№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қаржы қоржыны қай деңгейде?

Қаржы қоржыны қай деңгейде?


Әдеттегідей, бұл мәжілісті көпшілік күтті. Күткені сол, қаржы төңірегінде қалыптасқан шиеленісті шаруаға атүсті қарауға болмайтыны белгілі еді. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтың әуел бастан бюджеттің әрбір тиынына жауаптылық қажет дегені айдай келді, енді жыл аяғы таянғанда қаржыны игерудің, салық төлемдерінің сапалық саясатын арттырудың мәселесі тұйықтала бастады.
Рас, Дүниежүзілік банктің болжамы бойынша, биыл коронавирус салдарынан жаһан экономикасы 5,2 пайызға төмендейді. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бұрын-соңды болмаған экономикалық дағдарыс. Қазір әлем елдері қазына қаржысын қайта-қайта санап, оны үнемдеп жаратуға көшті.
Мұның салқынын біздің ел де сезініп отыр. Қазір бюджеттен бөлінген қаржыны ысырапсыз жұмсап, мақсатты жарату маңызды. Міне, аудан әкімдігінің мәжілісінен көңілге осыны түйдік.
Иә, қазан айының соңғы жұмыс күні аудан активін жинаған мәжілісте бюджетке қатысты ауқымды әрі маңызды мәселелер қаралды.
Ауқымдысы сол – биыл әлеуметтің әлеуметтік әлеуетін арттыру бағытында инфрақұрылымды жетілдіруге басымдық берілді. Олар: елді мекендерді газдандыру, ауыз су желісін жүргізу, автомобиль жолдарын орташа жөндеу, жаяу жүргінші жолын салу, каналдарды тазалау, жарықтандыру, апаттық көпірлерді жөндеу, мектеп пен балабақшалар, клуб үйінің құрылысын жүргізу және т.б.
Маңыздысы сол – аталған жұмыстар сапалы орындалу үшін қаржы тиімді игерілуі тиіс. Бірақ шашетек шаруада шалағай шикілік көп болып тұр. Қаракеттің қиындау тұсы осыған тіреледі. Өйткені күмәнді түйткіл осылай түйін болып байланып, береке қаша бастаса есіл еңбектен не қайыр, не бүтін. Жә, сөзді созбалаңға салмай, райына қарай рет-ретімен тарқатсақ...



Күн тәртібіндегі мәселеге сай алдымен қаржы бөлімінің басшысы Алмас Оразбеков мінбеге көтерілді. Ал, қаржы қашанда басты мәселе екені анық.
– 2021 жылдың 1 қазанында аудан бюджетінің өз кірістері 114 пайызға орындалды. Оның ішінде салықтық түсімдер 109,5 пайызды құрады. Өзін-өзі басқару бюджеті бойынша 138 пайыз болды.
Алайда өз кірістерінің орындалуын жылдық жоспармен саралайтын болсақ, 9 айдағы көрсеткіш 75 пайызға жетуі тиіс. Ауылдық округтердің арасында бұл межені бағындыра алмағандары бар. Мәселен, Қаратөбе ауылдық округі 69,9 пайызды және Қыраш ауылдық округі 72,2 пайызды құрады. Бет алған бағыт дәл бұлай жалғаса берсе жыл аяғында кассалық алшақтық қалыптасады.
Жергілікті бюджеттен 10106,8 мың теңге қалды. Ол жыл соңына дей­ін игерілуі тиіс. Мұның 3993,6 мың теңгесі елді мекендердегі жолдың орташа жөндеу жұмысы бітпегендіктен қалыптасты.
Ал, 6113,2 мың теңгесі бюджет­тік бағдарлама әкімшілерінен жинақ­талатын есепті айдың үнемі. Оларды талдайтын болсақ, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөліміне Ұлттық қордан қаралған 10152,5 мың теңге толық игерілмей отыр. Мұның негізгі себебі – аудан орталығында тұрғын үйлерге су желісін жүргізетін мердігер компания жұмысты өз деңгейінде атқара алмауда.
Екіншісі, аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінде қаржы қалдығы бар. Ұлттық қордан Төменарық елді мекеніне су құбыры желісін қайта жаңарту және кеңейтуге бөлінген 26315,2 мың теңге және Бесарық елді мекенінде жаңа учаскелердің инженерлік-коммуникациялық инфра­құ­­рылым құрылысын жүргізуден 19370,0 мың теңге қалып, жұмыс графигінен қалып келеді.
