№96 (8807) 3

03 желтоқсан 2024 ж.

№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Еңбек еткен озады

Еңбек еткен озады


Уақыт ілгері жылжыған сайын бәрі қолжетімді бола түсті. Әсіресе, жылыжай шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Бұрындары көкөністі жаздың күні ғана жейтін болсақ, бүгінде жыл он екі ай пайдалануға мүмкіндік туып отыр. Біздің ауданымызда да ірілі-ұсақты бірнеше жылыжай бар. Соның арқасында жергілікті тұрғындар көкөніс, бау-бақша өнімдерімен толық қамтылып келеді. Жылыжай егелері көктем шыға салысымен қияр, қызанақты қолжетімді бағамен саудаға шығаруда. Өңірімізде ата кәсіпті жалғап, кәсіптен нәсіп тапып отырған шаруалар аз емес.


Айталық, кент тұрғыны Жандос Құлахметов әке жолын жалғап, ата­кәсіптен қол үзбей жылыжай ісін дөңгелетіп келеді. Маңдай терімен нан тауып, ата кәсіпті жалғастыруды мақсат еткен азамат бүгінде ешкімге алақан жаймай, кәсібінің нәсібін көріп отыр. «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны айдан анық.
– Бала күнімнен әкемнен көргенімді жалғастырып келе жатырмын. Әкем­нің әкесі жылыжай шаруашылығымен айналысқан екен. Біздің отбасымыздың атакәсібі осы жылыжай өндірісі деуге әбден болады. «Жылыжайдың іші жыл он екі ай жылы болуы тиіс. Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмын. Негізі әр көкөністің күйі әр бөлек. Мәселен, қияр ылғалды сүйеді. Оның қасына құрғақ ауада өсетін көкөністі отырғыза алмайсың. Қиярдың бірнеше түрін өсіріп көрдік. Барлығының шығымы жақсы. Жүйесін тапсаң, жұмыс көп қой, – дейді еңбекқор жан.
Жылыжай шаруашылығы оңай кәсіп емес. Әр өнім мұқият күтімді талап етеді. Жылыжайда өскен өнімнің артықшылығы, көкөніс жылдам өсіп, сырты көз тартарлықтай жылтыр болады. Сонымен бірге, ылғал мен жылу барлық аумаққа бірдей таралады. Бірақ, жабық жерде өскен өнімнен күннің иісі сезілмейді. Дәмі мен иісі жағынан далада өскен көкөністен айырмашылығы да осында. Десе де, құрамында қажетті дәрумендер мен минералдар жеткілікті. Бұл шаруашылықтың да өзіне тән қиындығы аз емес. Сапалы өнім алу үшін шаруаға біраз тер төгуге тура келеді. Жылыжайды жылу жүйесімен, сумен, жарықпен қамтамасыз ету үшін аз шығын шықпайтыны анық. Ақпараттарға зер салсақ, соңғы бес жылда елде жылыжай шаруашылығы 746 га өсті. Олардың 89 пайызы Түркістан облысында ор­наласқан. Жабық жерде ерте пісетін көкөністер өнімі 132 мың тоннаға жетті. 1062 га жылыжайдың 1035 га көкөніс, 25 га гүл өсіріледі, – дейді ол.
Польшада жылыжай шаруашы­лық­тарының алқабы 6000 гектардан асады, Гол­ландияда – 10000, Түркияда – 41000 гектарды құрайды. Ал Қытайда шамамен 1,5 млн га жерді алып жатыр. Олардың көлемі үлкен, әрі жаңа технологиямен жабдықталған. Сондықтан едәуір дамып тұр. Жылыжай кешенін салуға керек бір гектар жердің құны 1,5-2 миллион еуроға дейін жетеді екен. Олардың құрылымында қуатты өте көп тұтына­тын қосымша жарықтандыру, жылыту секілді ерекше жүйелер бар. Біздің елде болса мұндай кешенді салуды жеке кәсіпкердің қалтасы көтермейді. Әрбір жылыжай қымбат тұрғаны былай, өнімді өсірудің өзінің қиындығы аз емес.
Осы тұста, ауданымыздағы шаруа­лардың жай-күйін бағдарлап көрдік. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің мәліметінше, бүгінде аудан көлемінде жұмыс жасайтын ірілі-ұсақты бірнеше жылыжай бар. Алайда, қазіргі уақытта жұмыс жасап тұрғандары өте аз. Соның бірі Амантай Сарбасов жетекшілік ететін қожалық Қаратөбе аумағында орналасқан. Білдей бір ауданда жұмы­сын үздіксіз жалғастырып келе жатқан шаруақожалыққа арнайы барып, кешен иесі Амантай Сарбасовпен жүзбе-жүз кездесіп қайттық.
– 2010 жылдан бері осы диқаншы­лықпен айналысудамыз. Көлемі 70 соттық аумақты құрайтын жылыжайда қияр өсіреміз. Осы уақытқа дейін қияр мен қызанақты бірге егіп жүргенбіз. Екі жылдан бері елімізге індет келгелі қызанаққа сұраныс азайды, әрі шығыны көп. Ерте көктемде еккен қиярды жинап алып, енді күздік егінді бастадық. Бұйыртса, қараша айынан бастап өнім бере бастайды. Негізінен жылыжайдан өнім алу өте қиын шаруа. Оған күтім көп керек. Неге десеңіздер, біздің ауданда мамандар жоқтың қасы. Бастапқы­да өзге өңірден мамандар алдыртып, тәжірибесімен бөлісіп, өзіміз кәсіби бағбандар дайындадық. Қазір жаман емес, шығымы жақсы, кешенде 6-7 адам жұмыс жасайды. Жылыжайда егін егу, бесіктегі нәрестені мәпелегенмен бірдей. Сәл желкем соқса солып қала­ды. Жылыжайдың температурасы +6 градустың өзінде жеміс жаурап өспей қалады. Сосын 40-45 күн жылы суда жату керек. Өйткені, оның өзегінде су жатпаса өліп қалады. Қияр сумен өседі, – дейді кәсіпкер.
