№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Салық төлеу – ортақ міндет

Салық төлеу – ортақ міндет


Салық – кез келген өркениетті мемлекеттің табыс көзі. Сол себепті кірген кіріс, шыққан шығыс – бәрі жіті қадағаланып отырады. Әрі ортақ қазынаның ортаймауына әрбір азамат жауапкершілікпен қарап, мемлекет алдындағы міндетке бейқамдық танытуына әсте болмайды. Бұл ретте, аудан тұрғындары салықтық міндеттерін орындауға белсенді қатысып келетінін айту орынды. 2020 жылы салықтық төлемдер қалай орындалды? Осыған жауап іздедік.

2020 жылдың қорытындысымен Мемлекеттік бюджет жоспары 27 735 982,0 мың теңге болып бекітілсе, одан 27 795 674,0 мың теңге түсім түсіп, жоспар 100,2 пайызға орындалды. Республикалық бюджет 2020 жылға жылдық жоспары – 25 500 965,0 мың теңге. Алайда, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты кейбір салық түрлерін төлеуден босатылғандығы кері әсер етіп, 25 012 369,0 мың теңгені немесе 98,1 пайызды құрады. Жергілікті бюджет 2020 жылға жоспары – 2 221 124,0 мың теңге. Жоспар 124,5 пайызға орындалды. 2019 жылмен салыстырғанда түсім 276 488,0 мың теңгеге артық орындалды.
2020 жылдың жер, мүлік және көлік құралдары салығы бойынша бекітілген жоспарды Ақүйік, Аққорған, Екпінді, Қожакент ауылдық округтері асыра орындады.
Жер салығын Байкенже ауылдық округі 71,4 пайызға, Жаңақорған кенті 77,5 пайызға, Өзгент ауылдық округі 97,2 пайызға ғана орындады.
Ал, биылғы жоспар қандай? Бұған Жаңақорған ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Талғат Мұстафаев былай жауап берді: «Биыл белгіленген межені толық игеріп шыға аламыз деген ойдамыз. Өйткені, аудан әкімінің жүйелі жұмыстарының нәтижесінде халықтың салыққа деген мәдениеттілігі артып келеді. Оның үстіне, кәсіпкерлік саласының дамуы да оң әсерін тигізетіні анық. Өткен жылдарға қарағанда әлдеқайда өзгеріс бар. Кәсіпкерлікке тіркеліп, салық төлеп жатқандар саны артты. Соның нәтижесінде, биыл да жоспардан шығамыз».
Салық мәдениеті демекші, халықтың салық мәдениеті қалыптасуы – мемлекет дамуының негізі. Осыны тұрғындар терең түсінсе дейді Қыркеңсе ауылдық округінің салықшысы Абай Шерниязов:
– 2020 жылы Қыркеңсе ауылының тұрғындары салық төлеуге белсенді қатысып, 2 969 000 теңге мемлекетке қаржы төледі. Заңға өзгерістер еніп жатса оны дер кезінде ақпараттандырып отырамыз. Сөздің шыны керек, былтырғы жылға дейін салықты жинап шығу қиын болатын. Мына Kaspi Gold мобильді қосымшасы шыққалы жұмысымыз жеңілдей түсті. Әрбір адам ұялы байланыс құралы арқылы салықты төлейді. Ал, біз базадан кімнің төлеген, кімнің төлемегінін қарап отырамыз, – деді.
Енді заңға енгізілген өзгерістер мен атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала кетсек. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында салық саны тым көбейіп кеткенін айтты.
«Қазір 40-қа жуық түрлі салық пен төлемдер бар. Үкіметке «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп депутаттық корпусты қатыстыра отырып салық міндеттемелерін түбегейлі жеңілдету және салықтар мен төлемдер санын азайту үшін Салық кодексі мен Заңға тәуелді актілерді қайта қарауды тапсырамын» деген болатын Мемлекет басшысы.
Осының негізінде Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов былтыр қыркүйек айында жаңа жылдан бастап салық төлемдерінің біразы қысқаратынын мәлімдеді.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап қосымша құн салығы бойынша есепке қоюдың шекті мөлшері 30 мың АЕК-тен 20 мың АЕК-ке дейін қысқарады. Ал биылдан бастап көпқабатты үй тұрғындары жер салығын төлеуден босатылады. Осыған дейін олар аталған салықты төлеп келген болатын.