Үшіншісі, аудандық ауылшаруа­шылығы бөлімінен 2297,5 мың теңге тұрғын үйлерді бағалаудан үнем (жас мамандар кредиті, кейінгі айларға жылжытуға өтінім берілген, алайда жылжытпаған).
Біздің болжам бойынша жыл қоры­тындысымен Ұлттық қордан бөлінген 223548,5 мың теңгенің игерілмеу қаупі бар. Олар жоғарыда аталған бөлімдер, – деп қаржы қорынының деңгей-дәргейін дәйектеді.
Аудан әкімі Руслан Рүстемұлы баяндамашының талдауын сөгесін сөгіп, сөлін сығып алды. Әншейінде жігін жатқызып, жұп-жұмыр болып көрінетін жұмыстың тереңінен толғады.
– Алмас Зұлхарнайұлы, сізді бюд­жеттің атқарылуына жауапты орган ретінде аудан, кент және ауылдық округ бюджеттерінің кірісінің орындалу деңгейін жан-жақты талдайды деп күтіп едім. Жоспарды орындамағандар туралы айтасыз да, артық орындағандар туралы талдау жасамайсыз. Артық түскен түсімдер қайдан келіп жатқанын немесе жоспарлаудың барысында жіберілген қателік пе, ол жөнінде ештеңе айтпайсыз. Артық бюджетті қайта нақтылауға болатынын неге айтпайсыз? Әлде бұл мәселе сіздің құзыретіңізге кірмей ме?
Менің білуімше, экономика және жоспарлау бөлімі жоспарлаумен ай­налысса, сіздер атқарылуына тал­дау жасап, мониторинг жасап оты­руларыңыз керек. Олай болмайтын болса, не үшін мемлекеттік орган есебінде екі бөлімді ұстап отырмыз? – деп аудан басшысы мәселені төтесінен қойды.
«Коронакризис» салдарынан әлем елдері қаржылық проблемамен бетпе-бет келді. Дерек көздеріне қарағанда, 2020 жылы әлемнің озық елдері – АҚШ пен Жапония экономикасы 6,1 пайызға, Еуроаймақтағы өндіріс 9,1 пайызға төмендеді. Соның салдарынан 2021 жылы экономиканың дағдарыстан айығуы қиын болып тұр.
Қазір қаржыгер-экономистер елді тығырықтан алып шығуда білім-білігін сарқа жұмсап, іскерлігін көрсетуі тиіс. Бұл жерде де аудан әкімі ескі жобадан айырыла алмаған қос бөлімнің қисабын пышақ ұшындай қылдай бөліп қарады.
– 2021 жылдың 9 айының қоры­тындысымен қаржыны өз дәрежесінде игермеген бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігін қарауды ұсыну жөнінде тапсырма бердік. Бірақ жаман атты болғыңыз келмей ме, әйтеуір ұсыныс берген жоқсыз. Аудан облыста соңынан санағанда 2 орында. Бұған кім кінәлі? Бәлкім, бағдарлама әкімшілерінің көң­і­лін жықпай, жоспарлы айдағы қар­жысын кейінгі айға жылжытқан сіздің жауапкершілігіңізді қараймыз ба? – деді Руслан Рүстемұлы.
Мәжіліс залында үнсіздік орнады. Тыныштықты ауданның бас менеджері бұзып:
– Құрылыс бөлімінің басшысы Орман Ахметов, Жаңақорған кентіндегі «Саяжай-1» аумағында ашылуы тиіс учаскелердің егжей-тегжейлі жос­парлау жұмысына қаржы бөлдік. Бұл жұмыс аяқталды ма? Келер жылдың бюджетінде осы учаскелерге ЖСҚ әзірлеуге қаржы қарау керек. Бұдан қанша халық үміттеніп отыр. Берген уәдеміз бен ісімізде алшақтық болмауы керек, – деп мәселені мығымдай түскен аудан басшысы:
– Аудан әкімінің орынбасары Ер­дулла Сұлтанбеков, аудандық қар­жы бөлімі Алмас Оразбеков және кент, ауылдық округ әкімдері мен бюджеттік бағдарламалардың әкімші­лері қаражаттың толық көлемде және мақсатты игерілуі міндет. Жыл қорытындысымен бюджет қаржысын игермеген және дебиторлық, креди­торлық қарызға жол берген бағдарлама әкімшілерінің жауапкершілігі қаралады, – деді.
