Спорттық шараларға қаралған қаржы қайда жұмсалады?
Ауыл спортын дамыту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев әрбір Жолдауында спорт саласына, әсіресе бұқаралық спортты көтеруде нақты міндеттер белгіледі. Өйткені, таланттылардың көбі ауылдан шығады, сондықтан ауыл балаларына сан түрлі спортты қолжетімді ету басты мақсат. Бұл бағытта аудандық округтерде атқарылып жатқан жұмыстар аз емес. Дегенмен осы салаға бөлінген аз ғана қаржы қалай және қай бағытта жұмсалады? Осы деректер жөнінде білуге талпынып көрдік.
Ауыл спортын дамыту алдымен әкімдердің құзыретінде. Осы орайда, белсенді азаматтар мемлекетпен әріптестік аясында кенже қалған спортты дамытуға ықылас білдіріп, спорттық кешендер ашылуда. Соңғы жылдары мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салынған ғимараттар ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұл дұрыс бағыт, тек осы істі нақты бағытқа айналдыра білуге тиістіміз.
Теңге тиыннан құралады демекші, барлығы үлкен талапты бетбұрыстан басталады. Жыл сайын әр ауылдық округке спорттық бағытта өткізілетін шаралар үшін 200 мың теңгеден аса ақша бөлінеді. Осы бөлінген қаржыны дұрыс игере білудің де артында салмағы бар.
– Қаржыны қалай игеру керектігі әр әкімнің өз еркінде. Иә, спортқа бөлінетін қаржы қомақты емес, десе де үнемді түрде жеткізіп, ауыл балаларының талабын шыңдап жүрген ауылдар жоқ емес. Шыны керек, көп қаражат Наурыз мерекесіне жұмсалатыны рас. Қалған күндерге де үнемдеп, басқаша жоспар құруға болады ғой. Бір қағидамен жүру мәре емес. Бірлік, Байкенже, Қожакент, Талап, Жаманбай батыр, Өзгент, Түгіскен және өзге де ауылдарда жыл сайын дәстүрлі жарыстар өтеді. Бөліп жаруға келмейді, дегенмен көзге көрініп тұрған жұмысты бағаламасақ болмас. Биыл оң нәтижелер күтеміз, ең бастысы, ауыл спорты кенже қалып қоймаса болғаны, – деді аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Махмут Рахымжанов.
Орынды, осы орайда бір мысал болсын. Кейбір ауылдар «бір ауыл – бір кәсіп» қағидаты секілді, өздеріне жақын спортқа көбірек басымдық береді. Мәселен, Аққорған күрес, Қожакент пен Қыркеңсе ат спорты, Бірлік балуандар мекені болса, Шалқия соңғы жылдары футболға ден қойды, ал, Байкенже волейболымен мақтана алады. Өзгент те көштен кем емес, Келінтөбе қол добымен танымал, осындай деңгейде шығару әсте қиын емес. Тек жастарға мүмкіндік берсе болғаны, Махмут Секентайұлының айтпағы да осы. Әкімдерді де мазалап көрдік, волейболы елге танылған Байкенже ауылының әкімі Нұрғали Оспанов:
– Соңғы екі жыл пандемия, төтенше жағдайларға байланысты ірі-ірі жарыстардан шет қалдық. Ауылда талантты жастар жетерлік, тек додаларды көбірек өткізуге мүмкіндік болмайды. Рас, бөлінген қаржы мерекелерде, оның ішінде Наурыз, 9 мамыр, Тәуелсіздік күндері өтетін шараларға жұмсалады. Былтыр аудандық жарыстан ары аса алмадық, тек «Алтын күз» облыстық спартакиадасын өткізуге мүмкіндік болды. Бұйырса, биылға жоспар көп, тек шектеулер тежеп қалмаса жастар мен оқушыларды мүмкіндігінше жарыстарға жұмылдыруға тырысамыз, – деп сөзін түйіндеді.
Аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің есігін қақтық. Аудандық бюджеттен мәдени шараларға бөлінген қаржы сұрадық, яғни спорттық жарыстарға белгіленген қаражат қомақты емес. Жергілікті деңгейде дене шынықтыру-сауықтыру және спорттық іс-шараларды іске асыруға 26 ауылдық округке 6 млн 575 мың теңге қаралған. Бұл әр ауылға шаққанда 263 мың теңгеден келеді, бұл қаржы әрине аса көп емес. Бірақ әр ауыл өз тайқазанындағы қаржыны керегіне дербес жарата алады. Яғни, салықтан түскен қаржыны әлеуметтік мәселелерден бөлек, спорттық және басқа да шараларға бөлуге мүмкіндігі бар. Ауылдағы ағайын, аға буын мен ақсқалдардың да айтары бір, жалынды жастарға мүмкіндік көбірек берілсе дейді.
– Бірліктен шыққан балуандарды ел біледі, бұл ауыл күресінің мектебі қалыптасқанын көрсетеді. Енді ауылда шағын футболдың деңгейі біршама өсті. Бұл бапкерлер мен спортшылардың ауылға жанашыр азаматтардың жеткен жетістігі. Былтыр жұмыс жасалды, биыл да бұйырса жыл нәтижелі болуына бағыттаймыз, – деді ауыл әкімі Азамат Мамеков.
Тағы айта кететіні, соңғы 4 жылда ауданда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында онға жуық спорттық нысан бой көтерді. Осы бір мүмкіндікті пайдаланып, ауылдан олимпиадаға жолдама алуға жұмыс жасалса қанекей. Әрине айтуға оңай, дегенмен шын талантқа тұсау жоқ, тек талабына тіреу болып, демеу көрсетсек болғаны.
– Былтыр қаншама округ әкімдері жаңадан сайланды, биыл олармен бірлесе жұмыс жасаймыз. Елдегі ахуалға байланысты спорттық шаралар сәл тұралап қалғаны рас. Биылғы жоспар көп, ол уақыттың еншісінде, бізге керегі ауыл балаларының бойындағы бар таланты тасада қалып қоймаса болғаны, – деді Махмұт Рахымжанов.
Иә, ауылда қордаланған мәселелер де аз емес, әлеуметтің әлеуетін арттыратын жұмыстар керек. Бұл біздің назарымыздан тыс қалған емес, оны әкімдер есебінен кейін түйіндейтін боламыз. Бұл мәселені көтерудің себебі әкімдерге сын айту емес, жай құлаққағыс болсын дедік. Өйткені елді мекен спортын дамыту бүгінгі күннің, бір сөзбен айтқанда заманның талабы. Талап үдесінен шығу маңызды, біз жаздық, қалғаны уақыт еншісінде.
Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