12 АЙДАҒЫ ИГІЛІКТІ ІСТЕР
2019 жыл табысты жыл болды. Оған өткен күндер шежіресінен парақтау арқылы көз жеткізіп отырмыз. Биыл тың бастамалар бастау алды. Құрылыс қарқынды жүріп, кәсіпкерлік саласы даму жолына түсті. Егін және мал шаруашылығы саласында табысқа кеңелдік. Дегенмен әр айдағы ең жағымды жаңалықтарды сараптауды жөн көрдік. Сонымен...
Қаңтар
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жолдауында «2019 жыл – жастар жылы» деп жариялаған еді. Яғни жастардың потенциалын ел дамуына бағыттап, жастар саясатын дамытуға жүйелі қолдау көрсетіп, олардың мәселесіне жан-жақты мән беруді тапсырды. Осы ретте Манап Көкенов атындағы аудандық мәдениет үйінде қаңтар айында «Жаңақорған жастары жарқын болашаққа!» атты аудан жастарының форумы өтіп, жыл бойы атқарылатын бастамалар пысықталды.
Ақпан
Елбасы Жолдауында кәсіпкерлік саланы дамытып, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін толық іске асырып, жұмыссыздық санын қысқартуды тапсырды. Үкімет пен әкімдердің қызметі осы көрсеткіштер бойынша бағаланатынын білдірді. Аталған басымдықтар Жаңақорған ауданында рет-ретімен шешімін тауып, халық игіліне айналды. Мұны сол уақыттағы аудан әкімі болған Ғалым Әміреевтің тұрғындар алдында берген есепті кездесуінде білдік.
Наурыз
«ТИЫН» сауда үйі есігін ашты. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында ашылған сауда үйінің лентасын мәслихат хатшысы Ерғали Ильясов кесіп, кәсіпкер Айсұлу Адильшинаға сәттілік тіледі. Араға 5 ай салып «ТИЫН-2» сауда орны ашылды. Қос сауда нысаны 15-тен аса тұрғынды жұмыспен қамтыды. Байырғы Ұлы Жібек жолы бойында сауда мәдениеті қалыптасқан Жаңақорған ауданында жыл сайын заманауи сауда үйлері ашылуда. Бұл – ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуынан хабар беретіндей.
Сәуір
Тұрғындарды кәсіпкерліктің қыр-сырына үйрететін «Бастау» бағдарламасы аясында оқу курсы басталды. Бұл жобаның ынталы кәсіпкерлер үшін маңызы зор. Жоба аясында үш лек бойынша 150-ден аса жас кәсіпкер оқып, өз кәсібін бастап кетті.
Мамыр
Бұл жиын басқалардан өзгерек болды. Ұйымдастырылып отырған жиын Қазақстан, Орта Азия ғана емес, жалпы мұсылман жұртшылығы үшін аса құнды, ұлағатты басқосу болғаны ақиқат. Хуссамеддин бабаны толық зерттеп білуіміз бізді қаншама тура бағытқа салып отыратынының өзі баға жетпес қазына. Конференцияда ең алғаш сөз алған осы жиынға арнайы келген «Нұр-Мүбәрәк» Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Абдулхаким-Мухаммад-аш-Шаххат Әл Жиндид жиынға осындай баға берді.
МаУСЫМ
Дәстүрлі «Малшылар слеті» бесінші рет өтті. Қарт Қаратаудың қойнауында өткен дүбірлі тойға (сол кездегі) облыс әкімі Қырымбек Көшербаев пен ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров арнайы келді. Мал шаруашылығы саласының жетістігін дәріптейтін көрмеде аудандағы мал шаруашылығының әлеуетін бағамдадық. Ең бастысы, Сыр өңірінде мал шаруашылығы саласында еңбек сіңіріп жүрген дала еңбеккерлері марапат биігінен көрініп, лайықты бағаланды.
ШІЛДЕ
Апат айтып келмейді. Арыстағы алапат жарылыс күллі елді есеңгіретіп жіберді. Әскери қоймадағы оқ-дәрілердің дүлей дүмпуінен бейқам отырған бұқара баспанасын тастап, босып кетті. Әрине, жойқын жарылыстың себебі де анықталды. Осы уақытта арыстық ағайынға сын сағатында сабыр тілеп, көмек көрсетуде жаңақорғандықтар да қарап қалмады. Соның ішінде ерікті жастардан құралған «Жаңарған Жаңақорған Жастарының» бастамасымен азық-түлік, киім-кешек, тағы да басқа қажетті заттармен қамтамасыз етілді. Еріктілер тобы үш рет 12 тоннадан асатын азық-түлікті аттандырды. Ал әріптесіміз Әбдісамат Әбдіш арыстық ағайындардың хал-жағдайын білуге арнайы барып, репортаж жүргізді.
ТАМЫЗ
МАИ бекеті аумағында «Жаңарған Жаңақорған жастары» ерікті тобы мен Жаңақорған кентіндегі іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен көп балалы және тұрғын үйге мұқтаж отбасылары үшін құрылысы басталған тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Досмайылұлы Ысқақов Жаңақорған ауданына арнайы іссапармен келгенінде игілікті іске сәттілік тіледі. Осы сапар барысында аймақ басшысы Өзгент және Бірлік ауылындағы амбулаторияның лентасын қиды.
ҚЫРКҮЙЕК
Облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов тамыз айының соңғы күнінде Жаңақорған жұртшылығына жаңа аудан басшысын таныстырды. Қызылорда облыстық әкімінің өкімімен және ҚР Президенті Әкімшілігі мен Жаңақорған аудандық мәслихатының келісімі бойынша Сұлтан Мақашов аудан әкімі болып тағайындалды.
ҚАЗАН
27 қазан күні аудандық мәдениет үйінде ауқымы кең, маңызы жоғары кездесу өтті. Үкімет басшысының орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған жұмыс тобы халықпен еркін форматта кездесіп, халықтың пікірін білді. Алқалы басқосуды облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов жүргізді. Кездесу барысында Президент Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында қойылған міндеттерге жан-жақты тоқталып, тұрғындардың көкейінде жүрген сауалдарға жауап берді.
ҚАРАША
Қазақстан Республикасы Бас прокурорының 2019 жылғы 31 қазандағы бұйрығымен Әбіш Дарын Елтайұлы Жаңақорған ауданының прокуроры болып тағайындалды.
ЖЕЛТОҚСАН
Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қожакент және Сунақата ауылдық округінде типтік жобадағы спорт кешені есігін ашты. Сыр өңірінде Жаңақорған ауданы Мемлекетік жеке әріптестік секторына белсенді қатысуда. Жыл басында Сүттіқұдық ауылдық округі мен Жаңақорған кентінде спорт кешені пайдалануға берілді. Одан бөлек Жаңақорған кенті, Ақүйік, Төменарық, Қожамберді, Қандөз, Жаңаарық, Қыркеңсе ауылдық округінде бағдарлама аясында спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Дайындаған
Лаура БИБАСАРОВА