Келесі кезекте ауданның бас экономисі Семсер Асенов аудан әкімі көрсеткен кемшіліктер мен жетістіктердің ара қатынасын сараптай бастады.
– Жаңақорған ауданының макроэко­номикалық көрсеткіш бойынша тал­дайтын болсақ, өнеркәсіп өнімінің көлемі өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 95,1 пайызға жетті. Ал, өңдеу өнеркәсібінің көлемі 90,6 пайыз, ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 100,7 пайыз, негізгі қорға салынған инвестиция 161,6 пайыз, құрылыс жұмысы 100,8 пайыз, тұрғын үйді пайдалануға беру 100,3 пайыз, бөлшек сауда 101,2 пайызды құрады.
Бір қарағанда экономикада едәуір өсіп, өркендеу бар секілді. Алайда халық саны деңгейлес аудандардың көрсеткішімен салыстарғанда кемшілік пен қайшылықтар қойыртпақтап тұр. Мәселен, өнеркәсіп өнімі мен өңдеу өнеркәсібінің көлемі және тұрғын үйді пайдалануға беру дерегі бойынша Сыр өңіріндегі аудандар арасында соңғы орындамыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі және бөлшек сауда бойынша 7 орындамыз, – деп біздің деңгейімізді көрсетіп берді Семсер Мұсабекұлы.
Салық базасын арттыруға тапсырма берілгенімен жұмыс өз деңгейінде атқарылмай отыр. Мұның себебін аудандық экономика және бюджетті жоспарлау бөлімінің басшысы былай түсіндірді: «2014 жылы ауданда мүлік салығы бойынша 3309,0 мың теңге салық болжанды. Алайда мүліктерді бағалау жүргізілгеннен кейін, мүлік құны екі есеге төмендеп кетті. 2020 жылы 2743,0 мың теңге жоспарланып, 2725,0 мың теңгеге орындалды. 2021 жылы 131,0 мың теңгеге артық жоспарланды. Ауданда әр жылы 300-400-ге дейін тұрғын үй пайдалануға берілетінін ескерсек, салық түсімі өсуі тиіс. Алайда, ауқымды істің артынан мұндай прогресс байқалмайды. Есесіне өзге аудандардан салық деңгейінің артуын көруге болады. Мысалы, біздің ауданмен халық және тұрғын үй саны шамалас Шиелі ауданында мүлік салығы 5364,0 мың теңгеге жоспарланған. Мүлік салығының көлемін арттыруда кент, ауылдық округ әкімдері және аудандық сәулет, қала құрылысы мен құрылыс бөлімі, ЖМО (БТИ) мекемесі МКБ базасымен салыстырмалы түрде салық есебін жүргізу керек-ақ.

Жер салығынан да осыны көруге болады. Салынған құрылыс көлемі бойынша облыста жоғары көрсеткішке ие болғанымызбен, аудан бойынша 2021 жылы 9353,0 мың теңге ғана салық есептелген. Салыстырмалы түрде бізбен деңгейлес Қазалы ауданында бұл көрсеткіш 13372,0 мың теңгені құрайды. Бұл дегеніміз, елді мекендерде жаңадан алынған учаске мен үй жанынан қосалқы шаруашылық жүргізуге алынған жерлерге түгендеу жүргізу керектігін көрсетеді».
Ауданның бас менеджері Руслан Рүстемовке цифр дегеніміз – қағаз бетіне қондыру үшін қолданылатын есеп емес, нақты нәтиже керек. Ал, мұндағы мәселе цифрлар бүлігі болып тұр. Соны сезіп, ескі есеп жүйесін есінен тандырып, өзі сараптап берді.
– Өңдеу өнеркәсібі бойынша биыл­ғы жылға ауданның даму бағдар­ламасындағы индикаторлық көрсеткіш 100,6 пайыз. Ал, 9 айда орындалғаны 90,6 пайыз (32,1 млрд. теңге, 2020 жылы 35,4 млрд. теңге). Шілде айында өңдеу өнеркәсібінің нақты көлем индексі 97 пайыз болған. Осы кезден бастап ай сайын өндеу көлемі арта береді, жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп сендірдіңіздер. Енді 9 айдың нәтижесі бойынша 6,3 пайызға төмендеп кеткенін көріп отырмыз. Неге? Себебі не?
