№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Аудан бойынша барлық 2587 мұғалімнің қашықтықтан оқытуға мүм­кіндігі толық бар

Аудан бойынша барлық 2587 мұғалімнің қашықтықтан оқытуға мүм­кіндігі толық бар

   "Жаңақорған тынысы"  «Білім және ғылым министрлігі телевизия арқылы сабақ беруге көшті, күлкілі жағдай. Е-gov-тің халі анау. Карантиннен кейін біз осы жағдайлардан сабақ алып, сараптама жүргізуді басты орынға қоямыз. Бастысы цифрлы мемлекет болуы үшін ІТ саласын қажетті деңгейде жүргізу қажет». Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысында айтқан сөзі. Президенттің «Цифрлы Қазақстан бағдарламасын» сынға алып, кемшін тұстарын сөз етіп, орнын толтыруға пәрмен берді. Кем-кетікті стратегиялық институттар бағдарлап, Үкімет дұрыстар. Айтқымыз келгені, бұл емес. Ауылдағы талапкерлер қашықтықтан оқытуды қалай қабылдады? Елді мекендердегі жасөспірімдер алаңсыз білім алуына толық мүмкіндіктер жасалған ба?

  Ана ретінде түске дейін баламен бірге білім алуға жауаптымын. Иә, бірінші қашықтан берілген тап­сырмаларды орындап, білім аламыз. Содан кейін ғана үйдің шаруасына көшеміз. Күндегі әдетіміз осы. Қазір көп ата-ана карантин ертерек біткеніне мүдделі. Себебі бала оқыту тым ауыр. Екінің бірінің жүйкесі шыдай бер­мейді. Жә, баласы үшін қайтадан оқулық ашып, күрделенген мектеп бағ­­дар­ламасына бас ауыртады. Біз шал­ғай­дағы оқушылар қалай білім алып жатыр? Соған ойыссақ...
– Жаңақорған ауданында карантин жариялануына орай шалғай жатқан оқушысы аз елді мекендерде дәстүрлі оқыту жүргізілмейді. Барлық білім беру ұйымдарының басшылары мен оқу ісі жөніндегі орынбасарларына қашықтан оқытуды ұйымдастыру жұмыстарын түсіндіруге байланысты 2020 жылдың 26-ы наурызынан бастап арнайы семинар өткізіліп, әр мектептен қашықтықтан оқыту жүйесіне жауапты мамандар бекітілді. Қашықтан оқытуға байланысты барлық білім беру ұйымдарының бас­шыларымен онлайн режимінде күн­делікті байланысқа шығып,    ҚР Білім және ғылым министрлігі тарапынан келген бұйрықтар мен нұсқаулықтар талқыланып түсіндірілуде, – дейді аудандық білім бөлімінің бас маманы Ардақ Рыспанбетова.
  Барлық мектептерге қашықтан оқыту процесін онлайн режимінде оқы­ту міндетті емес екендігі, сабақ кестесі бойынша нақты бір уақытта ғана оқушының қатысуын талап етпеуі, әр оқушыдан кері байланыстың мүмкіндігіне қарай алынуы қажет екендігі түсіндірілді. Ватсап желісінде және онлайн режимінде 2 сәуір күні барлық білім беру ұйымдары ата-аналармен жиналысын, 3 сәуір күні оқушылармен сынып сағаттарын өткі­зіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
  Аудан бойынша барлық 2587 мұғалімнің қашықтықтан оқытуға мүм­кіндігі толық бар, техникалық құрылғылары жеткілікті. Мұғалімдерге әдіс­темелік нұсқаулықтар және қашық­тықтан оқытуға «Bilimland», «Daryn online», «Күнделік кз», т.б онлайн платформаларды қолдану, қосылу, тіркелу жөнінде әдістемелік көмек берілді.
