№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Қос құрылыстың қарқыны қалай?

Қос құрылыстың қарқыны қалай?

Құлшыныс болса қыс айы құрылысқа кедергі келтірмейді, тек мемлекет қаржысын игеріп, сапалы еңбектің нәтижесін көрсету керек. Бүгін түс қайта Жаңақорған кенті Б. Байкенжеев көшесіндегі 600 орындық №169 орта мектеп ғимаратының құрылысына аудан әкімі Руслан Рүстемов арнайы барды. Жәй бармады, жағдайды егжей-тегжейлі талқылаудан өткізуге бекінді. Іс барысына көңілі толмады. Қасына құрылыс саласының ардагерлері Алшынбай Тұртанов пен Қалмахан Тәжіғұлов ерді.

Шыны керек, бұл мектеп жаңа оқу жылына дейін тапсырылуы керек. Қазіргі қарқын сол сенімді ақтай алмай ма деген күдік туғызады. Сол кемдікті көзбен көріп, мәселенің мән-жайын білу мақсатында аудан басшысы барып тұр. Учаске басшысы Бағжан Амановтың айтуынша, мұнда 32 құрылысшы еңбек етуде. Бұл көрсеткіш құрылысшының тапшылығын білдіріп отыр. Құрылыс алаңында жұмыс істеуге ықыласты азаматтар аз көрінеді. Соның зардабы сезілді.
– Мынадай үлкен нысанда қанша құрылысшы еңбек етуі тиіс, – деді Руслан Рүстемұлы жанындағыларға.
– Әрбір корпустың жұмысына кемі 100 адам араласу қажет, – деді Қалмахан.
– Демек, құрылыс жұмысының баяу жүру себебі, құрылысшылар санына байланысты болғаны ғой, – дейді аудан басшысы.
Осының бәрін іштей саралап алған Руслан Рүстемұлы учаске басшысын қыспаққа алды.
– Біріншіден, құрылысшылар қауіпсіздік шараларын сақтамаған. Бізге адам тағдыры басты мәселе. Екіншіден, облыс әкімінен бастап, облыстық басқарма басшылары, онан қалды мен 3 рет келдім. Сол баяғы жартас сол жартас. Үшіншіден, бүгін білгеніміздей, құрылыс жүргізудің сапалық деңгейі әлі төмен. Төртіншіден, бас мердігерге ескертіңіз, дәл мұндай қарқынмен биыл бітіру мүмкін емес. Келісім-шарт негізіндегі талаптар күшін жоймайды, жұмыс жайы сол деңгейден сұралады. Бесіншіден, кірпіш, инертті құрылыс материалдар қар астында қалған. Оның сапасы сын көтермейтін жағдайға жетті. Осы ескерілсін. Алтыншыдан, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайы үнемі бақылауда болсын. Жетіншіден, жұмыс және жұмыс.
Әкімнің тапсырмасынан кейін екінші қабатта өзара талқылау жүрді.
– Мына жұмыс өте сылбыр. Құрылысшыларды көбейтпей, жұмыс көгермейді. Жедел түрде техникалық кеңес өткізіп, мердігерді ортаға алуымыз керек, – деді Алшынбай Тұртанов.
– Сейсмикалық аймақ қауіпсіздігі ескерілмей болмайды. Ол үшін құрылыс заттары да сапалы болу қажет, – деді Қалмахан Тәжіғұлов.
– Орман Айтмағамбетұлы, шұғыл түрде жұмыс кестесін бірге қараңыздар. Техникалық база, еңбек ресурстары ескерілсін. Апта сайын құрылыс басқармасына тиісті мәлімет ұсынылып отыру керек, – деді Руслан Рүстемұлы.
Айту керек, бұл ғимараттың мердігері – «Өмірзақ» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «Стройинтеграция»ДСП ЖШС. Қазіргі игерілген қаржысы 201,809 млн теңге. Жалпы нысан 3 қабатты, алаңы 7807,42 шаршы метр. Бүгінгі таңда атқарылғаны жер жұмыстары 60 процент, іргетасын құю 90 процент, қыш қалау 60, сыртқы электр желісін тарту жұмыстары 80 процент көлемінде. Бүгінгі білген-көргеніміз енді ертең өзара тағы талқыға салынады.
Біз екінші нысанға бет бұрдық. Кенттегі Құлан Алдабергенов көшесі бойындағы 300 орындық мектептің ғимаратына келдік. Құрылыстың бас мердігері – «Қазқұрылыс Сервис» ЖШС. Бас жобалаушы– «Сыр жоба» ЖШС. Ал, оның техникалық қадағалаушысы – «KZ Строй эксперт» ЖШС.
Бізді учаске басшысы Құрмаш Урматов қарсы алды. Ғимараттың сырт сұлбасымен танысып, ішкі жұмыстарын көріп келеміз.Кірпіш қалаумен 10 жұмысшы айналысуда екен. Қалған 17-сі бетон құю қамында жүр. Жұмыс біршама жүргізілген. Дейтұрғанмен кейбір кемшіліктер назарға алды. Әсіресе, кірпіштің кетігін тауып қалануы сөз болды. Сондай-ақ жұмысшы күшін көбейту мен жұмысты күшейту мәселесі кеңінен қозғалды.
– Жаңа оқу жылына нысанды тапсыру үшін тамыз айында құрылыс бітуі тиіс. Сол үшін жұмыс дәйекті әрі сапалы жүргізілгені жөн. Тендер талабы бойынша қабылдау жүргізіледі, – деді аудан әкімі.
Учаске басшысының сөзіне сенсек, құрылыс алаңын қоршау 70, жер қазу жұмыстары 100, іргетасын қалау 90, қыш қалау 40 процент көлемінде атқарылды.
Бір айтарлық жәйт, №169 мектептің құрылыс алаңындай жерасты суы жер бетіне жақын жатқан жоқ, мұнда өте тереңде екен, яғни 27 метрден су шықты.
Бір ескеретіні, екі нысанның да тапсырыс берушісі – облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы.

Қаныбек АБДУОВ
10 ақпан 2021 ж. 474 0