Жылдың 9 айында күкірт қышқылын өндіру 18,6 мың тоннаға артып, (366,7 мың тоннаға жетсе), әк өндіру 28,7 мың тонна болып, өткен жылмен салыстырғанда 5,4 мың тоннаға артты. Уран өндіруден басқа саланың өсімі көңілге қонымды. Уран өндіру төмендеген, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 86,8 пайыз ғана. Жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі уранның үлесі 70 пайызға жуық. Жағдай неге бұлай қалыптасты? Орындалмау жөніндегі себептеріңіз әбден жауыр болған жауап қой! Бұл мәселені толық талдамағансыздар. «ҚазАтомромның» 3 жылға арналған баға саясатының аяқталғанына бірнеше жыл өтті. Сіздер әлі соны сылтауратып жүрсіздер.
Ауданның кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі 440 тонна қосымша уран өндіріп, оны өңдейміз деп едіңіздер. Осы жоспар, уәде қайда? Бұл сұраққа қайсыңыз жауап бере аласыздар? Біріңіз талдайтын, біріңіз жоспарлайтын органсыз ғой! – деп сала басшыларынан нақты жауап күтті.
Жебе тиген жер жаралап қана қоймай, солқылдата сыздатады. Аудан басшысының жебедей жойқын соққысы да жауапты азаматтарды бір сілкіп алғандай болды. Қателікті мойындап, қисынға келетін сөз таппай дал күйге түскені аңғарылып тұр.
– Ауылшаруашылығының жалпы көле­мінің жоспары бар ма? Мұны неге айтып отырмын? Облыста төрт түлік бойынша жоғары көрсеткішке иеміз. Егіннен жинаған өніміміз бен өткізген бағамыз да жоғары. Биыл жоңышқаның бағасы 3-4 есе өсіп, тіпті сабанның өзі қаржының көзіне айналды. Еттің бағасы да қымбаттады. Бірақ көрсеткіштеріміз мардымсыз, неге? Неліктен облыста 7-ші орындамыз? Демек, ауыл шаруашылығы құрылымдарының статистикалық есебі ешкімкің тарапынан қадағаланбайды? Өткен жылдан өнім артық, баға өскен, алайда көрсеткіш төмендеді. Кәне, салаға жауапты аудан әкімінің орынбасары, ауылшаруашылығы бөлі­мі мен статистика басқармасының басшысы қайда қарап жүрсіздер? Ал, анық-қанығын кім ашып айтады?
Өмірбек Болатұлы, айтыңызшы, ауыл шаруашылығы саласының көрсет­кіштеріне әсер ететін статис­тикалық есеп тапсырудың соңғы мерзімі қашан? – деді аудан басшысы.
– Әр айдың 2-не дейін, – деп жауап қатты басқарма басшысы.
– Талғат Бимағанбетұлы, естідіңіз бе, статистика басқармасы және ауыл әкімдерімен бірлесе отырып, жыл соңына дейін статистикалық есепті дұрыс тапсыруды ұйымдастырып, көрсеткішті жақсартыңыз. Жыл соңында тағы 7-ші орында тұрсақ, жақсылық күтпеңіз, – деп «намысынан» бір нұқып алды.
Жалпы, алғанда өңірдің рейтингісін түзгенде инвестиция және құрылыс көлемі, кәсіпкерліктің дамуы, бөлшек сауда, жұмыссыздық деңгейі әсер ететіні белгілі. Мәжілісте аудан әкімі осы бағыттар бойынша болымды ойдың базынасын білдірді.
– Негізгі капиталға салынатын инвес­тиция бойынша жоспарымыз 65 млрд. теңге! Сіздерге сенсем, жыл соңына дейін 29 млрд орындаймыз дейсіздер. Сонда жоспар орындалмайды деп тұрсыз ғой?
Сіздерде 9 айда тартылған инвес­тицияның бөлінісі бар ма, бюджеттен, жеке сектордан қанша бар, қандай мекемелер инвестиция құйып отыр? Жоспарды орындау үшін жыл соңына дейін тартылатын инвестиция кімнің есебінен құйылады? Мұны бір деңіздер.
