№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » "Ауыл – Ел бесігі" еңсемізді түзейді

"Ауыл – Ел бесігі" еңсемізді түзейді


Ауыл – қазақтың қасиетті мекені, қайнар көзі, һәм алтын бесігі. Ауыл – ұлттың ұйытқысы. Бүгінде өркениетті ел болып, даму жолын қаладан тапқанымызбен, ауылдың алар орны ерекше. Сондықтан, ауылдың әлеуетін арттырып, келбетін көркейту, тұрғындар тұрмысын түзету мақсатында «Ауыл – Ел бесігі» жобасы әзірленді. Биылдан бастап бұл бағдарлама күшіне еніп, жарқын жобалар жүзеге асады деп күтілуде. Соны саралап көрсек.


«Ауыл – Ел бесігі» жобасының басты мақсаты – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Яғни елді мекендердегі әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытып, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ете отырып, жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру. Қазір Қазақстанда 6500-ге жуық ауылдық елді мекен болса, онда 7,7 млн-нан астам адам немесе ел тұрғындарының 42 процентке жуығы тұрады.
Бүгінде ауылдық жерлерде шешімін табуды талап ететін бірқатар мәселелер бар. Мәселен, елдегі ауылдардың жартысынан астамында көшелер, білім беру және денсаулық сақтау нысандарына жөндеу жұмыстарын жүргізуді қажет етеді, инженерлік желілер тозған. Осы мақсатта бірінші кезекте қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар мен «Ауыл – Ел бесігі» жобасы есебінен ауыл инфрақұрылымын жаңғырту жүргізілетін болады, сонымен бірге Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2020», «Еңбек» және басқа да қолданыстағы бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау жүзеге асырылады.
2025 жылға дейін елімізде 5,5 млн-нан астам адам тұратын екі мыңға жуық ауыл жаңғыртылатын болады деп күтілуде. Бұл ретте, «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру тетіктері мына шараларды қамтиды. Бірінші кезекте тірек ауылдық елді мекендер іріктелді. Енді олардың даму әлеуетіне және қазіргі экономикалық жағдайына талдау жасау негізінде іске асырылатын жобалар қоса қамтылатын болады. Екіншіден, әрбір жоба және елді мекен бойынша көзделген мақсатқа жету жөніндегі өңірлік стандарттарға сай келетін Жол картасын жасау қолға алынды. Үшінші кезекте, Жобаларды іске асыру және бақылау мүдделі мемлекеттік органдарды және «Nur Otan» партиясын тарта отырып жүзеге асырылатын болады. Сондай-ақ жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі туралы тұрғындарға тұрақты түрде ақпарат беріліп отырады.
Тірек ауылдарды іріктеу кезінде 4 басымдық – экономикалық, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымдары мен экологиялық ахуалы есепке алынған. Бұл ретте көрсеткіштердің 50 проценті экономикалық басымдыққа тиесілі. Мәселен, жұмыс орындарының ашылу әлеуеті және тағы басқа. «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға 2019-2021 жылдары республикалық бюджеттен 90 млрд. теңге бөлу көзделген, оның ішінде 2019 жылға 30 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылға бөлінген 30 млрд теңгеге қосымша 50 млрд қаржы қосымша қосылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мәлім етті. Демек, биыл үлкен жобалар жүзеге асқалы тұр.
2019 жылы 53 елді мекенде жалпы қаржысы 30 млрд. теңгеге 452 жоба іске асырылса, биыл 80 млрд. теңге болатын 1641 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Ірі елді мекендерге айрықша назар аударылып, тұрғындарының саны көп аудан орталықтарындағы қордаланған өзекті инфрақұрылымдық проблемаларды шешуге басымдық берілуде. Бір аудан орталығын қаржыландырудың көлемі орта есеппен алғанда 670 млн. теңгеге жуық. Биыл да кент келбеті көркейе түсері анық.
