№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ЕСЕП БЕРУ: ӘКІМДЕР НЕНІ ЕСКЕРГЕН ЖӨН?

ЕСЕП БЕРУ: ӘКІМДЕР НЕНІ ЕСКЕРГЕН ЖӨН?

Қаңтар айының бел ортасынан бастап, жылдағы дәстүр бойынша ауыл әкімдері ел алдында есеп береді. Жыл он екі айда атқарған жұмыстарын есептік баяндамадан көз алмай хабарлап шығатын әкімдер әзірден дайындалып жатқан болар. Әрине, ауыл-аймақта атқарылып жатқан игілікті істерге ешкім көз жұмып қарамайды. Десе де, «уәде беру – бір абырой, уәдені орындау – мың абырой» деген сөз қалыпты бабадан. Ұрпағын мәрттікке, адалдыққа баулыған ұлт үшін осы сөз адамдықтың өлшемі болатыны ақиқат.

Бірақ, уәденің салмағын сезіне алмай, сөздің қадірін қашырып алғандаймыз. Жергілікті билік жұртқа уәдесін беріп, ағынан жарылып жатса да сенбейтіндер көбейді. Оған ауылдағы қордаланған мәселелердің уақытылы шешілмеуі себеп болғаны анық. Десе де, биылғы есепті кездесу бұрынғыдан өзгерек болмақ. Бұл жөнінде аудан әкімі Ғалым Әміреев жақында ғана орынбасарлары мен сала басшыларын һәм ауылдық округ әкімдерін «ақ үйге» жинап, есепті кездесуде айтылуға тиісті негізгі сегіз кретерийді ортаға салды. Яғни, «біздің ауылда 1 АТС, 1 монша бар» деген секілді тоқсаныншы жылдары салынып қойған ғимараттарды санамалап шығудың қажеттілігі жоқ.
Хош. Сонымен биылғы есеп беру кездесуінде ауыл әкімдері баяндамасында қандай 8 бағытты қамтуы тиіс?
Бірінші, салық түсімдерінің орындалу ба­рысы. Өздеріңізге белгілі, 2018 жылдан бас­тап ауданда 11 кент, ауылдық округтің бюджеті өз «еншісін» алып, бөлек шықты. Ендігі олардың ахуалы қандай? Салық түсімінде өсім бар ма? Міне, бес беттік баяндаманың бісмәлләсі осыдан бастау алады.
Екінші, елді мекен тазалығы мен түнгі жарықтандыру, спорттық және балалар ойын алаңқайының жағдайы. Түнгі жарық­тандыруды қайдам, ел болып цифрлы тех­нологияға қадам басып жатқанда, өткен жыл­ғы есепті кездесуде көктөбелік ағайындар қарапайым электр жарығының тұрақты жанып тұрғанын сауал етіп етеді. Оған қоса, сөнген жарықты қайта қалыпқа келтіретін электрик болса деген тілегін жеткізген болатын. Бәлкім бұл уақытқа дейін шешімін тапқан болар.
Үшінші, мелекеттік-жекеменшік әріптестік ая­сында атқарылған және атқарылатын шаралар. Бұл бағытта Сүттіқұдық пен Жаңақорған кентінде жүйелі жұмыс бар. Ақүйік, Бесарық қарекетін жасауда.
Төртінші, Кәсіпкерлік саласы. Тауар айналымы 2 млн теңгеден асатын кәсіпкерлер санын арттыру. 2018 жылы бес айдың қорытындысын тыңдаған аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлік саласы бойынша «көштен қалған» жекелеген ауыл әкімдерін орнынан тұрғызып, бір сілкіп алған еді. Оған қоса, «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау жылы» деп айта бергеннен гөрі, нақты қанша кәсіпкерге не оған ынталы қанша азаматқа қолдау көрсетілді? Міне, осы сауалдардың жауабы ендігі дайын болған болар.
Бесінші, 2018 жылғы қаржының игерілуі. Жасыратыны жоқ, кейде жыл соңында қарбалас қызу тірлік басталып, көше асфальттанып, абаттандыру жұмыстары жандана түсетіні бар. Түбін сөз етсең, тендерге келіп тіреледі.
Алтыншы, мерзімді әскерге шақыру жұмыс­тарының орындалу барысы. Шыны керек, жастардың Отан алдындағы борышын өтеу бүгінде өзекті мәселеге айналды. Бұрындары әскерге бармау ұят болса, бұл күндері бармау үшін барын салады. Қысқасы, құлықсыздық.
Жетінші, статистикалық есептілік, 2019 жылғы халық санағына дайындық.
Сегізінші, сары майдай соңына сақтаған кри­терийдің салмағы басым. Ол – 2018 жылғы есеп беру кездесуінде ауыл әкімдеріне қойылған ұсыныс-пікірлердің орындалу барысы. Орындалмаған жағ­дайда себебін айқындап, тағы бір талқыға салу.
«Ауласы бірдің ауасы бір» демекші, Сыр беткейдегі көп ауылдың мәселесі ортақ. Мәселен; тозығы жеткен трансформатор, самал желден сымы үзілетін электр желісі, қазылмайтын қашыртқы, ахуалы апаттық деп танылған көпір һәм әлеуметтік нысан мен ыза судан ызаланған халық. Қысқасы, жоғарыдағы 8 бағыт биылғы ауыл әкімдерінің есепті кездесуінің өзегіне айналып, бұрынғы баяндамаларға қарағанда өзектірек өтеді деген үміт басым. «Қабат-қабат хаттама, ақылың болса аттама» демекші, хаттамаға жазылған халық ұсынысы қағаз күйінде қалып қоймай, оң шешімін табуға тілекшіміз. Қалам ұстаған қауым ретін де ара-тұра қамшы басып, жергілікті биліктің уәдесін еске салып, таразылап тұратын боламыз. Не десекте, биылғы есеп беру форматы өзгеше болатынына сенейік. Айтпақшы, әкімдер баяндамасының басын халық санынан бастағанды ұнатады ғой. Енді есепті кездесулерге бюджеттік мекеме қызметкерлерінен бөлек, жалпы халықтың қатысуын қамтамасыз етсе. Себебі, көбіне есепті жиындарда артық-ауыз сын айтпайтын «тәртіпті» тұрғындар ғана қатысатындықтан ба, бар салмақ аузы дуалы ақсақалдарға түсетіні бар.

Әбдісамат ӘБДІШ.
12 қаңтар 2019 ж. 1 335 0