Сонымен қатар мемлекет көлік салығын төлеу мерзімін де ұзартты. Былтыр 2020 жылдың 31 желтоқсанына дейін төлеп үлгеруі керек болса, енді ол мерзім 2021 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды. Салық кодексінің 139-бабы 1-тармағы 2) тармақшасының екінші жолында өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік кірістер органдарына Қазақстан Республикасының (ЕАЭО елдері және басқа елдер) резидент емес салық төлеушілеріне қатысты тақырыптық салықтық тексерулер жүргізуге өкілеттік беруге мүмкіндік береді. Осы түзету бұзушылықтардың алдын алу мақсатында автокөлік құралдарының Қазақстан Республикасының аумағы арқылы транзиттік өтуін қамтуға ықпал ететін болады.
2021 жылдан бастап қазақстандықтар зейнетақы қорындағы жинаған қаражатының бір бөлігін алып, оны тұрғын үй жағдайын жақсартуға, емделуге пайдалана алады. Қазір бұл бастаманы
реттеумен «Отбасы банкі» айналысып жатыр. Осы орайда жинақтан ақша алу кезінде аталған қаражаттың 10 пайызы жеке табыс салығы ретінде ұсталатыны хабарланды. Дәл осы ереже қоғамда әжептәуір шу тудырды. Дегенмен қоғам қарсылығына қарамастан заң жобасы бәрібір қабылданбақ. Яғни, азаматтар жеке табыс салығын төлейді, алайда бірден емес. Аталған төлемді зейнет демалысына шыққаннан кейін бөліп төлеу қарастырылып отыр.
Енді ел тұрғындары мүлік пен жер салығын бірге төлейді. Сол арқылы аталған салық түрін төлеу процесі жеңілдетіліп отыр. Пандемияға байланысты былтыр кіші және шағын бизнес ұжымдық табыс салығы, жеке табыс салығы, әлеуметтік және бірыңғай жер салығын төлеуден босатылған еді. Мемлекет сондай-ақ бизнесті тексеруге қатысты да мораторий жариялады. Аталған шара 2022 жылдың соңына дейін күшінде болады. Сондай-ақ шағын және орта бизнес те салықтан және жалақы қорының төлемдерінен босатылды.
2021 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшері 2917 теңгені құрайды. Ал базалық әлеуметтік төлемдер мөлшерін есептеу үшін күнкөрістің ең төменгі мөлшері 34 302 теңге болып бекітілген. 2021 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 42 500 теңге күйінде қала береді. 1 қаңтардан бастап төменгі мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі 18 524 теңге. Бұл ретте минималды зейнетақы мөлшері – 43 272 теңге.
Сондай-ақ, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қанағаттану деңгейін арттыру үшін 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап келесі қызметтерді көрсету мерзімдері қысқартылды:
– Салықтық өтініш бойынша салық декларациясын кері қайтару – салықтық өтініш берілген күннен бастап 1 жұмыс күніне дейін;
– Салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұру – бір жұмыс күніне дейін;
– Әділет органдарының талабы бойынша қарыздың болмауы (болуы) туралы ақпарат – үш жұмыс күніне дейін;
– Салықтарды, бюджетке төлемдерді, өсімпұлдар мен өсімпұлдарды есепке алу және қайтаруды жүзеге асыру 5 жұмыс күніне дейін қысқартылды.
Салық есептілігін оңтайландыру мақсатында жанама салықтар бойынша декларацияны тапсыру қажеттілігі алынып тасталады (СЕН 320.00).
P.S.: Салық – айналып келгенде өзімізге қайтатын капитал. Көшелердің жарық-тандырылуы, құрылыстардың қарқын алуы, өркениеттің дамуы да біз бен сіздің салып отырған салықтан жүзеге асырылады. Салықтан жалтару – азаматтығымызға жат. Қоғамның ортақ мүддесін сезіне отырып, салықты уақытында төлеу әрбір тұрғынның парасатты пайымы.
Әсел РЗАЕВА
17 қаңтар 2021 ж. 1 791 0