  Ауданда 42 мектепте 17777 оқу­шы қашықтықтан білімін алуда. Жаңа­қорған кентіндегі мектеп оқушылары үшін сапалы білім алуға мүмкіндік бар. 4G ұстайды. Ал интернеті жоқ ауылдардағы жағдай қалай? Мұны ауыл тұрғындары әлеуметтік желі­лерде жазып, өз отбасындағы қиындықтарды айтуда. Осындай сауал­дардың біріне аудан әкімі Сұлтан Мақашов «Кенттердегі оқушылардың мұқтаж­дығына сай планшет, ноутбук, компьютер үлестіріледі. Кент орта­лығындағы МАИ бекеті мен Саяжай аумағында тұратын оқу­шылардың қажеттілігіне сәйкес, әр үйге жеке интернет тарелкасын тегін орнатамыз. Оқу біткенше бюжеттен 2 ай көлемінде біз төлейміз. Одан кейін әр отбасы қаласа әрі қарай тұтынып, айына 5500 теңге абоненттік төлем төлейтін болады» деп жауап қатқан еді.
 Аудан әкімінің жазбасында шал­ғайдағы интернеті жоқ Косүйеңкі мен Көктөбенің оқушылары қашықтан оқу үшін әр үйге wi-fi орнатылатынын, әрбір баланың қажеттілігі назарда болатынын айтқан. Қосүйеңкілік балалар бір аптаның көлемінде интер­нет игілігін көретінін, ал Көктөбелік 71 үйдің 40-на vaikinai орнату жұмысы жүріп жатқанын айтып еді.
Міне, осы пікірдің жазылғанына да бір айға жуықтады. Бірақ «баяғы жартас, сол жартас». Енді ауылдағылар сабақты қалай оқып жүр? Мұны ауыл тұрғындарынан сұрадық.
  Алдымен Көктөбелік балалардың халін білмекке Көктөбе ауылында орналасқан №89 мектептің мектеп директорымен хабарласып, қашық­тықтан оқудың машақатын білдік. Мектеп директоры Талғат Байтіле­совпен сөйлескенімізде ұялы байла­ныстың нашарлылығынан қайта-қайта үзіліп, сұхбат алуда кедергілер болды.
– Біздің ауылға байланыс тарел­келерін орнатудың алғашқы қадамдары жасалғанымен, іс толық аяқталған жоқ. Телекоммуникация қызметкерлерінің сөзінше, Алматыдан әкелінуге тиісті құрылғылар жол жабылуына байланысты ауылға жетпей отыр. Дегенмен мектептің ұстаздары мен оқушылар телефон арқылы қоңырау шалып жауап беріп, сабақты қалт жібермеуге тырысуда. Біздің тараптан қажетті 10 планшет, компьютер таратылғанымен интернет болмағандықтан іске аспай тұр, – деп шындықты айтты директор.
Ұстаздар әр баламен байланысып, ұялы телефон арқылы сабақ берудің қиындығы көп. Кейде ұстаздар түн ауғанша балалардың білім алуы үшін жұмыс жасайды.
  Қандөздегі №240 мектебінде 338 оқушының басым бөлігінің үйінде WiFi бар. Ал мұндай құрылғысы жоқтар смартфонның көмегімен оқуда. WhatsApp желісіне барлық ата-аналар қосылып, өз баласының сабағын қадағалап отыр. Мектеп директоры Кенжехан Толқынбаев қашықтықтан оқытуды жіте қадағалап жүргенін жеткізді.