Әйткенмен, биылғы науқан был­тырғы жылмен салыстырғанда төмендеу болғанын да жасырмады. Көктемгі науқаннан былтыр 30 тонна өнім алса, биыл небәрі 15 тоннаға жуық өнім жиналыпты. Себебі, қаражаттың тапшылығынан дәрі-дәрмекті уақытында ала алмады. Барға қанағат етіп отырған жылыжай иесі Түркістан мен Қызылорда қаласынан сұраныстың көп екенін де сөз етті.
Сондықтан өнімді көрші облысқа жөнелтіп жатқанын жасырмады. Жыл сайын жылыжай шаруасын ширатып, ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтып отырған қожалықтың берекелі ісіне жерлестер дән разы. «Жылыжай салу ісі көптен бері ойымда жүрген, ойға алған істі жүзеге асыру үшін қаржы мен күш керек екені белгілі. Бүгін сол арман мақсатыма қол жеткізіп отыр­мын. Жылыжайдың құрылысын қыста бастаған болатынбыз. Бірінші кезекте нысанды жылыту жүйесін орнаттық. Көкөністі тамшылатып суару жүйесімен суаратын боламыз. Өйткені бұл жүйе суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді» – деген ол:
– Жылда егілетін өнімді көбіне өз­ге аймақтарға жөнелтеміз. Сондай-ақ, аудан орталығында да келісім бойынша өткізетін екі-үш мекеме бар. Жалпы, субсидия мәселесі бақшаға қаралсын, қаралмасын, біз мемлекеттен қолдау көрмейміз. Әуел баста жылыжайды қолға алғанда ғана субсидия беріледі. Одан кейін ыстық-суығына өзің жау­аптысың. Содан болар аудандағы шы­ғынға ұшыраған өзге жылыжайлар қаражаттың жетіспеушілігінен тоқтап тұр. Егер мемлекет тарапынан аз-кем қолдау көрсетілсе, жұмысымыз жанданып кетер еді, – деп мәселесін айтты.
Қожалық қияр ұрығын голландия­лық компаниядан алады. Ал, тыңайт­қыш­тар мен дәрі-дәрмекті Түркістандағы «Агро» дүкенінен тасымалдауда. Бір өкініштісі, аудан нарығы жергілікті өнімді сатып алуға құлықсыз. Міне, «7 kz» шаруа қожалығын осы мәселе алаңдатады. Аудан көлемінде қолға алынып, жұмысын қарқынды бастаған жылыжайлардағы кедергілер жөнінде аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің маманы Дәурен Абибуллаев:
– Дәл қазіргі уақытта аудан бойынша 1 ғана жылыжай жұмыс жасап тұр. Қалған үшеуі «Нұрлы кент», «Жан» және «Абдулла» шығынға батқан себебінен жұмысын тоқтатты. Егер оларға қолдау болса, жылыжайды дамытып, халықты көкөніспен қамтуға ниетті, – деді.
Осы тұста, өзге елдердің тәжір­биелерімен де бөлісе кетейік. Дамыған елдердің көбі көкөніс өсіруге басымдық береді. Әлемде жылыжай салудан Қытай бірінші орында. Бұл елдің жылыжай шаруашылығының алқабы шамамен 1,5 млн гектар аумақты алып жатыр. Бұл сала едәуір дамып тұрған елдер тізімінде АҚШ, Оңтүстік Корея, Израиль, Испания, Жапония, Түркия, Үндістан, Нидерланды, Ресей, Иран, Мысыр елдері бар. Израиль, Қытай, Нидерланды секіл­ді дамыған елдерде жаңа технология­мен жабдықталған 1 гектар жылыжай кешенінің құны 1,5-2 млн евро тұрады. Өйткені оның құрылымында қуатты көп мөлшерде тұтынатын жылыту, жарықтандыру жүйелері бар. Ал, Түр­киядағы жылыжайдың 88 пайызында көкөніс өсірілсе, қалған 10 пайызына жеміс, қияр 2 пайызына егіледі. Хал­қының саны бізбен шамалас болса да, жері әлдеқайда кіші Нидерландының өзі әлемді азық-түлікпен қамтамасыз етуде. Бүгінде бұл ел тамақ өнімдерін экспорттау бойынша АҚШ-тан кейінгі 2-ші орында. Бір айта кетерлігі, елімізде­гі біраз жылыжайлар Нидерланды технологиясымен салынған. Өйткені, олар­дың қолданатын технологиясы біздің елімізге өте тиімді. Егер жергі­лікті диқандарға қолдау көрсетіліп, жұмыстары жүйеленсе, нарық бағамына да оң әсер ететіні сөзсіз.
Ауданда кәсіппен айналысам деу­ші азаматтарға әрқашанда қолдау көрсетіліп отыр. Болашақта өзінің кәсібін жоғары деңгейге көтеріп, ауқымын кеңейтуге ниетті. Кім, қайдан, қашан береді деп алақан жайып отырмай, қолынан келген кәсіппен айналысып, пайдасын көріп, ел алғысына бөленуге талпынған адамның қолынан келерін тағы бір дәлелдей түскендей. Олай болса, жұмыс сұрап, табалдырық тоздырғанша, өз бетімен еңбек етіп, күн көруге ұмтылатын уақыт жеткен сияқты.

Әсел Рзаева
25 наурыз 2023 ж. 2 460 0