Жаздай төгілген маңдай тер, еткен еңбектің нәтижесі күзде көрінеді. Диқанның несібесі таразыланатын кез нақ осы шақ. Биыл Сырдағы диқандардың егіні бітік, көңілі жайлы. Алты ай бойы дала төсінде тер төккен азаматтардың еңбегі екшелер күн ел ырысын артуымен еселі. Судың тапшылығына қарамастан биыл жаңақорғандық диқандар күріш пен бидай, бақша өнімдерінен жылдағыдан жоғары өнім ала алды. Мұның барлығы аграрлы саланың сапасы артып, ел әлеуетінің тұрақталғанының шынайы белгісі. Осындай ерен еңбек ескерусіз қалмайды. «Нұрбол – И» шаруа қожалығының диқаны Оразалі Тұрсынбаев биыл да облыста озық шықты .
Облыстық«Алтын дән-2022” мерекелік шарасында аудан еңбеккерлері де биік мінберден көрінді. Егінші қауымның еңсесін тіктеген марапат төрінен көрінген қожакенттік диқанның дидары жарқын. Биыл қожалықтың жеріне 60 гектар мақсары егіліп, әр гектарынан 25 центнерден өнім алынды. Нәтижесінде аймақ бойынша үздіктер қатарынан көрініп, мақсарыдан төрге озды.
Жалпы аудан бойынша 2010 гектар жерге мақсары дәні тасталып, биыл да жерге ымы жақсы нәтиже көрсетті. Жыл сайын көлемін кеңейтіп, мол өнім алуға жұмылған шаруалардың жұмысы ширап келеді. Әсіресе, мал азығына бағыт алған егіншілердің есебі түгел. Оған өзге өңірді айтпағанда өзімізден де сұраныс өте жоғары. Әсіресе, Қожакент төрт түлік өсіру есебінен ауданда ауылдар арасында көш бастап келеді. Егіні де бітік, шаруасы да ширақ.
Бұдан бөлек Оразалі Есаманұлы биыл 74 гектар жерге күріш егіп, әр гектарынан 70 центнерден өнім алды. Негізгі мақсаты күріштен жақсы көрсеткіш көрсету болса, бұл тұғырды да бағындырып үлгерді. 2018 жылы облыс бойынша күріш өсіруден озат шықса, былтыр аудан көлемінде күрішшілердің көшін бастады Бұның бәрі қажырлы талпыныс, ерен еңбексүйгіштіктің арқасында келген жетістік.
Жастайынан еңбекке араласқан ол алғашында азын-аулақ мал бағып, басын көбейтсе, кейін келе егіншілікке ден қойып, диқаншылықтың қыр-сырын меңгеріпті. Бұған ата-анасының да аңызаққа дән сеуіп, ел ырзығын арттыруда механизация мамандығын игеріп, еңбек адамы болуы көп себепкер. Міне, осындай отбасында еңбекке тәрбиеленген азамат үздіктер қатарынан әр жылда танылып келеді.
– Өзім Қожакент ауылында өсіп, кішкентайымнан қырмандағы қызу шаруаны көріп өстім. Сондықтан, болар егіншілік табиғатыма жақын. Күрішпен тілдесе білсең ғана табысқа жетесің. Яғни, бабын тапсаң жер ана несібесін аямайды. Әрбір диқан жер мен дақылдың жайын жетік меңгерсе, жомарт жер өнімді мол береді. Сол секілді мақсарыға да күтім крек. Бұл өнімнің де өрісі кең, шығымы жақсы. Өйткені, сұраныс бар, сондықтан сапа да болады, – деді кейіпкеріміз – Биыл судан таршылық көрмедіңіздер ме?
– Биыл су тапшылау болғаны рас. Бірақ су мамандарымен бірлесе жұмыс жасап, уақытылы, әрі тиімді жолмен жүйелей алдық. Оның үстіне биыл шаруақожалық жаңадан 2 комбайнға қол жеткізді. Оның бірі күрішті орса, бірі жинап, жұмыс өнімділігі әлдеқайда артты. Сонымен қатар үкіметтен егістікті дәрілеуге көмек берілді. Тыңайтқыш жағы да сапалы болды,- дейді ол
Бүгінде ұл-қыз тәрбиелеп, берекелі шаңырақтың тұтқасын ұстап отырған отағасы нанның маңдай термен келетінін енді өз балаларының да санасына сіңіріп келеді. Әке арманы ұлағатты ұрпақ тәрбиелеу. Иә диқан еңбегі қашанда марапат міңберінің алтын тұғыры. Аймақтың ауыл шаруашылығын өркендетіп, тыңбай еңбек еткен диқан қауымы қашанда құрметке лайық
.Әсел ИБРАГИМОВА