№93 (8804) 23

23 қараша 2024 ж.

№92 (8803) 19

19 қараша 2024 ж.

№91 (8802) 16

16 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930 
» » Нарық бағасы ырыққа көне ме?

Нарық бағасы ырыққа көне ме?


Өткен апта соңында базардағы қант бағасы 50 пайызға өсті деп тұрғындар шулады. Рас, 1 келі қант аудандағы ірі сауда орындарында рекордтық көрсеткішпен пұлданды. Айналдырған екі-үш күн ішінде бағаның дәл бұлай шарықтап кетуіне себеп көп. Бейресми мәліметтерге сүйенсек, бұл біріншіден кәсіпкерлердің әрекеті, екіншіден, оны доллардың өсуімен байланыстыруға болады. Енді бір себеп импорттың тежеуілдеуіне келіп тіреетін сынды. Қалай десек те, азық-түлік қоры жеткілікті болғанымен, бағаны бақылауда ұстаған жөн.


Бақылауда ұстап қана қоймай, тауар жеткілікті екені туралы нақ­ты мәлімет беріп отырған абзал дейді сарапшы мамандар. Әйтпесе әлеуметтік желіде желдей есіп жүрген қауесетке алданып қалатындар аз емес. Соның салдары базар бағасының өсуіне себеп болады. Ол рас, бір ғана қант қымбаттайды деген сөз үшін тұтынушылар қап-қаптап қант алып жатса, алыпсатарлар сол қанттарын сөрелерге сақтап, қымбаттауын кү­те­тінін білеміз. ҚР Сауда және интег­рация министрлігі Қазақстанда азық-түлік өндірісі тоқтатылмайтынын, қор­лар жүйелі негізде толықтырылып оты­ратынын мәлімдеді.
«Азық-түлік өнімдерін өндіру тоқ­татылмайды, қорлар жүйелі негізде толықтырылып отырады. ҚР Аауыл­шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша жарма, ұн, консервілер және басқа да тауарлар өндірісі үшін шикізат жеткілікті, сондай-ақ ет және сүт өнімдерін өндіру үшін де мал басы аз емес. Жедел деректер бойынша республика бойынша барлығы 1,5 млн тонна әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қоры бар. Оның ішінде ұн – 145,1 мың тонна, қант – 47,6 мың тонна, күріш – 40,2 мың тонна, макарон – 21,3 мың тонна және 1 млн тонна көкөніс өнімдері және тағы басқалары», – деді министрліктен.
Иә, азық-түлік қорының жеткілікті мөлшерде екенін білеміз. Дегенмен қант бағасына бақылау керек болып тұрғаны жасырын емес. Былтыр ешқандай кедергісіз-ақ сәбіз бен картоптың құны үш есеге дейін көтерілгенін білеміз. Олар отандық өнім, ал, қанттың көп мөлшері көрші елден тасымалданатыны белгілі.

– Қант өндірісі жалғасып жатыр, тоқтамайды. Қор толтырылып отырады. Сондай-ақ қазіргі уақытта Қостанай, Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарында бәсекелестікке қарсы келісілген әрекетпен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауар (ӘМАТ) бағасын көтеру фактісі бойынша, сондай-ақ Маңғыстау және Алматы облыстарында тыңайтқыш өндіруге қатысты анықтау жұмысы жалғасып жатыр, – дейді ведомство өкілдері.

Қантқа қатысты дүрбелең Ресейдің 2022 жылдың 31 тамызына дейін қант экспортына уақытша тыйым салуына байланысты туындаған болатын. Бұған дейін де Қазақстандағы қанттың қоры 3 айға жететіндігі хабарланды. Алай­да бірнеше өңірде қант саудасына байланысты ажиотаж байқалды.
Жергілікті атқарушы органдардың деректері бойынша 2022 жылғы 4 наурыздағы жағдай бойынша 47,6 мың тонна қант бар (тұрақтандыру қорларында – 3,7 мың тонна, сауда объектілерінде – 26,7 мың тонна, кәсіпорындарда – 11,2 мың тонна, қоймаларда 5,8 мың тонна). Сонымен қатар, Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы №140 шешімімен Қазақстан Республикасына 2022 жыл­дың 31 тамызына дейінгі мерзімге тарифтік жеңілдіктерді қолдану ар­қылы 250 мың тонна көлемінде ақ қант пен қант шикізатын әкелу құқығы берілді.
Қазіргі уақытта ЕЭК Кеңесінің шешімін іске асыру үшін Ауыл шаруашылығы министрінің бұйры­ғымен ақ қант пен құрғақ шикізаты қантын әкелуге квота бөлу қағи­далары мен тәртібі бекітілді. Ауыл шаруашылығы министрлігі АӨК да­мытудың 2021-2025 жылдарға ар­налған ұлттық жобасы аясында им­портты алмастыру бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Неғұрлым импортталатын позициялар айқын­далды, олардың әрқайсысы бойынша нақты инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр.
Аудандағы ахуалды білмекке ау­ылшаруашылығы бөлімінің есігін қақ­тық, негізгі баға қоры осында қатта­лып тұр. Олардың бергені бойынша қант құны 550 теңгені көрсетсе, біз кешқұрым барғанда баға одан 100 теңгеден артық пұлдануда

– Шыны керек, қит етсе азық-түлік бағасы ырыққа көнбей кететіні бар. Бұл біз секілді қарапайым халықтың қалтасына жүк болатыны анық. Сондықтан басқасы басқа, күнделікті тұтынатын тауардың құнын бақылауда болады деген сенім бар. Ол уақыттың еншісінде, ең бастысы, тұрғындар тілегі ескерусіз қалмай, азықтан қысылмаса болғаны, – дейді кент тұрғыны Нұржамал апамыз.

Көрші Шиелі ауданындағы бағаны салыстырып көрейік. Ол жақтың нарығы да біздікімен шамалас, бірақ қанттың келісі 500 теңгені көрсетіп тұр. Оларда 5 күн ішінде баға 160 теңгеге қымбаттаса, бізде шамамен 300 теңгедей қосылған, нақты цифр берілмеді. Мониторинг жүргізілмеген.
Қорыта айтқанда, біз түймедейді түйедей етіп, даурыға кететініміз бар. Бірақ, қанттың осылай бірден қымбаттап кетуі расында ауыр тиюде. Егін шаруасына ебіміз болғанымен, қант зауытының жоқтығы көптің көңіліне кірбің түсрері сөзсіз.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
15 наурыз 2022 ж. 2 952 0