№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Цифрлы Қазақстан: мәре мен меже

Цифрлы Қазақстан: мәре мен меже


2020 жылдың соңына дейін тұрғын саны 250-ден асатын 880 ауыл кең жолақты интернет желісіне қосылуы тиіс. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл тапсырмасы сапалы атқарылуы тиіс.


Олай болмаса, елдің дамуы қиындай түседі. Қазір әлем елдері жоғары жылдамдықты 5G қосуға талпынып жатыр. Оның себебі – интернет ақпарат алмасудың құралы ғана емес, өмір сүру сапасын арттырудың бірден-бір жолы.
Сәуір-мамыр айында білім беру жүйесінде қашықтан оқыту үрдісі жүрді. Сол кезде Қазақстанда цифрландыру қандай деңгейде жүргізілгеніне көзіміз жетті. Әсіресе ауылдағы ағайынға ауыр болды. Кабельді телефон арқылы сөйлесіп, тапсырма беріп, сабақ сапасын тексеруге тура келді.
Елде 57 мектепте интернет желісі жоқ болса, облыста 25 ауылда интернет жоқтығы мәлім болды. Бұған дейін аудан орталығынан алшақ жатқан қос ауылда интернеттің әлегі туралы тәтпіштеп айтқан болатынбыз. Қосүйенкі мен Көктөбе ауыл оқушыларының биылғы оқу жылына дайындығын ауыл әкімдерінің өзінен сұрадық.
Аудан орталығынан шалғайда жатқан Көктөбеде цифрландыру ісін жеделдетпесе, оқушы мен ұстаздарға онлайн оқу оңайға түспесі анық. Мұнда 624 тұрғын тұрса да Үкіметтің айтқан игілігін көру мұң болып тұр. Мұны ауыл әкімі Боран Абуов та растап отыр.
–Наурыз айында интернет тарелкелерін құратын болып, байланыс торабының мамандары келіп, іс басталғанымен орта жолда іс тоқтап қалды. Бұған құрылғының Алматы қаласынан келетініндігін себеп етіп отыр. Үкіметтің пәрменінен кейін 880 елдің тізіміне енеміз деген үміт те бар. Десе де, ешкім бізден интернет туралы ешқандай мәлімет талап еткен жоқ, қозғау болып жатқан жоқ, – деп ашығын айтты.
Интернет тапшылығы бар Қосүйеңкідегі жұмыс барысы жайында ауыл әкімі Жанай Жанпейісов Актив пен Билайн байланыс компания өкілдеріне «жылдамдықты арттыру» жөнінде өтініш жазып, мамандарын шақыртып, сөйлескенін айтты. Десе де, бұл да мардымды іске ұласар емес.
– Ауылда Асtiv желісі ұстағанымен WhatsApp қолданудың қиындығы көп. Жолдаған видео, аудио хабарлар ашпайды, тек мәтін жазуға мүмкіндік бар. WiFi ауыл әкімгершілігі, мектеп пен медициналық пунктке қойылған. Қазақтелеком осы жылдың соңына дейін өтініш берген тұрғындардың үйіне WiFi қондырғысын құрамыз дейді, – деді.
Ұстаздар мен ата-аналар оқушылардың жаңа оқу жылында қалай сабақ аларына алаңдаулы. Себебі, 988 тұрғыны бар ауылда интернет Е ғана ұстап, кейде ол да жоғалады. Ал, студент жастар аудан орталығындағы туыстарын жағалап сабақ алуда. Сымсыз байланыс орнатқан тұрғындар арасында көбі интернет жылдамдығы аздығынан құрылғыны қайта өткізіпті. Осы іспетті мәселелерді айтқан ауылдағы ағайын интернет байланысын жақсартып, 4G жиілігін қолдануды сұрап отыр.
Ал ауданда 42 мектепте 17777 оқушы, 2587 мұғалім бар. Олардың цифрлық сауаттылығын арттыру бағытында айтарлықтай жұмыс жоспары түзілген. Жаз айында ұстаздардың біліктілігін арттырып, әдістемеден өтті.
– Жаңа оқу жылына дайындық жұмысы жүйелі жүруде. Төртінші тоқсанда кездескен қиындықтарды ескеріп цифрлық сауаттылықты нығайтуды басты назарға алдық. Түрлі интернет платформаларын пайдалануды мұғалімдер меңгеріп, тәжірибе жинауда. Әрбір бала тиісті білімін алу үшін барынша мүмікіндіктер қарастырудамыз, – деді аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Мейірхан Оспанов.
Жаңақорған кентіннің МАИ бекеті мен Саяжай аймағында интернет ұстамайтынын тұрғындар әлеуметтік желіде жазып жүр. Жуырда Ахмет Тұрсынов деген тұрғын аудан әкімі Сұлтан Мақашовқа фейсбук арқылы ашық хат жолдады. Онда карантин кезінде интернетке қажеттілік артқанын, бірақ тиісті қызмет түрін ала алмай отырғанын арқау етіпті.
«Қазақтелеком» АҚ Жаңақорған аудандық филиалының жүйелі жұмыс жасаудың жоспары бар. Мұны директор Зейнулла Өрғараев түсіндіріп берді.
– Қос ауылдың тұрғындары интернет игілігін қажетіне жарата алмай отырғанын жақсы білеміз. Осы мәселені түбегейлі шешу жолы қаралуда. Ауылдың географиялық жағдайы ескеріліп, ауыл аймағын бедерлеп, соған орай интернет желісін таратуды мақсат етудеміз, – деді директор.
Интернет жылдамдығы бәсең аумақта интернетті дамыту үшін арнайы 2020 жылдың соңына дейін талшықты оптикалық және LTE-4G желісін жүргізу жоспарда бар. Бұл кезең-кезеңмен жүргізілмек. Жоба құпталса, 26 ауылдық округтің тұрғыны емін-еркін 4G-нің игілігін көрмек. Наурыз айында 350 тұрғын үйге WiFi құрылған. Алдағы уақытта WiFi құрғызу бойынша кент тұрғындарының өтінішін қанағаттандыру үшін 150 арнайы құрылғыларға тапсырыс берілген. Айта кетерлігі ауылдағы барлық медициналық мекемелер толықтай интернетке қосылады.
Сын сағатта интернеттің тауқыметі қолбайлау болатынын жақсы білетін білікті дәрігер Алғатай Қаратаева Бесарық ауылдық округінің медицина мамандары науқасты аудан орталығындағы дәрігер тіркеуіне жазуда қиындықтар болып тұратынын айтты.
– Ауылда интернет жылдамдығы жақсы. Кейде ауа райы бұзылғанда жылдамдық нашарлайды. Осы жылдың соңына дейін барша ауылға жоғары интернет жылдамдығы қосылатынын естіп, ақ халатты әріптестерім қуануда, – деді ол.
Интернет жылдамғы артуы сапалы қызметтің өрістеуіне ықпал ететіні сөзсіз. Карантин уақытында адамның ең алғашқы қажеттілігіне айналған интернет ресурсын жеделдету мәжесі осы. Ал, мәресі 2020 жылдың соңында белгілі болмақ.

Мақпал ПӘТЕНОВА
04 тамыз 2020 ж. 708 0