№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » Үш ауылдың үміті ақталды

Үш ауылдың үміті ақталды

Жыл сайын әкімдердің халық алдындағы есеп беруінде елді мекендер арасында интернет мәселесін алға тартатындар болған-ды. Әсіресе Көктөбе тұрғындары ХХІ ғасырдың нақышы әлі келмегенін назарға салатын. Расында ауылда интернет жоқ болса өте қиын, әсіресе кешегі төтенше жағдай кезінде ауыл балалары тығырыққа тірелді. Енді ауылдар бұдан біржола арылатын болды. Яғни биыл Қазақстан бойынша 928 елді мекенге интернет кіреді.

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі интертет желісі тартылады деген ауылдардың тізімін жариялады. Мемлекеттік жекеменшік-әріптестік аясында жүзеге асатын жобаның арасынан біздің аудандағы Көктөбе, Қосүйеңкі және Кейден ауылдық округіне қарасты Аққұм елді мекені енді.
– 2020 жылдың соңына қарай тұрғын саны 250 және одан асатын халқы бар ауылды елдімекенде 3G/4G ұялы байланыс желілерін салу жобасының шеңберінде 928 ауылдағы 600 мыңнан астам тұрғынды (барлық халықтың 3,3%) интернетке ҰКЖҚ-мен (ұтқыр кеңжолақты қолжетімділік) қамтамасыз ету жоспарлануда. Аталған тізім ҚР-ның әкімшілік-аумақтық объектілерінің жіктеуіші, облыс әкімдіктерінің халық саны бойынша деректері және байланыс операторларының Қазақстанның әрбір елді мекенінің байланыс қызметтерімен қамтылуы бойынша деректері негізінде қалыптастырылды», – деп жауап берді министрлік ҚазАқпарат жолдаған сауалға.
Министр ауылдарды интернетке қосуда жергілікті әкімдіктердің көмегі қажет екенін айтты. Атап айтқанда, олар базалық станцияларды орнататын мачталар салуға қажетті жер телімін бөліп, электр энергиясымен қамтамасыз етуі қажет екен. Бұл шаруаны орындауға әзір, өйткені ауылға интернет тарту заман көшіне ілесудің алғышарты. Сондықтан жергілікті жұрт осыны асыға күтіп жүргеніне де біраз болды. Көктөбе ауылдық округінің әкімі Боран Абуовпен байланысқан болатынбыз.
– Көктөбеліктердің қуанышында жек жоқ. Көптен күткен интернет желісі қосылуын енді асыға күтеміз. Ауылда жалпы адам саны – 624-ке жетті. Бәрінен бұрын оқушыларға қиын. Сондықтан мүмкіндігінше жаңа оқу жылына дейін қосылса деген тілегіміз бар, – деді әкім.
Сондай-ақ 500-ге жуық тұрғыны бар Аққұм мен тау беткейдегі Қосүйеңкі ауылы да жыл соңына дейін ұтқыр кеңжолақты қолжетімділікке қол жеткізетін болады.
– Біздің дәурен өтті, болашақ жастардың қолында, сондықтан осы жағдайды естіп қуанып жатырмыз. Әлем күн санап дамып келеді, оған біздің ұрпақ дайын болуы керек. Сондықтан интернет желісінің тартылуына біз қуаныштымыз. Ендігі мәселе уақыт оздырмай ертерек іске кіріссе деген тілектеміз, – деді Қуанышбек ақсақал.
Былтыр Қосүйеңкі ауылдық округіне «Nur Otan» арнайы тобымен барғанымызда интернет желісі жүргізіп жатқан болатын. Биыл онда іске қосылатын болар.
Жалпы Қазақстан озық отыз елдің қатарына қосылу мақсатында цифрлық технологияларды меңгеру межесін алға қойды. Өйткені әлем елдері цифрландыруға мән беріп, салаларды сандық технологияға бейімдеуде. Ол үшін жоғары жылдамдықты интернетті кәдеге жаратып, телекоммуникациялық инфрақұрылымның өрісін кеңейте түсуіміз шарт. Бүгінде аудан бойынша барлық елді мекендер ғаламтор желісіне қосыла бастады. Бірақ жылдамдығы төмен. Бұл алдағы уақытта шешілетін мәселе деп күтейік, өйткені бүгінге дейін интернетсіз отырған үш ауылдың мәселесі шешілді.
Аудандағы осы салаға жауапты мамандар биылға жоспар осы, мүмкіндік болса алдағы екі-үш жылдың көлемінде жобаға енбей қалған немесе интернетінің қуаты аз ауылдарға көңіл қайта бөлінеді. Ол уақыттың еншісінде, әзірге үш ауылдың үміті ақталғаны көңіл көншітіп тұр.

Әлібек ЖАРЫҚБАЕВ
09 маусым 2020 ж. 581 0