Шалғай ауылдың шаруасы қалай?
Тұрғындарының саны 600-ден асатын, аудан орталығынан 100 шақырымдай қашықтықта орналасқан шалғай ауыл Көктөбеде көп тіршілік көзі жоқ. Ауылдағы ағайынның негізгі күнкөрісі мал шаруасы. Егін егуге жер болғанымен, аяқ су үлкен мәселе. Сауалдың басы аяқ су алу үшін берілген су жаңа насосты іске асыру жағдайына бұрылды.
– Мұрат Жолкелдіұлы, ауыл шағын, кәсіп көзі жоқтың қасы, биыл бізге жаңа жанар жағар-маймен су айдайтын насос келді. Бірақ дизель отыны жоқтығы жанымызға батады, – деді Мейірбек ақсақал.
– Білуімше, былтыр электрлі насос берілді, жарық көтере алмайды дедіңіздер, биыл жанар жағар-маймен су айдайтын аппарат алдыңыздар. Сіздердің талаптарыңыз орынды, неге осы жұмысты ауыл әкімі ұйымдастырмайды? Ауылдан шыққан кәсіпкерлермен ақылдасып, елге болысуға қамқорлық жасауды сұрасын. Жарайды, біз алғашқы сұйытылған отынды берейік, ары қарай әкімнің міндеті. Бұл күрделі мәселе емес, өйткені ауылға аяқ су жақын, – деді аудан басшысы.
Екінші мәселе, сол баяғы Балғабайдың таяғы, жарық қуатының аздығына ауылдағы жұрт наразы. Нұрлыхан қария осы мәселені тездетіп шешіп беріңіздер деп көптің атынан талап етті. Аудандық электр торабының басшысы Шалқар Рахышев жауап берді.
– Аудан орталығында жуық арада ірі жоба басталады. Яғни, кенттегі барлық жарық қондырғылары толығымен ауыстырылады. 181 шақырым сым, 42 дана трансформатор мен бағаналар ауысады. Осы құрылғылардың ішінен жарамдыларын елді мекендерге уақытша болса да орнықтырып, жарықтың қуатын арттыруға жұмыс жасаймыз. Көктебеге қажетті сымның ұзындығы 5,3 шақырым, оны толық жаңғыртуға шамамыз жетеді. Бұйырса, алдағы уақытта бірінші кезекте сіздерден бастап жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Нақты уақытын айта алмаймыз, бірақ бір айдың көлемінде жұмысты бастаймыз, – деді жауапты мекеме басшысы.
Тұрғындардың тағы бір сауалы – жұмыссыз жастарға жұмыс табылса, өйткені Сыр беткейдегі жастардың көбі өзге өңірлер мен Ресейге нәпақа табуға кетеді. Бұл жөнінде аудан әкімі мемлекеттен берілетін грант пен қоғамдық жұмысқа қосымша күш жұмсауды тапсырды...