№47 (8961) 23

23 маусым 2026 ж.

№46 (8960) 20

20 маусым 2026 ж.

№45 (8959) 16

16 маусым 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930 
» » ҚОҒАМ ӨЗЗЕРМЕЙ – ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙДЫ

ҚОҒАМ ӨЗЗЕРМЕЙ – ЖЕМҚОРЛЫҚ ЖОЙЫЛМАЙДЫ

Қазақстанда 8 жылда 7539 адам сыбайлас жемқорлық бойынша жазаға тартылған. Бұл 2016-2024 жылғы дерек көзі. Сыбайлас жемқорлықпен күрес агенттігінің хабарлауынша, 2016 жылы 903 жемқор темір торға тоғытылса, былтыр 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілді. 1 052 қылмыстық іс қозғалып, 969-ына қатысты тергеу аяқталды, оның 860-ы сотқа жолданған. Мұның арасында Жаңақорған ауданына да барын ұмытпауымыз керек. Әсіресе, білім саласындағы былықтар аудан абыройына нұқсан келтірді. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекеттерінің нәтижесі қаншама заңсыздықтың алдын алып, нәтижесі жақсарып келеді.
ҰҚК-нің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі 2026 жылғы мамыр айында атқарылған жұмыстың қорытындысын жарияланғанына біз де куә болдық. Elordainfo.kz хабарлағандай, бір айдың ішінде еліміз бойынша 83 сыбайлас жемқорлық қылмысы тіркелген. Анықталған құқық бұзушылықтардың басым бөлігін пара алу, жымқыру және алаяқтық фактілері құрайды. Жүргізілген тергеу жұмыстарының нәтижесінде 45 адам күдікті деп танылып, 85 қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Тек 66-сы ғана сот қарауына жолданған. ҰҚК дерегіне сәйкес, аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залал көлемі 1,5 млрд теңгеге жеткен. Міне, әзірге көрініс осындай.
Жалпы сыбайлас жемқорлық фактілерінің басым бөлігі пара алу және бюджет қаражатын ұрлау сияқты қылмыстарға қатысты. Былтыр ел бюджетіне 16,1 млрд теңге қайтарылған. Құны 3,3 млрд теңге болатын мүлікке тыйым салынған. Сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін 61 адамға 24,2 млн теңге сомасында сыйақы берілді. Айта берсек, мұндай дерек аз емес. Кешегі күнге дейін мемлекеттік қызмет бойынша сыбайластық көрінісіне көбіне білім мен медицина саласы кепіл болды. Рас, мемлекет қаржысына қол сұғушылық та осы саламен байланыстырылды. Мұны Жаңақорған ауданындағы білім саласының екі жыл бұрынғы көрсеткіші себеп.
Кезекті мәрте аудандық соттың есігін қағып көрдік. Қуантарлық жағдай бар екен, биыл жемқорлық жөнінде дерек тым төмен. Жоқтың қасы деуге болады, есесіне алаяқтық өсім алып барады. Алаяқтық демекші, сыбайластықтың басты бәсекелесі осы алаяқтық қылмысы. Жемқорлық мемлекет қаржысын жеумен үздік болса, алаяқтық та осы іспеттес көріністермен көмкерілген. Мәселен, жұмысқа тұрғызу, қызметте жоғарлату, мемлекеттік грант алып беру және заңсыз қаржы табудың жолын таныстыру сынды алаяқтық дерегі аудандық сотта толып тұр.
«Ел боламын десең, бесігіңді түзе...»
Қазір қызметке орналасудағы параны қоғам ішінде сыйақы немесе ризашылық есебінде қарастырады. Бұл тақырып тағы да білімге келіп тіреледі. Бұл төменгі сатыдағы түйін, ал, нағыз сыбайлас жоғарыда. Жалпы бұл көрініс мемлекеттік қызметтің иммиджіне нұқсан келтіріп қана қоймайды, елдің еңсесін түсіріп, абыройын айрандай төгеді. Біз білім саласын сөз ете бердік, осы секілді жоғары оқу орнындағы жайттардың да жаға ұстатарлығы аз емес. Қазір ақпарат кеңістігі кеңейіп, әлеуметтік желілер шектен шыққан уақыт. Сондықтан жоғары оқу орындары да қатаң бақылауға түсті. Осыдан 10-15 жыл бұрын дәл мұндай нәтижелер көзге көріне бермейтін еді. Мәселен, 2011 жылы Алматы қаласында ҚазҰПУ-да оқып жүргенде бір апайдың сыбайластыққа жол беруіне әшкере еткенбіз. Екінші курс студенттеріне Өзін-өзі тану пәні бойынша жоғары баға алып