№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Бүгінгі кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі құптарлық-ақ шаруа

Бүгінгі кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі құптарлық-ақ шаруа

Жастайынан ісмерлікпен айналысқан кәсіпкер уақыт өте киім тазалау орталығын ашуды жоспарлайды. Дегенмен, бұл істі дөңгелетіп әкету оңайға түспеген. Әлі де болса қажетті құрылғылар жетіспейді екен.

– Зейнетке шыққан соң кент орталығынан бір орын жалдап, қызыммен бірге тігін тігуді қайта қолға алдым. Қызым перде тікті. Мен қасында отырып түрлі көйлектерге тапсырыс қабылдадым. Бір күні Алматыдан Шалқияға іс-сапармен келген бойжеткен есік қағып, химиялық тазалау қажет екенін айтты. Қолында ақ пальтосы бар. Мен «тәуекел» деп әлгі пальтоны тазалауға алып қалдым, – дейді Баян апа.
Міне, осы оқиғадан соң ол киім тазалау орнын ашуды ойға алады. Бірақ қажетті аппараттардың болмауынан іс аяқсыз калады. Десе де, күн өткен сайын тазалау орнына деген сұраныс арта береді.
– Сол бір пальтоны тазалағаннан кейін халық бір-бірінен естіп, есік қағатындар саны артты. Алдыма келген адамды кері қайтармай киімдерін алып қала бердім. Оларды үйге әкеліп еппен жуып, бүлдірмей тазалауға тырыстым. Сұраныс артқан соң несиеге «Керби» аппаратын алдым. Ал, одан жақсы аппараттардың бағасы тым қымбат болды, – дейді ол.
Иә, ауданда кенжелеп қалған кәсіпті қолға алып, көптің алғысын арқалап жүрген Баян апа жастайынан ісмер болған. Екінші сынып оқып жүргенінде анасына көйлек тіккен кейіпкердің бойына тігіншілік өнер қанмен келген қасиет. Ол мектептен соң тігіншілікті оқып, 16 жыл аудандағы жұмысшылар кооперациясында цех меңгерушісі болып жұмыс жасайды. Бірақ, 1990 жылдары елде тоқырау болып, мекеме жабылып, Байкенже ауылына көшеді. Ол жақта күнкөрістің қамымен егіншілікпен айналысып, тігін өнері біршама уақытқа тоқтап қалады.
– Тоқырау уақытында әркім екі қолға бір күрек алып, реті келген жұмыспен айналысып кетті. Біз де сол кезде диқаншылықты қолға алып, сол бағытта жұмыс жасадық. Бірақ арасында қолым тигенде халықтың сұранысына қарай көйлек-көпшік тігіп жүрдім. Кейіннен ауданға қайта көшіп келіп, 2006 жылдан бастап ісмерлікті қайта қолға алдым, – дейді кейіпкеріміз.
Ісмер апа бүгінде өзімен қоса екі адамды жұмыспен қамтып отыр. Күніне төрттен аса көйлек тігуге тапсырыс қабылдаса, үш киімді тазалауға алып қалады. Өйткені, одан артық киім қабылдаса техниканың жоқтығына байланысты оны тазалап үлгермейді.
Зейнет жасынан асса да халық сұранысына сай кәсіппен айналысып жүрген кейіпкеріміз жеңілдетілген несие ала алмай жүргенін де жасырмады. Осы күнге дейін құжаттарын рәсімдеп, талай мекеменің табалдырығын тоздырған ол сол күйі несиеге қол жеткізе алмаған.
– Бүгінде үлкен мекемелердің арнайы киімдерін тазалау жөнінде тапсырыстар түседі. Бірақ оны тазалауға мендегі кір жуғыш машина қауқарсыз. Химиялық тазалау аппараттары өте қымбат тұрады. Тіпті, пайдаланылғандарының да бағасы ұшып тұр. Сол үшін кәсібімді өркендету жолында несиеге арыз жазып, құжат рәсімдедім. Талай жылдың жүзі өтсе де сұранысыма жауап болмады, – дейді Баян Убайдуллаева.

Түйін. Иә, «Шебердің қолы ортақ» демекші, бүгінгі кейіпкеріміздің қолға алған кәсібі құптарлық-ақ шаруа. Өйткені, ауданның экономикасы өркендеп, жұмыс орындары артып, түрлі зауыттар саны көбеюде. Демек, киім тазалау орнына да сұраныс артары анық. Осы тұста, химиялық тазалау орны қажет болары да түсінікті.

Айсұлу АЛДАНАЗАР.
12 қаңтар 2020 ж. 720 0