№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » КӘСІБИ МАМАН ЖҰМЫСЫНА ДА МЫҒЫМ

КӘСІБИ МАМАН ЖҰМЫСЫНА ДА МЫҒЫМ

Соңғы жылдары аудан бойынша құрылыс саласындағы жұмыстар жоғары қарқынмен жүргізіліп келеді. Құрыш қолды құрылысшылардың қолымен салынған сәнді де, жайлы құрылыс нысандары жұртшылықтың игілігіне айналуда. Әрі аймақ дәулетінің еселеп артуына тың серпін беруде. Осы орайда, ауқымы үлкен саланы серпінді дамытуға үлесін қосып жатқан білікті де білімді, іскер құрылысшы қызметкерлердің еңбегі ерек. Міне осындай кәсіби маманның бірі – Жаңақорған ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің бас маманы Тұрарбек Өндірбекұлы.
М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің түлегі алғашқы еңбек жолын кенттегі «Қызмет-2000» мекемесінде шебер болып бастайды. Бұл аудан орталығындағы ауыз су жүйесіне жауапты мекеменің бірі болатын. Осылайша жас маман мұнда бір жыл ғана қызмет жасап, «Түгіскен» тәжірибе шаруашылығы» серіктестігіне гидротехник болып ауысады. Жас инженер-гидротехник жұмысына жауапкершілікпен қарап, басшылықтың сенім үдесінен шығады. Берілген тапсырманы тиянақты орындап, кәнігі су маманына айналады. Алайда 2006 жылдан бастап, жеке серіктестік компанияға қызметке барып, учаске бастығы болады. Әрі «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Жаңарық, Келінтөбе, Бесарық бекеті, Қызылорда қаласындағы Қарауылтөбе ауылын суландыру жұмыстарына қатысып, қайнаған қарбаластың бел ортасынан табылады.
– Халық үшін сапалы ауыз суға қолжетімділіктің маңызы зор. Осыны сезінген Үкімет ел тұрғындарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға бар күшін салып отыр. Сондықтанда мемлекеттік «Ақбұлақ» – жан-жақты, тыңғылықты зерттеліп-зерделенген бағдарлама. Осы құнды құжаттың шеңберінде көптеген ауыл таза әрі сапалы ауыз сумен қамтылды. Әлі де кезең-кезеңімен қыруар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, «Талап топтық су құбырының құрылысы» арқылы тау беткейдегі 12 елді мекеннің 19 381 халқын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қаралса, «Сырдария топтық су құбырының құрылысы» жобасымен Сыр беткейдегі 15 елді мекен тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету қаралған. Бұлда болса, мемлекет қамқорлығының бір көрінісі, – дейді Тұрарбек Өмірбек.
Ал 2009 жылдан бастап аудандық құрылыс бөліміне құрылысшы маманы болып жаңа қызмет орналасқан Тұрарбек Өндірбекұлы ауданда салынып жатқан әлеуметтік нысандарға тікелей араласа бастайды. Әсіресе, республикалық, облыстық бюджеттен бөлінген қаржыларға мониторингтік талдау жасап, мердігер компанияның жобаға сәйкес жұмыс атқаруын қадағалады. Бүгінде бөлімнің бас маманы ретінде ауданда жаңадан бой көтерген көптеген нысандардың жоба-сметалық құжаттарын жасап қана қоймай, құрылыстың басы-қасынан табылды. Мәселен, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында М.Нәлібаев, Түгіскен, Бесарық бекеті, Бесарық ауылы, Төменарық, Сүттіқұдық, Қыраш ауылдық округтерінде ауыз су құбырларының тартылуында және кент орталығындағы МАИ бекеті аумағынан 12, «Саяжай» мөлтекауданынан 2 арендалық тұрғын үйдің құрылысын салуда маман ретінде қомақты үлесін қосты.
Сондай-ақ Тұрарбек Өмірбек қазіргі таңда «Саяжай» мөлтекауданына салынып жатқан көп қабатты тұрғын үйлердің инфрақұрылым жүйелерін жүргізуге бағытталған құжаттарын рәсімделуіне өзіндік міндетін атқарды.
– Жаңақорған кентінің «Саяжай» учаскесіндегі тұрғын үйлердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын салуға жұмыс жасалуда. Сумен жабдықтау және су бұру құрылыс жұмыстарына 158366,0 мың теңге қаржы республикалық бюджеттен және 15 800,0 мың теңге қаржы облыстық бюджеттен бөлініп, бүгінгі таңға 145736,36 мың теңге қаржы игеріліп, 2,6 шақырым ауыз су желісі, 0,8 шақырым өздігінен ағатын кәріз жүйесі тартылған, 8,7 шақырымдай қысымды кәріз жүйесінің желісі тартылып, 2 КНС станцалары мен электр желісін монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Оған қоса, бүгінгі күнге, Жаңарық және Төменарық елді мекендерінен мал қорымының (биотермиялық шұңқыр) құрылысын салуға облыстық бюджеттен 29 473,0 мың теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта аталған мал қорымының құрылысын салуға, аудандық мемлекеттік активтер және сатып алу бөлімі арқылы 2018 жылдың 29 маусымында электронды мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды. Жеңімпаз мердігер анықталған соң, құрылыс монтаж жұмыстары басталады деп күтілуде, – деді саланың бас маманы Тұрарбек Өндірбекұлы.
Иә, құрылысшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында Тұрарбектың тындырымды тірлігін елге танытуды мақсат еттік. Ол ертелі-кеш компьютердің алдында отырып, құрылыс сызбаларының әрбір өлшемін есепке алады. Оған қоса жоба-сметалық құжаттардың мемлекет тарапынан оң қорытындысын алуға жұмыстанып, кәсіби біліктілігін дәлелдейді. Соңыра құрылыс нысанының басына барып, жобаға сай салынып жатқанын бақылайды. Осылай жүзеге асып жатқан жарқын жобалар яғни, заман талабына сай салынған әлеуметтік нысандар өңірдің айбынын асырып, сымбатына сән қосуда.

Самат КЕРУЕНБЕКТЕГІ.

11 тамыз 2018 ж. 1 101 0