Өзіміздің өнім: Қожакенттегі қаңылтыр өндірісі
Қазіргі нарықта құрылыс заттарына сұраныс өте жоғары. Үйдің іргетасынан бастап, кілті мен құлпына дейін сауда қазаны қайнап тұр. Әсіресе, Жаңақорғанда құрылыс қарқыны қатты, соңғы үш жылда салынып жатқан үйлер мен кәсіпкерлік нысандарға шектеу жоқ. Соның салмағы құрылыс дүкендерінің көбірек ашылуына сеп болуда. Олар тек алыпсатарлық, ал, шикізаттан таза өнім шығару үрдісі әлі де кемшін қалуда. Құт қонған Қожакенттің перзенті, жас кәсіпкер Мейірбек Үсенов қаңылтыр өндірісін іске қосқалы бірнеше жылдың жүзі болды. Тапсырысы өте көп, шағын цехындағы қызу тірлік соның айғағы.

Цехта үй шатырын жабуға, сондай-ақ ауланы қоршайтын қаңылтырларды түрлі формаға келтіреді. Сондай-ақ үй ішінде декоративті жөндеу жұмыстарына қажетті өнімдердің бір сыпарасы да осы цехтан шығарады. Мұнан бөлек, үйдің еденге бетон қабатын құю кезінде пайдаланатын тор көзді сымтемір де шығаруда.
– Цех 2022 жылдың тамыз айында жұмысын бастады. Басты мақсат – құрылысқа қажетті заттарды өзімізде өңдеп, сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайту. Осылайша шикізат күйінде алдырып, аудан көлемінде құрылысқа керек кейбір дүниелерді шығару, –дейді ол.
Ашылғанына үш жылға жуықтаған шағын цехтың өнімін ауыл-аймақ пен көршілес Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда қаласы тұрғындары тұтынып келеді. Құрылысқа қажетті темір-терсектің заманауи үлгілерін өндіре бастаған жас кәсіпкердің ісі қолдауға тұрарлық.
Иә, қаңылтыр өнімі аудан нарығында жақсы саудада. Көбісі әлі білмей жатқаны жасырын емес. Жалпы жас кәсіпкердің керемет жобасы көңіл қуантарлық, бұл аудан орта бизнесі мен экономикасына үлкен септігін тигізеді. Мейірбектің де мақсаты осы, отандық өнімнің өрісін кеңейтіп, ішкі нарықты реттеуді көздеп жүр. Бұл қарапайым тұтынушылар үшін өте тиімді болмақ. Ең бастысы, сең қозғалды, енді бұдан соң өзге кәсіпкерлер де өнім өндірсе нұр үсітне нұр болар еді.
Мейірбек аудан меценаты, аудандық мәслихат депутаты Изатулла Үсенов ағамыздың ұлы. “Әкеге қарап ұл өсер” демекші, Мейірбек те тек кәсіппен ғана айналысып жүрген жоқ, қайырымдылық шаралардың басы-қасынан табылады. Оны талай рет көз көріп, құлақ естіп жүр.
Бәрінен бұрын жаңа кәсіпті ауданға алып келгені қуантуда.