Осы орайда Жаңақорған ауданындағы жобаларды саралап көрейік. Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің мәліметіне сүйенейік, бағдарлама 2027 жылы аяқталады. Биылғы жыл Жаңақорған мен Шалқия кентінің көшелері жөндеуден өтеді деп жоспарлануда. Мәселен, Жаңақорғандағы Хорасан-ата, А.Иманов, Түйменов, Қорғантоғай мен МАИ бекеті аумағында орналасқан Қ.Алдаберген көшесі орташа жөндеуден өтеді. Сондай-ақ, бұл тізімде Саяжай көшелері мен Ипподром аумағындағы №27 көше кіреді. Тағы бір жоба – кент тұрғын үйлеріне су құбырын жеткізу сервистік желісін салу жұмысы бар. Одан бөлек, кент ішіне жаяу жүргіншілер жолын салу жоспары көзделген.
Шалқия кентіндегі №86 мектепке күрделі жөндеу жұмысы жүргізіледі, сондай-ақ 150 орындық клуб үйінің құрылысы басталады. Сонымен қатар тұрғын үйлерге су құбырын жүргізу көзделген. Міне, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2020 жылы Жаңақорған ауданында атқарылатын жұмыстың тізімі осы. Әзірге кейбір құжаттардың сметалық қаржысы шешіліп қойылған. Оның 70 пайыз қаржысы республикалық бюджеттен, қалғаны облыс және аудандық бюджеттен қаралады. Келер жылы Төменарық, Бесарық және басқа да ауылдық округтерге басымдық беріледі.
ҚР ұлттық экономика вице-министрі Ермек Алпысов «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру қорытындысы бойынша биыл 4673 жаңа жұмыс орны құрылатынын айтты. Елді мекендерде мектеп, балабақша, емхана, мәдениет үйі мен спорт нысандары жөнделеді. 7 мың шақырымнан астам кентішілік көшелер салынып, жөндеуден өткізіледі.
Бұдан басқа жол, сумен жабдықтау желісі, электрмен жабдықтау (жарықтандыру), газбен жабдықтау, жылумен қамтамасыз ету нысандары жөнделіп, салынады. Барлық ауыл халқы сапалы ауыз сумен қамтылады, әлеуметтік нысандарды жаңғырту бойынша кең ауқымды жұмыстар жүргізіледі. Жүргізіліп жатқан инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары ауыл экономикасын дамытуға соны серпін беретін болады.
2027 жылға дейін 3 500 елді мекенді қамту жоспарланған, бұл жылдары болжам бойынша ауылдарда 7 млн-ға жуық адам тұратын болады, бұл бүкіл ел халқының 90 процентін құрайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауылды және агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері жөніндегі республикалық кеңес барысында қой мен құс және қозы етін өндіруді, сүтті мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнімін экспортқа шығару ісін ілгерілету қажеттігін және осы мақсатта алдағы 10 жылда қосымша 50 миллион гектар жайылымдық жер пайдалануға берілетінін айтқан болатын. Бұл бағытта Сыр елі экспорт көлемін жыл сайын арттырып, ауылшаруашылығына дем беріп келеді. Жаңақорған ауданынан былтыр БАӘ мен Кипрге 1500-ге жуық қой экспортталды.
Салалық бағдарламалардың қатысу­шылары үшін қолдаудың жеке шарттары ұсынылады. Мал басын сатып алуға, техника және жабдықтар сатып алуға фермерлік шаруашылықтарға жеңілдетілген несиелер беру, жайылым инфрақұрылымын құру. Атап айтқанда, етті мал шаруашылығы бағдарламасы шеңберінде малды және қажетті азық дайындайтын техниканы сатып алу 4 проценттік сыйақы мөлшерлемесімен 15 жылға берілетін жеңілдетілген несие есебінен қолжетімді болады. Жалпы, барлық бағдарламалар бойынша ауылдардың әлеуетін көтеру үшін 2 трлн теңге қарастырылған.
Қорыта айтқанда, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы ауыл өркениетінің өрісін кеңейтуге, тұрғындар тұрмысын жақсартуға керемет мүмкіндік береді. Ең бастысы бағдарламаны тиімді пайдалана білсек болғаны...

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
14 қаңтар 2020 ж. 1 262 0