Соңғы жаңалықтар

№101 (8812) 24

24 желтоқсан 2024 ж.

№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Жылыжай: өнім мен өсім неге төмен?

Жылыжай: өнім мен өсім неге төмен?


Біле білген адамға карантин бар-жоғымызды түгелдеп, бағдар-бағытымызды айқындауда септігі тиюі керек. Мәселен, бізде жылыжай кешені қаншалық дамығанын көрсетіп берді. Жылдағыдай Сарыағаш пен Түркістаннан көкөніс түрлерін тасуға мүмкіндік жоқ. Содан болса керек-ті нарықта көкөніс бағасы аспандап кетті. Ал аудандағы санаулы жылыжайдың бірі Қаратөбе ауылына жақын жерде орналасқан. Алдымен оның иесі Амантай Сарбасовты әңгімеге тарттық.

– Көлемі 0,7 гектар аумақты құрайтын жылыжайда қияр мен салат жапырағын өсірдік. Қиярға сұраныс болғанымен, салат жапырағына сұраныс болмай тұр. Себебі мұны көпшілік той мен жиынға ғана сатып алатыны белгілі, – деді кәсіпкер.
«7 кz» Сыр табиғаты» ЖШС-тің төрағасы Амантай Сарбасов биыл жылыжайдан 30 тонна қияр жинап, нарыққа шығармақ. Одан бөлек салат жапырағын сатуды бастапты. Қазір Түркістан қаласынан сұраныс көп. Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады кәсіпкер.
Жалпы жылыжайда өнім өсіру тәуекелділікке итермелейді. Сондықтан жылыжай иелері қандай өнім өсірер алдында нарықты зерделеп барып, шешім қабылдайды. Мәселен, қазақ тойшыл халық. Бір тойға жоқ дегенде 100 бума салат жапырағын сатып алады. Яғни сұранысы көп тауар. Дегенмен карантин жағдайында ол тауар өтімсіз болды. Есесіне қиярдың саудасы қызып тұр.
Бірнеше жыл бұрын «Батыс Европа – Батыс Қытай» халықаралық жолының бойында агро-индустриялық аймақ құрылғаны белгілі. Сонда «7 кz» Сыр Табиғаты» ЖШС-не қарасты жылыжай кешені басталған-тұғын. Бірақ әлі бітпей тұр. Оның себебін Амантай Сарбасов қаржылай қолдаудың кешігіп жатқанымен байланыстырды. Заманауи технологиямен қамтамасыз етілетін жылыжай кешені ауданды толық көкөніс түрлерімен қамтамасыз етіп, базар бағамын тұрақты ұстауға септігі тиер еді. Бұндай кешенге 60 миллион теңгеге жуық қаражат кетеді екен.
Қайбір жылдары аудан көлемінде бірнеше жылыжай құрылып, істі бастаған еді. Бірақ тоқтап қалды. Мұның себебін аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мамандарынан сұрадық.
– Жылыжайдың 3-і алдағы маусымда жұмыс жасайды. «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» жылыжайы халықты көкөніспен қамтуға ниетті, – деді ауылшаруашылығы маманы Дәурен Абибуллаев.
Жұмысын тоқтатып тұрған жылы­жайдың иесінің бірі Абдулла Реметов мемлекеттен қаржылай қолдау болса, көкөністің барлық түрін өсіруге ниетті екенін жеткізді. Қыруар қаржы кететін жылыжайды қарапайым шаруалардың қалтасы көтере бермейді. Олардың ортақ ойы жылыжайды газдандырумен шешіп берсе дейді. Бұл шығынды азайтатын еді.
Қазір нарықта Өзбекстан мен Қытайдың көкөніс түрлері самсап тұр. Нарықта отандық экологиялық таза өнімді көбейту үшін жылыжай бизнесін дамыту керек-ақ. Бүгінде Түркістан облысының Сарыағаш, Жетісай ауда­­нында жылыжайлар салынып жат­қанымен, дамытатын тұстары көп. Ол туралы Ауыл шаруашылық минис­трлігінің егіншілік департаментінің сарапшысы Сағынтай Жұмажанов:
– Соңғы бес жылда елде жылыжай шаруашылығы 746 га өсті. Олардың 89 пайызы Түркістан облысында орналасқан. Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жетті. 1062 га жылыжайдың 1035 га көкөніс, 25 га гүл өсіріледі, – дейді ол.
Польшада жылыжай шаруашы­лықтарының алқабы 6000 га асады, Голландияда – 10000, Түркияда – 41000 га құрайды. Ал Қытайда шамамен 1,5 млн га жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір дамып тұр. Жылыжай кешенін салуға керек бір гектар жердің құны 1,5-2 миллион еуроға дейін жетеді екен. Олардың құрылымында қуатты өте көп тұтынатын қосымша жарықтандыру, жылыту секілді ерекше жүйелер бар.
Біздің елде болса мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір жылыжай қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы көп.
Шығын демекші, бір гектар жердегі жылыжайға шамамен 1МВт электр қуаты мен 10 мың гекакалория жылу қажет. Солтүстік аудандарда газ бен электр энергиясына шығынданғанша, мамандар өсірілген тауарды оңтүстіктен тасығанды жөн көреді.
Өткен жылдың көрсеткішіне жү­гін­сек, Қазақстан бойынша 408 га жерге егілген қиярдан 56 тонна, 615 гектардағы қызанақтан 112 тонна өнім алынды. Алайда отандық өнім халықты қамтамасыз етуге толық жетпей, экспорт көлемі артты. Жаңақорған кентінің базарлары мен дүкендеріне қияр мен қызанақтың қайдан келетінін білдік.
Аудан орталығындағы «Ғани», «Нұра­­сыл», «Мұрагер», «Қарабура» және «Сырдария» сауда орталығындағы көкө­ністің көбі Қытайдан əкелінеді. Сол себептен де бір келі қиярдың бағасы 450-600 теңге болса, қызанақ 500-800 теңге. Ал, «Нұр» базарда қияр мен қызанақ Өзбекстаннан тасымалданып, 550 теңгеге сатылады. Ал «Астана Эко Стандарттың» көкөністері секілді қазақстандық өнімдер жолдың жабылуына байланысты өңірлерге тасымалдауды қысқартты. Осының салдарынан көкөністің бағасы күн санап қымбаттап барады.

Мақпал МАРҚАБАЙ
21 сәуір 2020 ж. 815 0