№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » COVID-19: әлемдік экономикаға әсері қандай?

COVID-19: әлемдік экономикаға әсері қандай?

 "Жаңақорған тынысы"  Егер коронавирус жақын арада тыйылмаса, әлемдік экономика үшін салдары ауыр болғалы тұр. Бұл – экономистер мен сарапшылардың ортақ ойы. Мұның ауыртпалығын нарықта шарықтаған азық-түлік бағасынан-ақ сезініп отырмыз. Мәселен, «Moody’s» халықаралық агенттігі коронавирус пандемиясы 2008-2009 жылғы қаржылық дағдарыстан әлдеқайда күшті болатынын, зардабы мен залалы «қара аққу» теориясымен түсіндірді. Жаһанданған әлемде елдердің қалыпты өмір сүруі бір-бірімен тығыз байланыста. Сол себепті бұл жолғы экономикалық дағдарыстың шығынын ешқандай қаржы институты дөп басып айта алмай отыр. Бір анығы, ірі-ірі компаниялардың өзі банкрот болуы ықтимал. Экономикалық қуаты төмен елдерге де сын-қатер тым жоғары.

Алдымен «қара аққу» дегеніміз не? Соны анықтап алсақ.
«Қара аққу» ұғымын экономист Насим Талеб енгізді. Автор өмірде кездесетін тосын сыйды «қара аққу» деп атады. Терминнің мәнін алдын-ала болжанбайтын, залалы мен зардабы ауыр оқиғалар тұжырымымен түсіндірді. Яғни 2020 жылдың басында ешкім пандемияның пайда болатынын болжаған жоқ және індетке қарсы тұру, оны еңсерудің жолы әзірге табылмай тұр.
Рас, 2020 жылы вирустың әсеріне үйге тығылып отыратынымызды күттік пе? Жыл басында алыс-жақын шет елдерге саяхаттауды, бизнесті дамытудың жолдары, той өткізу және т.б жоспарланды. Пандемия мұрат-мақсаттарға тосқауыл болып тұр.
Экономикалық ынтымақтастық пен даму ұйымы сарапшыларының (ЭЫДҰ) наурыз айындағы есебі бойынша, әлемдегі барлық елдердің экономикалық өсімі төмендеді. Жасыратыны жоқ, Қытай «әлемдік зауытқа» айналды. Бұл елдің ЖІӨ әлем экономикасның дамуына ықпал етеді. Экономистерді Қытайдың ІЖӨ құлдырауы алаңдатып отыр. Ақпан-наурыз айындағы есеп бойынша, Азия елдерінің экономикалық өсімі 4,9 процентке болжануда. Жыл басында 5,7 процентке өсетіні болжанған-тұғын. 2020 жылы жаһандық экономикалық өсімнің болжамы 2,4 процентті құрайды, бұл өсудің алдыңғы болжамынан 2,9 процент төмен екенін көрсетеді.
Енді коронавирус экономиканың қан­дай секторына әсер ететініне тоқталсақ.

ӨНДІРІСТІК БЕЛСЕНДІЛІК ТӨМЕНДЕДІ
Экономика өндірістік өнеркәсіп саласынсыз дамуы қиын. Ал бұл салаға – ұлттық экономиканың шикізат, отын, энер­гия өндірумен, ағаш өнімдерін дайындаумен, өнеркәсіп және ауыл шаруашылық шикізатын өндіріс құрал-жабдығы мен тұтыну заттарына өңдеу­мен (қайта өңдеумен) айналысатын кәсіп­орындарды жатады.
БҰҰ мәліметтері бойынша, Қытай әлемдегі өнеркәсіптік өндірісті дамытуда көшбасшы болып табылады. Оның соңынан АҚШ, Жапония сияқты елдер тұр. БҰҰ Статистика басқармасының мәліметінше, Қытай әлемдік өнеркәсіп өндірісінің 28,4 проценті тиесілі. Бұл Америка Құрама Штаттарына қарағанда 10 процентке артық. Алтыншы орында тұрған Үндістан әлемдік өнеркәсіптік өндірістің 3 процентін құрайды.
Вирустың таралуы Қытайдың өндірістік секторына қатты әсер еткені анық. «Caixin Markit Economics» тәуелсіз ғылыми-зерттеу орталығы Қытайдың өндірістік белсенділігі ақпан айында төмендегенін атады. Жалпы Қытайда экономикасында өндірістік өнеркәсіп ЖІӨ-нің 40,9 процентін құрайды. Қытайдағы өндірістік белсенділіктің төмендеуі Вьетнам, Сингапур және Оңтүс­тік Кореяға және т.б. елдерге теріс әсер ететіні анық.
Қазір ірі-ірі халықаралық компа­ния­­­ларға тиесілі зауыттар тоқтады. Бол­маса учаскіде адам санын немесе жұмыс уақытын қысқартуға тура келді. Бұл өнімділікті азайтты. Мұндай үрдісті коронавирус тараға барлық елдерден көруге болады.
Мәселен, Ухань провинциясы Қытай­дың авто-көлік жасайтын орталығы. Онда BMW, Toyota сынды бренд көліктердің авто-бөлшектері өндіріледі. Бұдан ком­паниялар қаншалықты деңгейде шы­ғындалып отыр десеңші?!
Италияның халқы коронавирусты жұқ­тыруы өте жоғары. Мұнда жеңіл өнеркәсіп – киім, аяқ киім, сүмке және т.б өндірісі қатты дамыған. Авто көлік өндірісі қалыптасқан. Германия бірқатар өнеркәсіп саласы бойынша көшбасшы болып табылады. Тауарлардың экспорты мен импорты бойынша алдынғы қатарда. Негізгі салалар – машина жасау, жасыл энергия өндіру, химия, кеме жасау және т.б. Батыс Еуропадағы табысты елдің бірі – Испания. Англия мен Франция қайта өңдеу, өңдеу саласы дамыған елдер. Бұл елдер коронавирустың тез тарауымен карантин енгізіп, шекарасын жапты. Енді озық елдермен экономикасы байланған дамушы елдерге өте ауыр болады.


ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУДІ ТЫҒЫРЫҚҚА ТІРЕДІ

Шикізатқа негізделген дәстүрлі салаларымен бірге қарқынды дамыған сала – қызмет көрсету саласы. Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, қызмет көрсету саласы дамыған және дамушы елдердің экономикасында маңызды рөл атқарады. Әсіресе дамыған елдер бұл сектордағы еңбек өнімділігін арттыруға басымдық беруде. Айталық, McKinsey компаниясының есебі бойынша, 1985-2005 жылдары аралығында дамыған елдерде еңбек өнімділігі 1,4 процентке өссе, оның 0,8 процент қызмет көрсету саласына тиесілі болды. Ал дамушы елдерде бұл көрсеткіш 3,6 процент құрағанмен, оның ішінде 1,5 проценті ғана қызмет көрсету саласының үлесіне тиесілі. Демек дамушы елдерде еңбек өнімділігінің өсуіндегі қызмет көрсету сферасының үлесі шамамен 40 процент болса, дамыған елдерде 60 процентті көрсетеді.
Коронавирус бұл саланы да тығы­рыққа тіреді. Әсіресе әуе саяхаты, туризм, қонақ үйлер, сауда, көлік және телекоммуникация, құрылыс, ойын-сауық орталықтары т.б. саласына теріс әсер етті.
Әлемде сауда-саттықты дамыту арқылы да қызмет саласын өркендетіп келе жатқан елдер бар. Мұндай елдердің қатарына Түркия, Тайланд, Испания, Франция сынды елдерді жатқызуға болады. Құрылыс саласына инвестиция тартып, экономикалық табысты тапқан елдер аз емес. Көлік дәлізін халықаралық байланыстырушы көпір ретінде қолданып, қомақты қаржыны бюджетіне салып отырған елдер бар. Ал экономикасының негізгі бөлігін осы салалар құраса, жаһандық жұқпалы індеттен кейін экономикасы шайқалып, құлдырай түседі.
Ақпан айында «Caixin және Markit Economics» тәуелсіз ғылыми-зерттеу орта­лығы сервистік қызмет көрсету саласы бизнес-ахуал индексінді 26,5 позиицяға төмендегенін келтірді. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Дәл осындай жағдай әлемдегі барлық елдерде сезіліп отыр. Қазір көп елдерде қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділік төмендеп, бюджетке түсетін қомақты қаржыдан қағылды.

