№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үздік үштікке ілінген үлгілі ауыл

Үздік үштікке ілінген үлгілі ауыл


Жақында аймақ басшысы Қуанышбек Ысқақовтың қатысуымен облыстық «Үлгілі ауыл» байқауы өз мәресіне жетті. Республика бойынша тек Сыр өңірінде ғана өтетін дәстүрлі байқаудың дәреметі мол. Елді мекеннің көгалдандыру, абаттандыру һәм санитарлық тазалық жайы сарапқа салынады. Оған қоса орнықты даму динамикасы да есепке алынады. Осындай басымдықтарды ескере отырып, әуелі ауданнан іріктеліп, соңыра облыстық аламан бәйгеге Қожакент ауылы жолдама алды. Өңірлік байқауда 8 елді мекен бағын сынады. Оның ішінде 7-уі тіректі елді мекен. Бірінші кезекте, үлгілі үздік тіректі елді мекендер анықталды. Одан кейін үлгілі елді мекендердің ерек істері сарапқа салынды. Нәтижесінде 1 орынға – Таң ауылы (Жалағаш ауданының, 2 орынға – Гигант ауылы (Шиелі ауданы), 3 орынға Жаңақоранның Қожакент ауылы лайықты деп танылды.


Үлгілі ауылдарды марапаттау рә­сімінде аймақ басшысы Қуанышбек Досмайылұлы Елбасының тікелей бас­тамасымен қолға алынған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы жайлы айтып өтті.
– Бүгінде өңірде ауылдардың жағ­дайын жақсартып, ауыл халқының тұрмысын көтеру үшін «Ауыл – Ел бесігі» жобасы қарқынды жұмыс істеуде. Елбасының тікелей бастамасымен қолға алынған жоба шеңберінде елді мекендерді дамытуға бағытталған ауқым­ды істер жүргізілуде. «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыруға 2019 жылы аймақта 1,9 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 1,7 млрд теңге қаралды. 2020 жылға «Ауыл - Ел бесігі» арнайы жобасын іске асыруға 1,6 млрд теңгеге 4 елді мекен бойынша 31 жоба іріктелді. Сонымен қатар бүгін жеңімпаз болып танылған ауылдық округтерге берілген қаржылай сыйақының 80 пайызы сол ауылдың көркейіп-көгалдануына, абаттануына, санитарлық тазалығына жұмсалуы тиіс, – дей келе, үздік шық­қан ауыл әкімдеріне «Диплом» мен қомақты қаржылай сыйақы табыстады. Қожакенттің қазынасына 5 миллион теңге бұйырды.
Хош. Сыр өңірінде үздік үлгілі елді мекеннің үштігіне енген Қожакент ауылы жайлы не білеміз? Құтты мекенде көгалдандыру, абаттандыру және кәсіпкерлік саласындағы әлеуеті қандай? Біз мұны ауылдық округ әкімі Әсілбек Айтжановтан білдік. Әкімнің айтуынша, елді мекенді көгалдандыру, абаттандыру жұмысына ауыл тұр­ғындарын белсенді тартуда екен. Бас көшенің бойынан Еңбек ардагері, Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары шағын саябақтар ашып, ауылдың жасыл желекке айналуына үлес қосуда.
– Бүгінде қонысына қарап қоғамның ырысын, әлеуетіне қарап әлеуметтің тынысын анықтайтын заман жетті. Осыдан үш жыл алдын Қожакент ауылын республикаға танымал таза, үлгілі, бәсекеге қабілетті ауыл ретінде қалыптастыруды жоспарлаған болатынбыз. Міне алғашқы жетістіккке қол жеткіздік. Облыс бойынша үлгілі үздіктің үштігіне ендік. Бұл тұрғыда ауылдық округтің тындырымды істері арқылы өңірде үздік танылуына жергілікті тұрғындардың да қосқан үлесі зор. Ауыл орталығынан Еңбек және Соғыс ардагерлерінің ұрпақтары өз қаржысына «Әнапия», «Сейтмахан ата», «Амангелді», «Шәмен ата», «Ергеш» бауы егіліп, саялы баққа айналды, – деді Асылбек Айтжанов.