Интернеті жоқ екінші ауыл Қос­үйең­кіде «қосылуға тиісті» интернет әлі жоқ. Тек жуырда ғана ауыл әкімдік аппаратының ғимаратына, медициналық пунтке және мектеп ғимаратына WiFi тартты. Оның өзі толық іске аспаған. Мұны №161 мектеп директорының орынбасары Нұржан Ілиясов айтты. Ауылда Асtiv желісі ұстағанымен WhatsApp қолданудың қиындығы көп. Жолдаған видио, аудио ашпайды, тек жазуды оқуға мүмкіндік бар. Оның өзі толқынның дұрыс таралмауынан желі бірде ұстап, бірде мүлде ұстамайды. Осындай жағдайда оқушылар биік төбелерге шығып, телефонын жоғары созып, «желі қуалайды». Ұстаздар да «онлайн күнделік» толтыру үшін көп қиындық кешуде. Ол үшін жақын маңдағы ауылдарға барып, әуре болатынын білдік.
  Қыраштағы жағдай мәз емес. Бұл ауылда ұялы телефонмен байланысу үшін де желі ұстайтын маңайға барып тұру керек. Халық мұндай қиындыққа еті үйренген. Ауылдың қай маңында желі жақсы ұстайтынын біліп алған. Ауылдың жас пен кәрісіне дейін, ауылдың «цифрлы аймағына» келіп, алыстағы ағайынмен сөйлесіп, халін біледі.
  Мұндағы балалардың көбінде WiFi жоқ. Смартфон болғанымен ұстазына тапсырмасын орындап WhatsApp-пен жіберу үшін күн ұзақ телефонның желіге қосылуын күтіп, әр бұрышта «желі қуалайды». Үйінде WiFi құрылғысын құруға қарапайым халықтың мүмкіндігі жоқ. Бұл айтпаса да түсінікті. Мектеп директоры Шолпан Оспанова желінің оқу процесіне еш кедергі болмайтынын айтқанымен, ауыл тұрғындары желілігі жоғары интернетке қолы жетпей жүргенін жасырған жоқ.
Осындай мәселелердің бар екенін аудандық білім бөлімі де жасырмады. Интернет жылдамдығы төмен ауыл­дар Қосүйеңкі және Көктөбе ауылы. Көктөбе ауылында 71 отбасы, ондағы оқушылар саны 134, Қосүйеңкі ауылы 92 отбасы, ондағы оқушылар саны 204. Осы оқушылардың барлығы Отау телеарнасы арқылы қосылуға 100 пайыз мүмкіндігі бар. Балапан телеарнасынан көріп, кері байланысты телефонмен сөйлесе отырып және бірқатар тапсырмаларды мұғалім тарапынан қағазға шығарып мектеп бекіткен кезекшілікпен (курьерлік қызмет) беріп отырады.
   Жоспарлы жұмыстар жайын­да аудандық білім бөлімі бас­шысының орынбасары Мейірхан Оспанов тұрғындардың арасында құрылғыларды үлестірудегі жауап­кершілік жүгін түсіне бермейтіндер табылып жатқанын айтты. Бүгінгі күнге дейін қажетті планшет, ноутбук пен компьютер берілгенімен, көп ата-ана оның уақытша беріліп жатқанынан бейхабар болып шықты. Яғни үлестірілген құрылғы мемлекет мүлігі болғандықтан, карантиннен кейін қайта өткізуге міндетті. Егер қандай да бір зақым келіп, құрылғы ахау болса, ата-ана оның құнын төлейді. Сондықтан «аманатқа қиянат етпей», баланың білім алуы үшін берілген құрылғыны ұқыпты ұстағаны абзал.
Жалпы жоғарыдағы мәселелерден аудан басшылары хабардар. Олар жағдайды жылдам реттеудің жолын қарастыруда.

  ТҮЙІН. «Адамзат білім алуы үшін өркениетті елде туылуы шарт емес». Әлемнің тұңғыш философы Плотонның осы бір сөзі бүгінгі бүлдіршіннің қашықтан білім алу қағидасына айналғандай. Білім қиындықпен келгенде ғана өмірлік азық болатынын ойласақ, карантин кезінде ізденісін ұштаған талапкер өмірде биік жетістіктерге жетеді. Ұстаздар мен ата-аналар жасөспірімдерге осының парқын түсіндірсе игі. Интернеттің әлегі уақыттың еншісіндегі іс.

Мақпал ПӘТЕНОВА



14 сәуір 2020 ж. 656 0