Ауыз судың әлегі
Ауыз судан таршылық көретін бірден бір ауыл Келінтөбе. Өйткені, күніне небәрі 2 сағат қана таза суды тұтынатын тұрғындар ең бірінші осы мәселені айтып шағымданды. Сондай-ақ, әлеуметтік салаға, медициналық қызметке, жайылымдық жер мәселесіне көңілі толмаған келінтөбеліктер көп шаруаны ширатты. Оның көбісі ауылішілік шешілетін мәселелер болғанымен неше жылдан бері түйіні тарқатылмаған соң аудан басшысына тілектерін жеткізді.
– Жалпы әрбір тұрғынға күніне 350 куб ауыз су берілу керек болса, «Арал ОДСП» мекемесі 160 куб ғана үлестіруде. Оның себебін түсіндірді, 2 құбыр істен шыққан. Аудан халқының барлығы тіршілік көзін тегін пайдаланып жатқан жоқ. Сондықтан жарық пен суға жауапты мекеме сапалы қызмет етуі тиіс. Құбырлары ескіре ме, басқа бола ма, сымдар мен бағаналар құлай ма, біздің еш шаруамыз жоқ. Халық тұтынған өніміне қаржысын төлейді, демек кез келген мекеме өз ісіне ұқыпты қарасын, – деген аудан басшысы су мәселесін жауапты мекемеге 1 айдың көлемінде шешіп беруді талап етті.
Ал, жайылым жердің дауын тек сотпен шешуге шақырды. Мен қашанда халықтың жағындамын, бірақ барлығы заң жүзінде шешілсін деген әкім ауылдағы ұсақ-түйек мәселелерді ауыл әкіміне үш айдың ішінде шешуді қатаң ескертті. Келінтөбеліктер әлеуметтік қызметкерлеріне, ақ халатты жандардың жұмысына көңілі толмайтынын, сондай-ақ жайылымдық жер туралы айтып, шағымданды.
Жалпы алғанда, төрт ауылдағы тіршіліктің өзегі төрт мәселеге тірелді. Ауыз су мен аяқ су, жарық, жол және интернет. Айтылған мәселелердің шешілуі уақыт еншісінде. Алайда, аудан әкімі барлық мәселені қағазға түсіріп, келесі келгенде нәтижені көрсетуге уағдаласты.