Екіншіден, былтыр құрылыс көлемі мен бөлшек сауда орындалмағанда статистикалық есепті дұрыстауды көр­сетіп едім. Биылғы көрсеткіш жаман емес. Бірақ, басқа ауданмен салыстырғанда деңгейіміз айтарлықтай төмен. Неге?
Үшіншіден, облыстағы шағын кәсіп­керліктің дамуы саны жөнінен алдыңғы орындамыз. Онда бөлшек сауда көлемі неге тым төмен? Бұл – біздің ауданда нөлдік көрсеткішпен есеп тапсыратындар азаймай тұр деген дерек пе? Үлкен сауда орындары сауда айналымын аз мөлшерде көрсетеді. Жақында аудандағы ірі сауда үйінің біріне барып, кассасының маңында 15 минут тұрдым. Сауда қызу жүріп жатты. Касса алдында ұзын-сонар кезек. Осы қысқа уақытта 20 адам сауда істеді. Олар орта есеппен 15-20 мың теңгеге сауда жасады десек, тәулігіне кем дегенде 3 млн теңгенің айналымы болады. Дұрыс. Сауда сәтті болсын! Айналып келгенде, халыққа қызмет көрсетіп жатыр ғой! Бұған еш қарсылығымыз жоқ. Қайта қуанамын! Бірақ сол сауда орнының салыққа тапсырған есебін қарасаңыз, болмашы ғана. Бұл қалай болғаны?! Жаңағы сауда үйі тәулігіне 3 млн. теңге көлемінде сауда жасаса 1 жылда 1,0 млрд теңгеге сауда жасайды екен. Олардың тобына Береке, Заңғар, Нұрасыл, Қара бура сауда орындарын жатқызуға болар. Біздің ауданның бөлшек сауда көлемі 4,1 млрд теңге болса, сонда төрт қана сауда үйінің сауда айналымы емес пе бұл көрсеткішіміз?
Міне, көлеңкелі экономика осы­лай қалыптасады. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көлеңкелі эконо­микадағы қаржыны халық игілігіне айналдыру керектігін баса айтты. Бұл жұмысты түсіндіру арқылы жүзеге асыруға болады. Өткенде менің тапсырмама сәйкес кәсіпкер иелігіндегі ғимараттарды объективті тұрғыда қайта бағалату жөнінде түсіндірме бойынша бірқатар жұмыс жүргізілді. Осы бағытта да жауапты сала басшылары салық базасын арттыруды көздеп, жұмыс жүргізе алмай ма? Жалпы, кәсіпкерлерге салықтан түскен әрбір тиын халықтың игілігіне бағытталатынын ұғындыру керек...
Төртіншіден, 2021 жылы 2087 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланып, ол 2881 жаңа жұмыс орны құрылуына мүмкіндік берді. Сөйтіп жылдық жоспар 138 пайызға орындалды. Оның ішінде, тұрақтысы – 1706. Осы тұрақты жұмысқа орналасқан адамның нақты есебі бар ма? Қай салада, қандай мамандар? Жұмыспен қамту орталығында осының есебі болуы керек. Биыл 9 айда 1706 адам жаңадан ашылған тұрақты жұмыс орнына орналасты. Өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 149 адамға аз. Неге? Бұған да нақты жауап табу қиын?
Жаңабек Оразбекұлы, сіз электронды база жасақтап, жұмысты жүйелей түсуіңіз керек. Бірақ басшы ретінде тек мамандардың құжатына қол қоюдан басқа ешнәрсе білмейсіз. Ақпараттың ішіне үңіліп, талдау керек қой!
Бір ғана дерек айтайын, биыл Білім және ғылым министрлігінің білім саласындағы өзгерістеріне сәйкес, 1 ставкадағы мұғалімнің сағаты 18 сағаттан 16 сағатқа төмендеді. Әр мұғалімнен 2 сағат артылды. Енді 42 мектепті есепке алсаңыз, 100-ге тарта мұғалім жұмысқа қабылдануы мүмкін ғой! Одан бөлек бала туу көрсеткішіміз жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл деген қосымша жұмыс көзі деген сөз. Білім саласы қабылдаған адам саны есебінен біздің көрсеткішке оң әсер беруі тиіс. Бірақ сіз оны талдамайсыз. Олар да осы ауданның тұрғындары ғой! Яғни, ауданда ашылып жатқан жұмыс орындары бар.
