№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылыжайды дамытудың мәселелері қандай?

Жылыжайды дамытудың мәселелері қандай?

Сіз бен біз қыстың күні жеп жүрген жеміс-жидек, көкөністің түр-түрі жылыжайда өсетіні белгілі. Ең табысты да, халықты таза азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз етудің таптырмас тәсілі де саналар. Жылыжай өндірісіне қол жеткізу – әрбір бағбанның арманы.


Жылыжайда өскен өнімнің артықшылығы, көкөніс жылдам өсіп, сырты көз тартарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге, ылғал мен жылу барлық аумаққа бірдей таралады. Бірақ, жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөністен айырмашылығы да осында. Десе де, құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті. Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы аз емес. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық.
Осы тұста, жаңақорғандық шаруалардың жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылық бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын 4 жылыжай бар. Алайда, қазіргі уақытта тек біреуі ғана жұмыс жасап тұр. Ол – «7 кz» шаруақожалығы. Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалықтың қарқыны қуатты. Көктөбе аумағында орналасқан аталмыш жылыжай кешенінің иесі Амантай ағаны әңгімеге тарттық.
– 2010 жылдан бері осы диқаншылықпен айналысып жатырмыз. Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Мына карантиннің әсерінен қызанаққа сұраныс өте аз әрі шығыны көп. Қазір тек қана қиярды өсіріп жатырмыз. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қалады. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі, – дейді кәсіпкер.
«7 кz» ЖШС-тің төрағасы Амантай Сарбасов биыл жылыжайдан 30 тоннадан аса қияр жинап, нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Қазір Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныс көп. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады кәсіпкер. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне ауыл тұрғындары дән разы. Қияр егетін шаруашылық өнімді өткізуде қиындықтар көп болмайды дейді.
– Жылда егілетін өнімді көбіне өзге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Аудандағы шығынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-маз қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – деді бағбан.
Қожалық қияр ұрығын голландиялық компаниядан алады. Ал, тыңайтқыштар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады.
Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:
– Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті, – деді.
Қыруар қаржы кететін жылыжайды қарапайым шаруалардың қалтасы көтере бермейді. Олардың ортақ ойы жылыжайды газдандыру мәселесіне көмек болса дейді. Бұл шығынды азайтатын еді.
Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Айталық, Түркияда жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсіріледі. Ал қалған 10 пайызына жеміс, 2 пайызына егіледі. Халқының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының әлемді азық-түлікпен қамтамасыз ету әлеуеті таңғалдырады. Бүгінде Нидерланды тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі екінші орында. Бір айта кетерлігі, еліміздегі біраз жылыжайлар Нидерланды технологиясымен салынған. Өйткені, олардың қолданатын технологиясы біздің елімізге де өте тиімді екен.
Ал, қара жерден басқа байлығы жоқ еврей ұлты дамыған отыз елдің төріне қарапайым шаруасымен енді. Мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір қадамың қымбат тұрғаны былай тұрсын, өнімді өсірудің қиындығы өте көп.
Өңіріміздегі аталмыш өндірісті зерделей түсу мақсатында жылыжай шаруашылығымен айналысып келген тұлғалармен тілдескенімізде, жылыжай кешен ең тәуекелді іс деп санайтынын білдік. Тек жылыжай өндірісі өзін-өзі ақтау үшін оның аумағы 2 гектардан жоғары болуы керек екен. Не десекте, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жылыжайлардың орны маңызды. Олар өркендесе отандық көкөністер қолжетімді бағада базар сөрелерінен табылар еді.
Біздің елімізде отандық өнім халыққа толық жетпейтіндіктен, экспорт көлемі артуда. Аудан орталығындағы «Нұр» орталық базары, «Береке», «Ғани», «Нұрасыл», «Заңғар», «Қарабура» және «Сырдария» сауда орталығындағы көкө¬ністің көбі Қытайдан əкелінеді. Бір келі қиярдың бағасы 750-800 теңге болса, қызанақ 850-900 теңге. Егер жергілікті диқаншыларға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер ететіні сөзсіз.

Әсел РЗАЕВА
08 наурыз 2021 ж. 2 305 0