беруге уәде етіп, жақсы оқитын студенттердің баллын төмендеткені көз алдымызда. Сол ізбен білдей ғасырға татитын оқу орнының ректоры да парамен ұсталды. Бұл ұлы ақын Абайдың атын жамылған оқу орны үшін үлкен қасірет еді. Алайда, Серік Жайлауұлы ақталып, қайта қызметке келген болатын. Міне, болашақ маман иелері студент кезінен жемқорлыққа жақын болуының көрінісі. Бұл бір ғана мысал, қазақта «ел боламын десең, бесігіңді түзе» деген бар емес пе, міне, сол бесіктің тербелуінде жүрген студенттердің адал болуына баса мән берген әлдеқайда абзал болар еді. Бұл ақыл айту емес, өмірлік көрген тәжірибенің түйіні еді...
Әлемдік рейтинг және жаһандық жүйе
Transparency International ұйымы 2025 жылға арналған Коррупцияны қабылдау индексін (КҚИ) жариялады. Бұл рейтингке 182 ел мен аумақ енгізілген. Индекс сарапшылар мен бизнес қауымдастығының бағалауларына негізделіп, мемлекеттік сектордағы сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін 0-ден 100-ге дейінгі шкала бойынша өлшейді. Коррупцияны қабылдау индексі әртүрлі елдердегі сыбайлас жемқорлықты қабылдау деңгейін бағалау және салыстыруға арналған негізгі халықаралық құрал болып қала береді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Коррупцияны қабылдау индексінде 38 балл жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға орналасқан. Әрине, мақтанатын жағдай емес, десе де дамушы елдер көшінде орта тұстамыз.
Рейтингтегі орыннан гөрі, жиналған балл саны маңызды. 50 балдан төмен нәтиже көрсеткен елдер сыбайлас жемқорлық деңгейі жоғары мемлекеттер қатарына жатады. Шығыс Еуропа мен Орталық Азия аймағында бұл межеден тек Грузия ғана асып, 50 балл жинапты. Қазақстанның 38 баллдық көрсеткішін көрші елдермен салыстырып көрейік.  Өзбекстан 31 балл (124-орын), Қырғызстан 26 балл (142-орын) және Ресей 22 балл (157-орын) жинағанын БАҚ.КЗ сайты сараптап, нақты дәлелдермен ұсынды. Енді жаһандық жемқорлықтың ахуалына тоқталайық.
Халқы жағынан көш ілгері тұрған Қытайдың сыбайластық дерті асқындап тұр. Бірақ оларда заң мүлде басқа. Адам құқығы басты құндылық саналғанымен, мемлекетке опасыздық жасағандар ең ауыр жазаға тартылатыны бар. Яғни, бұл елде өлім жазасы әлі де күшінде келеді. Көршілес өзбек ағайындары да заңғы тым қатал қарайды.
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген бар. Демек, тәрбиенің де бастауы сол отбасынан қалыптасады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп те бекер айтпаған. Сондықтан бүгін балаға ошақ қасында  жемқорлықтың тек бір адамға немесе бір отбасына ғана емес, тұтас бір мемлекетке, тіпті әлемге тигізетін залалын түсіндіріп, одан аулақ болуға шақырсақ құба-құп болар еді. Отбасында осындай дұрыс бағдаршам болу арқылы қоғамда жемқорлықтың орын алмауына жол ашатынымыз ақиқат. Жалпы тізе берсек, сыбайлас жемқорлықтың қоғамға алып келер залалы жетіп артылады. Ал тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағын қалауға талпынған кез келген адамның бойында оған қарсы иммунитет болуы керек. Сонда ғана біз қай салада болсын мақсатты еңбегіміздің жемісін көреміз.
Қысқаша айтқанда, елдік мүдде жолында еңбек етіп жүрген ерлердің ертеңгі егемендіктің еңсесін түсіріп алмауы үшін жасайтын қадамы нық болса дейміз. Ол үшін осы бір кеселдің жолын көлденең кескені әлдеқайда абзал болар еді. Қалғанын уақыт көрсете жатар, ең бастысы, жемқорлықтың жұлыны үзілмей болашағымыздың жарқын болмасын бүгіннен түсінсек деймін. Мұның барлығы әділетікке үндейді, турашылдыққа бастайды. Әділдік пен ақиқатты алып жүру сыбайластықтан құтқарар жол...
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
24 маусым 2026 ж. 32 0