Қысқы етік қалай таңдалу керек?
Қысқы етіктің қаншалықты дұрыс таңдалғаны адамның денсаулығына тікелей әсер етеді. Басқа жыл мезгілдеріне қарағанда қыста аяқ киім таңдауға аса мән берген жөн. Суық мерзімде етіктің сәнділігінен гөрі оның жылулығын, сапасын және қауіпсіздігін бірінші орынға қою керек. Ендеше, қысқы етік сатып аларда қандай ережелерді ескеру керек?

Етіктің табаны Егер етіктің табаны сырғанақ болса, бірден етікшіге барып, табанына сырғанамайтын материал жабыстыртып алыңыз. Себебі етігіңіз сырғанап, жай болса да, ыңғайсыз құласаңыз, ол денсаулығыңызға қауіп төндіруі мүмкін. Сондай-ақ етіктің табанының қалыңдығы 1 см-ден жұқа болмауы керек. Қысқы етіктен аяққа суық немесе ылғал өтпес үшін оның табанының қалың болғаны дұрыс. Етікке ұлтарақ таңдағанда оның жұмсақ болуын қадағалаңыз. Қатты ұлтарақ аяққа сүйелдер шығуына себеп болады.
Етіктің өкшесі Негізі өкшесі биік аяқ киімді қыс түгіл жазда да киюге болмайды. Аса қажет болғанда, оны күніне 3-4 сағат қана кию керек. Жай табан етікті де кию ұсынылмайды. Себебі ол табанды өзгеріске ұшыратады: ешқандай өкшесі жоқ аяқ киім киіп тұрған әйелдің бүкіл салмағы тек табанына түседі. Қысқа арналған етіктің өкшесі 3-4 немесе 4-5 сантиметр болғаны жөн.
Етіктің қонышы Қысқы етік ең болмағанда табан буынын жауып тұру керек. Ал балтырды жабатын болса, одан да жақсы болады. Шалбарға қарағанда белдемше не көйлек жиі киетін әйелдерге ботфорт секілді етік алуға болады. Себебі ол тізе буынын да суықтан қорғап тұрады.
Етіктің материалы Етік өз иесіне ұзақ қызмет ету үшін және аяқты терлетпей жылулықта ұстау үшін оның материалы табиғи болуы керек. Қазір өндірушілер тері алмастырғыштарды жиі қолданатынын білеміз. Ендеше, таза былғарыны тері алмастырғыштан ажырату жолдарын мына жерден оқыңыз.