Ел дамуындағы дара тұлға
Тарих жолы тақтайдай тегіс, түзу бола бермейтіні рас. Бірақ сол тарихты түзу жолда түзетіп, көшін бастайтын тұлғалар да ба. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласында: «Бұрылысы мен қалтарысы жиі кездесетін дәуірдің сыншысы да көп. Ал нақты әрі батыл іс-әрекетке бара алатын адамдар сирек. Мұндай тұлғалар тарихты түзеді, жаңа заманды алға жетелейді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы – осындай айрықша ерік-жігерімен ертеңгі көкжиекке батыл қарай білген бірегей реформатор, әлем мойындаған мемлекет қайраткері» деп Елбасына жоғары бағасын берді.
Расында, Нұрсұлтан Әбішұлы ел Президентіне ғана емес, қазақтың еміренген етене перзентіне айнала білді. Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен ел экономикасы қарыштап алға басты, индустрияландыру бағдарламалары бойынша жемісті жұмыс жүргізілді. Әрбір қабылдаған тарихи шешімі елдің ертеңі үшін үлкен қадам болды. Әрбір өңірдің дамуына дара жол салынып, қалалар мен аудандар келбеті көркейе түсті.
Жаңақорған ауданы да өркендеудің өрелі жолында келеді. Ғасыр күткен газдандыру жүйесі, ауыз су келіп, көптеген ғимараттар бой түзеді. Міне, осының барлығы Тұңғыш Президент бастаған көштің келелі қадамдары. Бүгінде Қасым-жомарт Кемелұлының осы бағыттағы жемісті жұмыстары сол сара жолдың жалғасы деп білеміз. Ең бастысы, ел келешегі кемел, болашағы баянды болуына қызмет етіп жүрген тарихи тұлғалар көбейе берсін.
Сәулебек ДҮЙСЕБЕКОВ,
«СКЗ -U» ЖШС бас директорының
әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары