Пресс - Тур: Жаңақорғандағы жаңа жобалар
Билік пен халықтың арасында айнымас алтын көпір болып, ел игілігі жолында атқарылып жатқан қанатқақты жобалар мен саяси жаңалықтарды қаз-қалпында жеткізу бұқаралық ақпарат өкілдерінің басты міндеті. Осы жауапкершілік жүгін ұғынған ауданымызда жыл сайын әр түрлі бағытта пресс турлар ұйымдастырып келеді. Дәстүрлі пресс тур биыл да қолдау тауып, ауылшаруашылық және кәсіпкерлік саласындағы жаңа жобаларды насихаттауды жөн көрдік.
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлының бастамасымен өрбіген ақпараттық насихат шарасына республикалық, облыстық бұхаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысып, сан сауалға жауап алды. Кейден ауылындағы «Әбділла» шаруақожалығынан бастау алған пресс турда «Кәусар» жүгері сусынының дайындалу процесі мен оған қажетті жүгеріні өсіретін егістіктің жай-жапсарын көзбенен көрдік. Жүгеріден жасалған таза табиғи өнім өндіруші кәсіпорын қазір ауданның 7 адамын тұрақты жұмыспен қамтып, егістік алқабын кеңейтіпті. Ауданның шекарасынан шығып, облыс көлеміне танылған, республика деңгейіне шығуды мақсат еткен кәсіпкер 2017 жылы мемлекеттен 3,0 млн. теңге грант алып, кәсіптерін дамыту бағытында қарқынды жұмыс жасап келеді.
Өндірістік қуатын сөз етсек, жылына 800 тонна өнім өндіреді. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2018 жылы облыс әкімінен 1,0 млн. теңге қаржылай көмек сертификатын алды. 2019 жылы Қызылорда облысының «Үздік кәсіпкер» наминациясын жеңіп алды. 2020 жылы жүгері дәнін консервілеу жобасын жасады. 2022 жылы аудан әкімдігінен 300 га жер берілді. 2023 жылы Өңірлік қолдау қорынан 30,0 млн қаржы несие алып, заманауи техникалық құралдарға қол жеткізді. Бүгінде 200 га жер игерілуде, оның ішінде 192 га жүгері 8 га картоп егілген.
«Кәусар» жүгері сусыны 2017 жылы «Жүгері сусынын» шығару мақсатында облыста ұйымдастырылған мемлекеттік грантқа қатысып, 3,0 млн тенгенің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар сол жылы облыс кәсіпкерлерін қолдау мақсатында құрылған Өңірлік қолдау қорынан 3,0 млн тенге несие алып жұмыстарын бастап кетті. 2018 жылдың қараша айында кәсіпорын толық іске қосылды. Бүгінгі таңда аудандағы бірнеше сауда дүкендерінде сатылымға шығуда. Жан-жақтан республика көлемінде тапсырыстар түсуде, сұранысы жоғары.
Егістік жері құнарлы, су мәселесі толық шешілген. Шашақ шашқан егістік алқабында сұхбат берген шаруақожалық иесі Қасым Әбжаппаров:
– Кәсіпкерлігім күннен күнге қанат жайып, табыс та молайып келеді. Мұның бәрі жүйелі жоспар мен аудан әкімдігінің кәсіпкерлікті қолдауының жемісі. Қазіргі таңда бизнесімнің шикізатын өзіміз егіп, оны өңдеп, сусын етіп шығарып отырмыз. Алдағы бес жылда шағын цехті жаңа ғимаратқа ауыстырсам деген мақсатым бар, – деді жас кәсіпкер. «Кәусар» сусыны бренд ғана емес, кешенді кәсіпкерлік деуге негіз бар. Сусынға қажетті жүгері, айран мен су кәсіп иесінің өз меншігінен табылып тұр. Бір сөзбен қайырсақ, егістік алқабынан дүкен сөресіне дейінгі қара бейнетті көтере білу де аса іскерлікті талап ететіні сөзсіз.
ӘРТАРАПТАНДЫРУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРГЕН ШАРУА
Диқан адам дән шашар, ел-жұртына нан шашар» деген мақал-мәтелдің түпті мағынасын Қожакент ауылдық округіне қарасты «Жақсылық И» шаруақожалығының егінші қауымын көргенде терең түсіндік. Бұл шаруашылық әртараптандыру бағытындағы суды аз қажет ететін картоп, көкөніс дақылына басымдық беріп отыр екен. Қожалық төрағасы Ерғали Исматуллаев егістікке өзі бастап алып барып, тың жерді қалай игеріп жатқанын сөз етті.
– Бұл жер өте құнарлы әрі су жүргізуге өте жеңіл жер. Бұл маңдағы дөңес жерлерді бір деңгейге келтіріп, тегіс су жататындай ретке келтіріп, биыл алғаш рет егін егіп отырмыз. Біз мұнда 20-30 жылдық тәжірибесі бар агрономдармен бірлесе қарқынды жұмыс жасап, мол өнім алуды мақсат еттік, –деді шаруа иесі. Биыл қожалық форвордтық келісім шарт арқылы «Байқоңыр» ӘӘК-ы арқылы 10 млн 200 мың теңге жеңілдетілген несие алып, әрекет етіп отыр. Қожалық 3 га жерге картоп, 3 га сәбіз еккен. Мұнан бөлек, 5 га қарбыз, 1 га қауын, 33 га күріш те бастырған.
Айта кету керек, су тапшылығын болдырмау мақсатында егістікті әртараптандыруға басымдық беру арқылы халық сұранысын қанағаттандырып, сауда бағасын тұрақтандыру үшін жауапкершілік жүгін арқалап, алажаздай аянбай еңбек етіп жатқан егіншілердің теккен тері ақталар күн алыс емес. Кортоп гүлдеп, түйіндей бастаса, сәбіз де гүлдеп тұр. Ал, күріштік алқабы күздің қара суығына ұрынбай-ақ жинап алуға үлгерері сөзсіз. Мұның бәрі уақыттылы ұлттық қордың есебінен халыққа тиімді бағада ұсынылады.
ШЕБЕРХАНАНЫҢ ШАРУАСЫ
Құт қонған Қожакент ауылы жаңа жобаларымен көптің қызығушылығына ие. Журналистер осы ауылдағы шеберханаға арнайы ат басын бұрып, тыныс-тіршілігімен танысуды ұйғарды. Жас кәсіпкер Мейірбек Үсенов «Жанайым» жеке кәсіпкерлігін құрып, үй құрылысына қажетті заттарды өңдеуде. Мысалы, үй шатырын жабуға, сондайақ ауланы қоршайтын қаңылтырларды түрлі формаға келтіреді. Сондай-ақ үй ішінде декоративті жөндеу жұмыстарына қажетті өнімдердің бір сыпарасы да осы цехтан шығарады. Мұнан бөлек, жақында үйдің еденге бетон қабатын құю кезінде пайдаланатын тор көзді сымтемір де шығармақшы.
– Цех 2022 жылдың тамыз айында жұмысын бастады. Жалпы барлық шығын 70 млн теңге шамасында. Басты мақсат – құрылысқа қажетті заттарды өзімізде өңдеп, сырттан келетін өнімге тәуелділікті азайту. Осылайша шикізат күйінде алдырып, аудан көлемінде құрылысқа керек кейбір дүниелерді шығару, –дейді ол.
Ашылғанына жарты жыл өтпеген шағын цехтің өнімін Түркістан, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда қаласы тұрғындары тұтына бастаған. Құрылысқа қажетті темір-терсектің заманауи үлгілерін өндіре бастаған жас кәсіпкердің ауылда мұнан өзге де бірнеше кәсібі барын білдік.
СПОРТ КЕШЕНІ ҚҰРЫЛЫСЫ
Қожакент ауылдық округінде мемлекеттік жекеменшік әріптестік жобасы аясында Қожакенттік кәсіпкер, меценат, мәслихат депутаты Изатулла Үсенов ауыл жастарына арнап құны 85 миллион теңгені құрайтын спорт кешенінің құрылысын салуда. Спорт кешенінің жалпы көлемі 2000 м2 құрайды. Жастардың сұранысына байланысты онда кіші футбол залы, тренажер, бильярд және 100 адамға арналған асханасы бар.
– Көп ұзамай пайдалануға беріледі. Мұнда 24 адамды жұмыспен қамтитын боламыз. Ауыл жастарының сұранысымен салынып жатқан ғимарат келбеті жағынан да, көлемі жағынан да ерекше болады. Алдағы уақытта халық қалауына сай әр түрлі спорт үйірмелерін ашатын боламыз. Тренерлер мен мамандар ауылдан да табылады. Көрші ауылдардың да мықты мамандарымен бірге жұмыс жсайтын боламыз, – деді ол.
Аядай ғана ауылдың тынысын кеңейтіп, кәсіпкерлікке баулып, күнкөрісін өрістетіп, бірнеше отбасына жылу сыйлап отырған кәсіпкердің адами асыл қасиетке бай тұлға екенін іштей сезіндік. Бірлік пен берекеге бастаған отбасылық кәсіптің шырағы сөнбей, ел игілігі жолында табанды еңбек ете беретініне сеніміміз мол.
КӘСІПКЕРЛЕР ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ
Мемлекеттік бағдарламалар арқылы несие, грант алып, кәсібін дөңгелетіп отырған шағын кәсіпкерлер жұмысының барысымен танысып қайттық.
Дамыған отыз елдің өркениетіне ілесуіміз халықтың заманауи көзқарасын жылдам өзгертіп, талапқа сай тұрмыс кешуімізді ұғындыруда. Осы орайда, тұрмыстық заттарымыздың соңғы үлгіге сай болуын қалайтынымыз жасырын емес. Осындай сұранысымызды қанағаттандыру жолында жергілікті жас кәсіпкер үлкен ізденіс жолына түсіп, алғашқы табысын таба бастады. Біз «Sanzhar Mebel» жихаз өндірісіне соғып, ондағы ұсталардың жұмысын бақыладық. Кәсіп иесі Шайын Әбдішайых Ислам алғашқы жихазын 2019 жылы жасапты. Мұнда 6 адамды жұмыспен қамтыды.
– Сапалы жихаз өндіру ісін қолға алып, табыс таба бастадық. Әлеуметтік желі арқылы өнімімізді жарнамалаймын. Жихазға қажетті өнімдерді Шымкент қаласынан алдырып отырмын. Егер де кәсіпкерлікті қолдау тетіктерінен жәрдем болса, арнайы станоктар алдырып, өзіміз кесіп-пішіп, жұмыс тиімді болар еді. Қазір сұранысты бір апта әзірлеп, уақыттан ұтылып отырмыз. Станок болса бір жихазды бір күнде құрауға мүмкіндік болар еді, –деді.
Кәсіпкер пайызы аз несие алу үшін құжаттар тапсырыпты. Кәсіпкер 2021- 2025 жылдарға арналған Ұлттық жоба бойынша мемлекеттік грант иегері.
Жаңақорғанда бұрын-соңды ешкім қолға алмаған жаңа жобаны көзбен көруге асықтық. Полистирол бетон блоктарын өндіру цехында құрылыс жүргізуге таптырмас тың жобаның тіршілігі жанданған. Шағын цехта 5-6 адам тынымсыз еңбек етіп жатқан тұста кәсіп иесін сөзге тартық.
– Бұл кәсіп әзірге тек Алматы облысында өндірілуде. Бұл полистирол 17 кірпіштің көлемімен тең, шлакаблокқа қарағанда өте сапалы, су өткізбейді, қақырап сынбайды, 100 жылға дейін жарамды болады, – деді.
Қазірдің өзінде Жаңақорғанда он шақты үй осы құрылыс затымен салыныпты. Үй иелері де бағасы өте тиімді екенін сөз етті.
Кәсіпкер Сыздыкова Ляззат 2022 жылы «Микробизнес - Қызылорда» бағдарламасы аясында «Өңірлік инвестициялық орталығы» МҚҰ-ы арқылы төмендетілген пайызбен 14,0 млн. теңге несие алған. Бүгінде қуаттылығы айына 35 000 дана полистиролбетон блоктарын өндіреді. 4 адамды жұмыспен қамтып отыр.Әрі қарай ДК «Мейрамбек» дәретхана қағаздарын шығару жұмысымен таныстық.
Кәсіп иесі Сулейменова Шолпан Жәдігерқызы өзінің қызметімен қатар 2015 жылдан бері отбасылық бизнесті де жандандырып отырған көп балалы ана. Бүгінгі таңда қияр егіп, өнім алып отырған жылыжайлары, сонымен қатар,кружкаларды, фудболкаларды түрлі бейнелермен безендіретін өнерлері және азық-түлік сататын 2 дүкендері тағы бар. 2019 жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша мемлекеттік қайтарымсыз грантты иеленді. 2021 жылы дәретхана қағаздарын шығаратын аппарат алып, соны іске қосып жұмыс жасауда.
«ТАУ САМАЛЫ» ЛАГЕРІНІҢ ТЫНЫСЫ
Оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізу мақсатында Жаңақорған ауданында «Тау самалы» тынығу лагері жұмыс істейді. Қазіргі таңда онда 150 бала жазғы демалысын өткізуде. Жалпы жаз мезгілінің соңына дейін лагерьде мыңға жуық бала қамтылады деп жоспарлануда. Баспасөз турда БАҚ өкілдері аталмыш лагерьдің жұмысымен танысып, балалардың қызықты ойындарын тамашалады.
– Біздің лагерь 7 ауысым бойы балаларды қабылдайтын болады. Мұнда тынығушылар үшін суға түсетін ашық бассейн, монша, кітапхана, ойын алаңқайлары, жатын орын, асхана қамтылған. Сондай-ақ, лагерьге келушілерге бес мезгіл тамақ беріледі. Балалардың жазғы демалысын қызықты әрі пайдалы өткізу мақсатында интеллектуалдық сайыстар, әртүрлі үйірмелер, ұлттық спорттық ойындар күнделікті ұйымдастырылып отырады. Осы арқылы балалардың денсаулығы мен ойлау қабілетін дамытуды басты назарымызға қоюдамыз. Одан бөлек, аудандық мәдениет үйі, спорт бөлімімен біріккен іс-шаралар өткізіліп отырады, - деді «Тау самалы» лагерінің директоры Бағлан Момынханов.
50 ТҰРҒЫН ҮЙДІҢ ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛУҒА ЖАҚЫН
Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлы Жаңақорған ауданына арнайы келген республикалық, облыстық телеарналар мен газет-сайттардың журналистерін қабылдап, ауданның әлеуметтікэкономикалық даму көрсеткіштері мен түрлі саладағы жетістіктері жайлы, 2023 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар туралы сауалдарына жауап берді.
– Жаңақорғанда халықтың жайлы өмір сүруі үшін негізгі қажеттіліктің бәрі жаңартылып келеді. Тарқатып айтсақ, ауыз су, жарық, жол және газ отынын тарату ісі жолға қойылған. Ауылаймақты газбен қамтамасыз ету үшін жүйелі жоспар жүзеге асуда. «Жайлы мектеп» жобасы арқылы 2 мектеп құрылысы басталды. Клуб үйлері мен амблоториялар да салынуда.
Ауданда көп жылдан бері тұрғын үй кезегі жылжымай келеді. Осы күрделі мәселені оңтайлы шешу үшін 90 үйдің құрылысын салуды құптадық. Биылғы жылы 50 үй халыққа берілетін болады. Қалғаны келесі жылы жүзеге асырылады. Осылайша, үй-жай тапшылығын көріп отырған отбасылар санын азайтамыз деп ойлаймыз, – деді аудан әкімі журналистерге берген сұхбатында.
Жаңақорғандағы жаңа жобаларды бастап жатқан кәсіпкерлердің көбі жас жігіттер екен. «Жастарыңды көрсет, ертеңіңді айтайын» дегендей, жігерлі жастардың жаңашыл бастамаларына сүйсініп, кәсібінің өрісі кеңге жайыла берсін деген тілекпен тарқастық.
Мақпал Марқабай