№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Әбдісамат Кореядан бірақ-ақ шықты

Әбдісамат Кореядан бірақ-ақ шықты

    Қытай экономикасының қарқынды қуатына куә болып, Кореяға да келіп қалдық. Ел аузында «Кәсіп бастағың келсе, Кореяға бар» деген тәмсіл бар. Бұл сөздің қаншалықты рас екендігін сараптамалық мақаланы нысанға алғаннан білдік. Расында, 1960 жылдары әлемдегі ең кедей елдің қатарында болған Корея Республикасы бүгінде экономикасы дамыған әлеуетті «Азия жолбарысына» айналды?


    Бізді осы қызықтырды. Әсіресе, Оңтүстік Кореядағы шағын және орта кәсіпкерлікке мемлекеттің демеуіне ден қойдық. Мұнда шағын бизнес өте қарқынды дамыған. Мәселен, елдегі барлық өндірістің 98 пайызын қамтитын және жұмыс істейтін халықтың 60 пайызын қамтитын миллионнан астам кәсіпорны бар. АЛ, кореялық шағын компаниялар ЖІӨ-нің 50 пайыздан астамын және экспорттың 45 пайызын құрайды. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея экономикасы – ЖІӨ-нің номинальды көлемі бойынша Азия-Тынық мұхиты аймағында үздік үштікті түйіндеп тұр. Өздеріңізге белгілі, бұл ел автомобиль, кеме құрылысы, болат құю өнеркәсібі, тұрмыстық техника мен электроника өндірісінен әлемде көш басында.
    Хош. Әлгінде ғана айттық Кореяның кедей елдер қатарында болғанын. Ендігі кезекте, елде кәсіпкерлікті қолдау қашан басталғанын зерттеп көрдік. Корея Республикасы Үкіметінің шағын және орта бизнес өкілдерін қолдау жөніндегі саясаты 1966 жылдан бастау алыпты. Онда сол жылы «Шағын және орта кәсіпкерлік туралы» Заң қабылданады. Бұл кезеңде Үкіметтің индустриялық саясаты негізінен ірі корпорацияларға бағытталған. Ал, 1970-жылдардың ортасында ауыр және химиялық өндірістерді дамытуға көбірек көңіл бөледі. Осы кезеңде негізгі саясат ірі корпорацияларға кіруге рұқсат берілген кейбір салаларды анықтау арқылы ШОБ субъектілерінің қызметін қорғауға бағытталады. 1980-жылдан бастап ШОБ-ты қорғау саясаты одан әрі нығайтылады. Осы жылы арнайы бизнесті насихаттау жөніндегі мемлекеттік қор және шағын және орта бизнеске қолдау көрсететін ұзақы мерзімді 10 жылдық бағдарлама қабылданады. Міне, осы 10 жылдық бағдарлама Кореяны әлемнің озық елдеріне қатарына сүйрейді. Нарыққа тез бейімделіп, бәсекелестерімен қатар бой түзеген кореялықтар 1990 жылы Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болады. Бұл уақыттан бастап, Кореяның екінші тынысы ашылады. Үкімет инновациялық технологияларға қолдау көрсетіп, өндірістік процесті автоматтандыруға бағытталған инвестиция тартуға кіріседі. Осылайша, Корей мемлекеті 2000 жылдан бастап 10 жылдық шағын бизнес пен кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын енгізді. Мұндағы мақсат – шағын және орта бизнестің деңгейін көтеру болды. Он жылдық бағдарламаның нәтижесінде өнеркәсіп өнімдерінің экспорттық үлесі 30 пайыздан 50 пайызға өсті. Ал, халықты жұмыспен қамту 80 пайызды құрады. Мемлекет шағын және орта бизнесті қаржылай қолдауда, елде заемдар бойынша төмен пайыздық мөлшерлеме режимін енгізді. Кәсіпкерлікті қолдау саясаты бірнеше бағытта жүрді. Бастапқы компаниялар төмен пайыздық мөлшерлемемен 8 жыл бойы несие алуға мүмкіндігі бар. Бұл негізгі банк жүйесіне қарағанда 3 пайызға төмен. Оған қоса, өндірілетін өнім халықаралық сапа стандарттарына сәйкес келсе, мұндай компаниялар мемлекет тарапынан қосымша қаржылық қолдауға ие болады. Бір сөзбен айтқанда, өте аз уақыт аралығында мешеу елден осы заманғы озық техника мен тенхнологияны, тіпті электрониканы жетік меңгерген алдыңғы қатардағы индустриалды елге айналды.
   Бүгінде өзіміздің күнделікті мініп жүрген көлігіміздің көбісі корейлік марка. Кореяда жылына 3 млн-нан астам автомобиль экспортқа шығарылады. Яғни, жаһандағы көлік өндіруші үздік бес мемлекеттің қатарында. Танымал кәсіпорындары: «Hyundai Motor», «Kia Motors», «Daewoo Auto», «SsangYong Motor Company». Негізінен кәрістердің шығарған көлігі салыстырмалы түрде алғанда арзандау болғандықтан сұранысқа ие. Бұл бір жағынан тұтыну нарығындағы маркетинг саласын мықты меңгергендігінің белгісі болса керек. Сондай-ақ колымыздағы смартфонымыз осы Корей елінен келген. Қазіргі таңда Оңтүстік Корея әлемде тұтынушылық электроника өндіру бойынша бірінші орында тұр. Сандық технологияға көшкен бірден-бір мемлекет. Саладағы ірі компаниялары LG, Samsung және Daewoo Electronics. Бұл компаниялардың шығарған өнімінің басым бөлігі экспортқа жол тартады. Мәселен, 2015 жылы Samsung Electronics компаниясы сырт елдерге 35 миллион дана ұялы телефон сатқан. Осылайша, әлемдік нарықты жаулаған «Самсунг» смартфоны америкалық «Айфон» смартфонынан кейінгі екінші орынға жайғасты.
    Түйіндей айтқанда, әлемдік қауымдастық бүгінде Оңтүстік Азия мен Оңтүстік Шығыс Азияның бірқатар елдерін бейнелі түрде «Азия жолбарыстары» деп атайды. Өйткені, соңғы жарты ғасыр көлемінде бұл елдердің экономикалық өсімі жолбарыстың секірісі секілді. Оған қоса, осындай керемет көрсеткішпен «дамудың кілті – Еуропада» деген түсінікті теріске шығарып, әлемді мойындатты. Қысқасы, «жақсыдан үйренсең – жетерсің мұратқа» демекші, Кореяның кәсіпкерлік саласының үлгі аларлық тұсы көп.

Әбдісамат ӘБДІШ.
12 желтоқсан 2018 ж. 1 916 0