Экономика және бюджеттік жос­парлау бөлімінің басшысының баян­дамасы бойынша жұмыссыздық деңгей­ін облыстың орташа көрсеткішіне (4,9 пайыз) түсіріп, еңбекке қабілетті атаулы әлеуметтік көмек алушылардың жұмыспен қамтылғанының және жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесудің бел­сенді шарасына тартылғандардың үлес салмағын 63,8 пайызға (қазіргісі 15,0 пайыз) дейін жеткізу керек. Бұған жеткізетін нақты жоспар бар ма? Қанша адам жұмыспен қамтылған жағдайда 4,9 пайызға түседі? Бұл бірінші сұрақ.
Екінші атаулы көмек алатын адамдардың ішіндегі еңбекке қабілетті адамдарды 63,8 пайызға жеткізуіміз керек екен. Ол 15 пайызға ғана орындалған. Сонда жыл басынан бері біз кімді жұмыспен қамтығанбыз? Сонда ақылы қоғамдық жұмысқа ғана тартқанбыз ба? Бұл санатта қанша адам бар, оның қаншасы қамтылды? Жыл соңына дейін қаншасы қамтылуы тиіс?
Аягөз Нұржанқызы, сіз салаға жауапты уәкілетті органның басшы­сысыз. Жұмысты жүйелеп, нақты нәтиже көрсетіңіз.
Осыған байланысты аудан әкімінің аппаратына қараша айының алғашқы он күндігіне тұрғындарды жұмыспен қамту жағдайы және кәсіпкерлік аясын шағын және орта бизнес субъектілерінде адамдардың жұмыспен қамтылуы бойынша тиісті талдау жасап, керек болса тізіміне дейін нақтылауды тапсырамын. Жылдың қорытындысын түйіндейтін мәжілісте бұл мәселе қайта сұралатын болады.
Бесіншісі, кент, ауылдық округтердің 19,5 млн. теңге салықтық түсімдері аудандық бюджетке түскен. Оны түгендеп, өз бюджетіме аударып алайын деген ниет ауыл әкімдерінде көрінбейді. Менің жобамда, салық түсімінің ең үлкен бөлігі Жаңақорған кентіне тиесілі. Сардар Сәдуақасұлы, сізде мұның есебі бар ма, әлде аудан бюджетіне түскен қаржыңыз керек емес пе? Болмаса сіздерде ешқандай проблема жоқ па?
Мемлекеттік кірістер басқармасында бұл қаржы қай округке тиесілі екендігі жөнінде мәлімет бар ма? Егер болса осы таңға дейін менің қаржым ауданға кетіп қалыпты, қайтарып алу жолы қандай деп келген ауылдың әкімі бар ма? Бұл бойынша не шара қабылдадыңыздар?
Семсер Мұсабекұлы, егер жыл соңына дейін кент пен ауыл әкімдері аудан бюджетіне түскен қаржысын алып, өз мәселесін шешуге бағыттамаса, келер жылдың бюджетін қарауда назарға алыңыз! Мұндай өз ауылына жаны ашымайтын әкімдерге аудандық бюджеттен неге қаржы бөлуіміз керек? – деп аудан әкімі сала басшылары мен ауыл әкімдерінің функционалды міндетін сөз етіп, әлеуметтік-экономикалық көрсеткіш деңгейін көтеретін мәсе­лелерге тоқталды.
Қос бөлім басшысы қаржы сек­торының жай-күйін баяндаса, үшінші баяндамашыдан ауылдық округ әкім­де­рінің жауапты жұмысқа қандай жауап­кершілікпен қарайтынын білдік. Бұған дейінгі аудан әкімінің екі мәжілісінде кент және ауылдық округ әкімдерінің өкімі мен шешімдерінің нормативтік заңсыздықтары жан-жақты талданған-ды. Сонда арнайы заңгер маманы бола тұра қатеден көз ашпайтын құжаттарды көріп ұялғанымыз рас. Бұл жолы Екпінді, Қожамберді, Жайылма, Қыраш, Қосүйеңкі, Манап, Талап, М.Нәлібаев, Қандөз, Көктөбе ауылдық округіндегі орындаушылық тәртіппен қоса ауыл­дың абаттандырылуы, санитарлық тазалығын қамтамасыз ету деңгейіне зерделеу жүргізілді. Жергілікті әкімдер өткен жиындардан қорытынды шығарып, нәтижені дұрыстауы тиіс еді. Өкініштісі, бәрі керісінше.