Ал келер жылдан бастап «Райхан ата», «Бегайдар ата», «Нақышпан ата», «Мансүр ата», «Арапбек ата» бау бақтары ауыл көркіне сән беріп, көгалдандыру ісіне дем береді. Туған өлкенің жасыл желекке айналатынына қожакенттік ағайындар да дән риза. Өйткені бұл – ұрпақты экологиялық тазалыққа баулып, дарақ отырғызу мәдениетін қалыптастыратын игі бастама. Бұдан бөлек, абаттандыру бағытында елді мекен орталығындағы «Тәуелсіздік», «Бәйтерек», «Рәміздер» алаңы халық тынығатын сүйікті орнына айналған. Ауылдың санитарлық тазалығына қатысты да мақтанарлық дүниелер бар. «Бір ауланың тазалығы – бір ауылдың тазалығы» ұстанымын ұран еткен қожакенттіктер елді мекен тазалығын ауласын тазартудан бастап кеткелі бірнеше жыл өтті.
«Елу жылда ел жаңа» демекші, 2017 жылы ауылдың 50 жылдық мерейтойына жеке кәсіпкер «Биг-Бен» сағатын орнатып берген. Енді мына қызықты қараңыз. Білесіздер Биг-Бен – Лондондағы Вестминстер сарайындағы алты қоңыраудың ең үлкені. Сағат мұнарасы Ұлыбританияның әйгілі символы болып саналады. Айтайын дегеніміз, 2017 жылы «Биг-Бен» сағатын қайта жөндеуден өткізу үшін 2021 жылға дейін тоқтатылды. Ал дәл сол жылы құтты мекеннің қақ ортасынан танымал сағаттың көшірмесі іске қосылды. Жалпы 2017 жыл қожакенттіктер үшін табысты жыл болды. Жыл қорытындысымен ауданда ауылшаруашылығы саласын дамытуда жоғары көрсеткішке қол жеткізгені үшін «Үздік ауылдық округ» номинациясына лайықты деп табылды. Ауыл әкімі Әсілбек Айтжановтың сөзінше, келер жылы елді мекеннен «Анаға тағзым» монументі бой көтереді. Бұл да болса, ақжаулықты аналарға деген құрмет.
Тағы бір айта кетерлігі, облыстық байқау шартына сәйкес елді мекеннің орнықты даму динамикасы да есепке алынған болатын. Әсіресе кәсіпкерлік саласының көкжиегін кеңейтуге қатысты Қожакентте тындырымды іс бар.
– Елбасы жыл сайынғы Жолдауында жергілікті жерлерде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытып тұрғындарды жұмыспен қамтуға баса назар аударуға пәрмен берген болатын. Бұл бағытта кәсіпке ынтасы бар азаматтарға мемлекет тарапынан толыққанды қолдау көрсетілуде. Биыл Кәсіпкерлік палатасының аудандық филиалында «Бастау-бизнес» жобасы бойынша 43 қожакенттік тұрғын бизнестің қыр-сырына қанықты. Оның ішінде, 29 жасқа дейінгі 30 жас «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 505 000 теңгеден, барлығы 15 150 000 теңге қайтарымсыз қаржы алды. Одан бөлек 13 адам 252 500 теңге грантын жеңіп алып, 3 282 500 теңгеге кәсіптерін бастады. Аталмыш жоба жеңімпаздарының 43-іде мал шаруашылығы бағытында кәсібін дөңгелетуде, – дейді Ә.Айтжанов.
Айрықша атап өтетіні ауылдық округте 257 кәсіпкер тіркелген. Бұл облыс бойынша үздік көрсеткіш. Оған қоса, үй іргелігінде мал бордақылау бағытында 82 кәсіпкер атакәсіппен айналысуда. Биылдың өзінде «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ облыстық филиалы арқылы 8 адам 38 млн теңге, ал «Игілік» бағдарламасы бойынша 7 адам 21 млн теңге, «Сыбаға» бағдарламасы бойынша 4 адам 32 млн 400 мың теңге несие алған. Жалпы 91 400 мың жеңілдетілген несие алып, кәсіпкерлік саласының қарқынды дамуына қомақты үлесін қосуда.
Иә, қорыта айтқанда шағын және орта бизнесті дамытуға мемлекет айрықша басымдық беруде. Нәтижесінде ауыл-аймақта кәсіпкерлік кең қанат жайып, бизнеске ынталы азаматтардың қатары күн санап артуда. Бұл өз кезегінде аудан экономикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосады. Бұл бағытта құтты мекен – Қожакент ауылдық округінің соңғы жылдары бағындырған белесі бір төбе. Алдыға қойған мақсаты да – айқын. Ол – республикадағы таза, елді мекен іші жасыл желекке оранған, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіші жоғары үлгілі ауылға айналу.

Әбдісамат ӘБДІШ
21 желтоқсан 2019 ж. 1 075 0