Мектеп құрылысы мұңданып барады
Жаңақорған ауданында биыл екі мектеп пайдалануға берілуі тиіс. Оның бірі – 300 орындық мектеп 1 қыркүйек жаңа оқу жылына да, екінші 600 орындық білім беру мекемесінің ғимараты 1 желтоқсанда ел игілігіне ұсынылады. Уақыт алға озған сайын құрылыстың қарқыны, оны сапалы аяқталуы күн тәртібінде ұдайы қаралады. Бұл – құрылыс басталған күннен солай дағдыланған үрдіс.
Бүгін тағы бақылау, қадағалау бағытында аудан әкімі Руслан Рүстемов екі нысанға барды. Жәй барған жоқ, құрылысшыларды ширатып алды, еңбек өнімділігін еселеуге, сапалық деңгейін арттыру туралы тапсырма берді.
Алдымен кенттегі Құлан Алдабергенов көшесі бойындағы 300 орындық мектептің ғимаратына келді. Құрылыстың бас мердігері – «Қазқұрылыс Сервис» ЖШС.
Бізді учаске басшысы Жасұлан Смайлов қарсы алды. Ғимараттың сырт сұлбасымен танысып, ішкі жұмыстарын көрдік. Істің барысына аудан әкімінің көңілі толмады.
–Бұған дейін облыс әкімінің орынбасары С.Сүлейменов келіп, тиісті тапсырма берілді. Кәне, соның қайсысы орындалды? Неліктен жұмыс сылбыр? Бұған не кедергі? Жұмыстың атқарылуына орай қаржы бөлініп тұр. Яғни, қаржыға қатысты ешқандай мәселе туындаған емес. Сонда құрылыс қарқынын кім тежеп тұр?
–Руслан Рүстемұлы, талабыңыз орынды. Бәрін де реттеуге тырысып келеміз. Қазір сантехникалық, тас қалау, сылақ, шатырды жабу жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жасыратыны жоқ, жұмысшы қолы жетіспеуде. Соған ықпал етсеңіз, – деді учаске басшысы.
–Тоқтаңыз, уақыт таянған сайын, уайымыңыз күшейе бастады ғой. Әлі дала жұмыстарының бірі жоқ. Су резервуары мен жылы беру орталығынан өзге стадион, жерді тегістеп, асфальттау, басқа қаншама шаруа күтіп тұр. Үлгермейсіз бе, екі ауысымда жұмыс істеуге көшіңіз. Қаншама ата-ана жаңа мектепті асыға күтіп отыр. Ал, сендер, сылбыр жұмыстарыңа қарқын қоса алмай келесіздер?– деп Руслан Рүстемұлы учаске басшысын тығырыққа тіреп қойды. Сонан соң: – Қандай жұмыс қолы қажет? – деді.
–Дәнекерлеуші, электр қуатының маманы және үш жұмысшы болса, – деді ол.
–Олардың жалақысы қалай болады?
–Жүз мың теңгенің жобасында.
–Жарайды, жұмыспен қамту орталығына тапсырамын. Шынын айтқанда, 30 адаммен мектеп құрылысы уақытында бітпейді. Жоба бойынша 25 тамызға дейін нысан тапсырылуы керек. Құрылыстың тапсырушысы облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы болса да мұнда жаңақорғандық жеткіншектер оқиды. Сондықтан бұл нысанның уақтылы аяқталуы бізге ауадай қажет,– деді аудан әкімі.
Жаңақорған кенті Б. Байкенжеев көшесіндегі жүргізіліп жатқан 600 орындық №169 орта мектеп ғимаратының құрылысына да аудан әкімі Руслан Рүстемов қабағын шытты.
Бұл мектеп ғимараты 1 желтоқсанға дейін берілуі тиіс болса да әлі де жұмысы шашетектен. Кірпіш қалау аяқталып, үшінші қабаттың шатырын жабу үстінде екен. Десе де қазіргі қарқын күдік туғызады. Учаске басшысы Бағжан Амановтың айтуынша, мұнда небәрі 55 жұмысшы еңбек етуде. Адам қолы жетімсіз. Бұл ғимаратқа да жұмысшы сұралды.
–Сонда жұмысшыларға ақы қалай төленеді?
–Біз әрбір жұмыс күніне ұста үшін 10 мың теңге, жұмысшыға 7 мың теңге төлеп келеміз.
–Олардың зейнетақы қорына ақша аударыла ма?
–Ол есеп бөлімі арқылы жүргізіледі.
–Әрбір корпустың жұмысына кемі 100 адам араласу қажет. Осыған компания жедел әрекет етуі тиіс. Маған ғимарат мезгілінде тапсырылуы керек, – деді Руслан Рүстемұлы.
Аудан басшысы құрылыс басындағы кемдікті көзбен көріп, мәселенің мән-жайын білді. Бір өкініштісі, жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған қаншама жұмыссыз азаматтар неге мұнда жоқ? Бірінші құрылыс нысаны бойынша жергілікті азаматтардан мүлдем болмады. Тек екінші нысанда бес-алтысы кезікті. Демек, біздегі жұмыссыз деген ақпар жалған сөз күйінде қалып тұрған секілді. "Екі қолға бір жұмыс табылса" дейтінге мына құрылыс аздық етпейді.
Аудан әкімінің көңілі көп түйткілді мәселеге мазаланып шықты. Әсіресе, құрылыстың баяу қарқынымен қатар жұмыссыздық жайлы ой белгісі оның қату қабағынан кетпей қойды. Себебі оған мектеп құрылысы мұңданып қарады.