– Аудан әкімдігі мәжілісінің күн тәртібіне сәйкес жергілікті әкімдер 12 қазанға дейін мәлімет беруі тиіс-тұғын. Алайда Манап ауылдық округінің әкімі жауапсыздық танытып, мәлімет мүлде ұсынбады, Талап ауылдық округінің әкімі салық төлеушілердің реестрін 26 қазанда берді.
Қыркүйек айынан бастап кент, ауылдық округ әкімі аппаратының құжат айналымы документолог (Documentolog) ақпараттық жүйесіне қосылды. Біз құжаттандыруға жауапты мамандарын шақырып, оқу семинарын өткіздік. Сондықтан кіріс-шығыс құжат айналымына тоқталғым жоқ.

Сіздің тапсырмаңызға сай, жергілікті басқарушы органдардың құқықтық акті­леріне талдау жүргіздік. Бұл жолы да кемшілік тағы да қайталанғанын көріп отырмыз.
Жыл басынан ауыл әкімдерімен 757 акті (шешім, өкім) қабылданды. Оның ішінде, Екпінді ауылдық округінде – 62 өкім, 13 шешім әзірленді. Сондай-ақ Қожамбердіде – 58 өкім, 15 шешім, Жайылмада – 79 өкім, 17 шешім, Қырашта – 57 өкім, 11 шешім, Қосүйеңкіде – 69 өкім, 9 шешім, Манапта – 60 өкім, 17 шешім, Талапта – 49 өкім, 16 шешім, М.Нәлібаевта – 78 өкім, 14 шешім, Қандөзде – 57 өкім, 22 шешім, Көктөбеде – 45 өкім, 9 шешім дайындалды.
Осы актілердің ішінде Қандөзде – 1, Екпінді мен Жайылмада – 3 бұзушылық, Қосүйеңкіде – 4, М.Нәлібаевта – 6 бұзу­шылық анықталды.
Салық базасын ұлғайтуға бай­ланысты ауылдық округ әкімдерімен жер телімін табыстауға байланысты қабылдаған нормативтік құжаттарға зерделеніп, Қандөз ауылдық округінде 2016, 2017, 2020 жылы 1 жеке тұлға, Көктөбеде 2016, 2017, 2019 жылы 1 жеке тұлға, Жайылмада 2017 жылы 2 жеке тұлға салық төлеушілердің реестріне кірмегендіктен, бүгінгі күнге дейін аталған жер теліміне салық есептелмеген. Аталған ауылдық округтерге салық төлеушілер реестрі 2021 жылдың 12 қазанына дейін жолданды. Бірақ Талап ауылдық округі әкімінің аппараты салық төлеуші реестрін тек 26 қазанда ұсынды. Манап ауылдық округі әкімі аппараты мүлде ұсынған жоқ. Яғни әкімдер мамандарына тапсырма бергенімен, қадағаламайтыны анық, – деп аппарат басшысы жергілікті әкімдіктердің құжат айналымын талдады.
Одан кейін Бақтияр Мадиярұлы тазалық мәселесі мен қызметтік жауап­кершілік жайына тоқталып:
– 18 қарашаға дейін «Birge-taza Qazaqstan» акциясы жалғасады. Іс-шаралар жоспарына сай барлық кент, ауылдық округ әкімдері апта сайын сенбілік ұйымдастыруы тиіс. Алайда тұрғылықты мекеніміз тазармай тұр.
Біз қазан айының басынан Екпінді, Қожамберді, Жайылма, Қыраш, Қос­үйеңкі, Талап, М.Нәлібаев, Қандөз, Көктөбе ауылдық округінің тазалық жұмысын жүргізу деңгейін бақыладық. Бірақ Манап ауылдық округі аумағындағы лас жерлер түбегейлі тазаланған жоқ.
Хабарламаны қорытындалай келе, тазалыққа мән бермеген Манап ауылдық округі әкімінің және заң бұзушылық орын алған Жайылма, Қосүйеңкі, М.Нәлібаев, Қандөз ауылдық округі әкімі аппаратындағы жауапты мамандардың тәртіптік жауапкершілігін қарауды ұсы­намын, – деді.
