н.Тілендиевтің т.б. «Аққу» күйлері, Б.Аюхановтың «Аққу биі» халқымыздың аққуға деген сүйіспеншілігінің белгісі болып есептелінеді. Аспан әлеміндегі шоқжұлдыздың бірі «Аққу жұлдызы» деп аталады.
05 ақпан 2020 ж. 6 239 0