№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Техниканың тілін ұққан кәсіби инженер

Техниканың тілін ұққан кәсіби инженер


Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында даму үшін ең алдымен жаңа технология мен инновация тілін меңгерген, сауаттылығы жоғары мамандарды өндіріске қосуымыз қажет. Елбасы биылғы Жолдауда басымдық берген сала мамандарын арамыздан іздеп, олардың кәсіби ізденісін насихаттауды жөн көрдік.
Өзінің биік қарым-қабілетімен, ерекше болмыс-бітімімен дараланған жас – Серік Ахметов. Ол «СКЗ-U» ЖШС-нің ауыз су, жылыту жүйесі және кәріз қызметінің инженері. Ол ең алғаш 2012 жылы суды тазарту цехіне оператор болып орналасқан. Оның жұмыстағы белсенділігі мен біліктігін байқаған басшылық 2016 жылы цех инженері етіп тағайындаған. Жұмыс жүйесінің жауапкершілігін сезінген Серік Қаржаубайұлы цехтің қарқынын дамыту мақсатында аянбай еңбек етуде. Оның жұмыстағы талпынысын сөз еткен «СКЗ-U» ЖШС директор орынбасары Сәулебек Дүйсебеков: «Біздің жұмыстың басым бөлігі суды қажет етеді. Цехтің жұмысына күніне сан мыңдаған куб су жұмсалады. Одан соң, мұнда 300-ге жуық жан қызмет ететіндіктен, олардың күнделікті тұтынатын су мөлшерін бағамдай беріңіз. Міне, осыншама ауыз су мөлшерін жеткілікті деңгейде тазартып, ауыз сумен қамтамасыз ету – инженердің міндеті. Бұған қоса, кәріз қызметі, жылу жүйесінің бітпейтін машақатын көтеріп жүрген Серік Ахметовтің командасының еңбегін елеген жөн» – деді.
Инженер – 15 маманның жұмысына тікелей жауапты. Цехтің 4 сантехник маманына, 6 электрикке, 4 операторға, 1 электр-газбен дәнекерлеушіге бағыт-бағдар беріп, жұмысын қадағалайды. Екі ауысымда жүргізілетін жұмыста ауыз су мәселесі туындамауы үшін инженердің еселі еңбек етуіне тура келеді.
Қызметіне жанын сала кіріскен инженерді жұмыс орнында жолықтырдық. Су құбырын тазалау ісін тексеріп, мамандардың жұмысын пысықтап болған соң, әңгімеге тарттық.
– Күніне орташа есеппен айтқанда 50-60 текше метр ауыз су пайдалануға беріледі. Ауыз суды биологиялық жолмен тазарту әдісін қолданып, заманауи инновацияны жүзеге асырудамыз, – деді.
Ал, өндірістегі су мөлшері ауыз суға қарағанда едәуір көлемді. Мұнда, күніне шамамен 2 мың текше метр су цех жұмысына қолданылады. Осындай ауқымды істердің тиімді жүргізулеріне су инженерлері жауапты. Жауапкершілік жүгін көтерген жандар талай рет қиындықпен бетпе-бет келіп, уақыт санаспай еңбектенген күндері аз болмапты. Осындай қиын да қызықты күндерді еске алған Серік Қаржаубайұлы: «СКЗ-U ЖШС-не алғаш келген жылы ештеңеден бейхабар жас маман едім. Бір күні жылы судың құбыры жарылып, ыстық су болмай қалды. Кешқұрым еді. Дереу іске кірісіп, құбырды жаңалауға кірістім. Күн батып, кешкі салқын денеме өтіп жатты. Оған қарамастан, таң атқанша жұмысты аяқтауға бел будым. Бар ойым цехтің жұмысын тоқтатпау. Сөйтіп, қараңғылыққа қарамастан істі бітірдік. Ертеңіне басшылық шақырып, менің жұмысымды бағалап, рахметін айтты», – деп сырын ашты.
Міне, қара басын емес, көпшілік қамын ойлаған білікті маман осылайша қарапайымдылығымен басшылықтың сеніміне кірді. Серік Қаржаубайұлы жоғары білімді М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан Мемлекеттік университетінен алған. Студент кезінде-ақ, техникаға ептілігін байқатқан. Белсенді жас француздардың «Тодини» фирмасында оператор болып, екі жылдан астам қызмет етіп, тәжірибе жинақтаған. Кейін отбасы құруына байланысты туған жеріне келіп, өндірістің дамуына еңбек етуде. Жары – Гүлдана Мырзатаева ауданның мәдениеті мен өнері дамуына қызмет етеді. Қос бірдей ұлға тәлім-тәрбие беріп жүрген әкенің адамгершілік болмысы, қадір-қасиеті кейінгі жастарға үлгі боларлықтай.

Мақпал МАРҚАБАЙ.
17 наурыз 2018 ж. 1 054 0