Кент және ауылдық округ әкімдерінің арасында халық аманатына атүсті қарап, жауапкершілік жүгін сезінбей жүргені бар. Кейбірін түстен кейін әкімдіктен іздеп барып, таппайсыз. «Қайда кетті?» десеңіз, «ауданға» деген жаттанды жауап аласыз. Сонда олар күнде ауданда не бітереді екен-ә!
– Манап ауылдық округінің әкімі Нұрбек Бексұлтанов жолдас, тапсырма неге орындалмады? Арнайы хат жазылады, жауап жоқ. Бірнеше рет ескертіледі, мән бермейсіз! Маған ешкім ештеңе істей алмайды деген түсінік па бұл?! Ауыл әкімі деген лауазым еріккеннің ермегі емес. Жауап беріңіз! – деп орнынан тұрғызды.
Нұрбек Нұрмаханұлы тілін жұтып қойғандай үнсіз қалды.
Аудан әкімі сөзін одан ары жалғап:
– Бұған дейін құқықтық актілерді рәсімдеуде жіберілген қателіктерді айтып, слайдпен көрсетіп, алдағы уақытта мән беріп қараңыздар, қайта­ланса жауапкершіліктеріңіз қаралады деп ескерттім. Қажет болса, аудан әкімі аппаратының мемлекеттік құқықтар бөліміне құқықтық актілердің рәсімделуін көрсетіп алыңыздар деп айттым. Сонда осы уақыт ішінде құжаттарыңызды қайта қарап, кемшіліктер жойылды ма деп қарамағансыздар. Солай ма? Солай!
Машбек Нәлібаев ауылдық округінің әкімі Өмірбек Ілиясов жолдас, тексеруге берген құжаттарды неге қарамайсыз? Шешімнің нөмірі мен қолын карандашпен қойғаныңыз не? Өзіңіз педагогсыз, тексеріп, қате табуды білмейсіз бе? Неге кемшілік түзелмеген?
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Аудан тазалығы бәрімізге сын. Елді мекендерді аралау барысында үнемі көретінім күл-қоқыс. Кейбір ауыл әкімдері тапсырманы орындап, нәтиже көрсеткеніне қуанатын болдық. Біле білсеңіздер, елді мекен аумағындағы тазалық сіздердің басты жұмыстарыңыз.
Халық ақыны Манап Көкеновтің атымен аталатын ауылдың әр көшесінде қоқыс үйілген. Халықаралық жол бойында да әр жерде шашылған қоқысқа көз сүрінеді. Аппарат басшысының сөзімен келісемін, Манап ауылдық округінің әкімі жұмысқа жауапкершілікпен қарамағаны үшін тәртіптік шара көру керек.
Әріптестер, тазалық үнемі бақылауда болады. Аппараттың ұйымдастыру-бақылау бөлімінің бас инспекторларын кез келген уақытта тексеруге жіберемін. Тазалық акциясын дұрыс ұйымдастыруға мән беріңіздер.
Орындаушылық тәртіп пен елді мекен­дердің тазалығын тоқсан сайын аппа­­раттық мәжілістің күн тәртібіне қоюды тапсырамын, – деген аудан әкімі тобықтай сөздің түйінін шегелеп тұрып, жетесіне жеткізіп айтты. Осыдан сабақ алса, сөз жоқ, іс ілгері басуы, қателік түзелуі тиіс. Олай болмаған жағдайда, «ұр тоқпақ» өзін сабайды.

P.S.: Жыл басынан бері тұрақты өткізілетін алқалы жиын шендіні ширатып, белсендіге білек түргізіп тастауы керек. Әрине, нәтиже жоқ емес, істе сірескен сең бұзылды, жұмыс жылжып жатыр. Алайда көрсеткіш әлі көңіл көншітпейді. Білсек, мәжіліс мақсаты ештеңеден аянып қалмайды және ешкімді де аямайды. Бүгінгі дейін аудан имиджіне оң әсер ететін факторлар ептеп қалыптаса бастады, жыл аяғына қарай динамика деңгейі біршама көтерілуі тиіс. Аудан басшысының талабы – осындай үлгілі үдеріске үндегендей болды.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ,
Қаныбек ӘБДУОВ

02 қараша 2021 ж. 1 469 0