МҰНАЙ-ГАЗ САЛАСЫНА ӘСЕРІ

Дүние жүзіндегі өндірістік белсен­діліктің төмендеуі мұнайға деген сұраныстың төмендеуіне әкелді. Бағаның төмендеуі ОПЕК+ елдері мұнай өндіруді қысқарту туралы жаңа келісімге келе алмағанға дейін басталды, дейді сарап­шылар. Бұған жаһандық жұқпалы індеттің әсер еткені анық. Өйткені Қытай әлемдегі ең ірі мұнай импорты болып табылады.
Мұнай бағасы бірден 30 процентке құлдырады. Бұл экономикасы көмірсутек өндірісіне байланған елдер үшін жағымсыз жаңалық. Бұған бізде кіреміз. Мұндай бірден құлдырау 1991 жылғы Парсы шығанағындағы сұрапыл соғыстан кейін болған емес. ХХ ғасырдың 80-90 жылдарындағы мұнай бағасының құл­дырауы әлемдік геосаяси картада күрделі өзгеріс әкелгені белгілі. Яғни Кеңес Одағаның орнына Тәуелсіз елдер қалыптасты. Саясаттанушылар мен экономистер осы бір оқиғаны еске қайта салды. Не мақсатпен айтқаны белгісіз.
2020 жылдың 6 наурызында Нью-Йорк қор биржасындағы сауда-саттық Dow Jones индексінің 2000 тармаққа, яғни алдыңғы деңгейден 7 процент құлдырауына байланысты 15 минутқа тоқтатылды. Сауд Арабиясы жеткізілім көлемін ұлғайту және қара алтын бағасын төмендету ниетіне байланысты мұнай бағасының 22 төмендету төмендеуі аясында сауда-саттық өткізілуде. Сол күні АҚШ-тың ірі мұнай өндірушілері – Chevron Corp және Exxon Mobil Corp акциялары өз құнының 9 проценттен астамын жоғалтты. Бұл – олардың шамамен 30 жылдағы құлдырауының ең жоғарғы деңгейі. ОПЕК елдері күніне шамамен 500 миллион доллар жоғалтты деп хабарлайды Рейтер агенттігі.
Бір анығы, қазір мұнай бағасы Brent маркасына 31,5 доллар, WTI маркасына 30,30 доллар болып қалды. Өткен айда бұл көрсеткіш 57-55 долларға тең еді. Біздің Үкімет бюджетті мұнай бағасы 55 доллар болуымен өлшеп, соған жоспар құрып қойдық. Енді мұнай-газ саласындағы оң өзгерістерді күтеміз.
Індеттің ауқымы ұлғалюы мұнай нарығына ғана емес, түсті және қара металургия саласына да теріс әсер етті.

ҚОР НАРЫҒЫ ҚҰЛАДЫ

COVID-19 вирусының таралуына бай­ланысты үрей үдей түсті. Бұл – инвесторлардың көңіл-күйіне теріс әсер еттіп, қор биржасындағы құнды қағаз­дардың бағасы күрт төмендеуіне әкелді.
Сарапшылардың айтуынша, вирус індеті нарықтарға үш бағытта әсер етуі мүмкін: Қытайдағы іскерлік белсенділіктің төмендеуі, жергілікті нарықтардағы бел­сенділіктің төмендеуі және қаржы нарық­тарындағы дағдарыс.
Озық елдердің орталық банктері коронавирустың әсерін азайту бойынша келісіп іс жасағанымен, әлемдік қор нарығы құлады. Мәселен, Еуропалық қор нарығында жағдай да мәз емес. Жалпы еуропалық STOXX 600 индексі 7 процент төмендеді. Франкфуртте сауда жасайтын неміс компанияларының индексі DAX және француздық CAC40 индексі іс жүзінде жоғалтты. Наурыз айында FTSE 100 Лондон қор биржасының индексі 6 жарым пайызға дейін арзандады. Оның алдында Азияда күрт төмендеп, құлаған-ды. Бұл – АҚШ-тың Федералды резервтік жүйесінен айналып өтпеді. Еуроаймақ, Ұлыбритания, Жапония, Канада және Швейцариямен келісілген іс-шаралар аясында 700 млрд. доллар көлемінде ынталандыру бағдарламасын іске қосты. Алайда инвесторлар орталық банктерде коронавирустың әсерін шешудің мүмкіндігі аз деп алаңдайды. Лондонда авиакомпаниялардың акциялары ең үлкен құлдырауды бастан кешуде.
Инвесторлар дүниежүзілік экономи­калық климат нашарлай берсе, әлемдегі ең ірі орталық банктерде коронавирустың әсерін жеңуге қаражат жетіспеуі мүмкін деп қорқады.


ТУРИЗМГЕ АУЫР СОҚҚЫ

Туризм – әлемдік экономиканың ірі секторларының бірі, оның кірісі 5,7 трил­лион долларға жетеді.
Туризм саласында шамамен 319 мил­лион адам немесе әлемдегі жұмыс істейтін халықтың 10 процентін құрайды. Дәл осы сектор вирустың эпидемиясынан ең бірінші зардап шекті. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі (World Travel & Tourism Council, WTTC) келтірген мәліметтер бойынша, коронавирус әлемдік туризм саласындағы 50 миллионнан астам адамды жұмыссыз қалдыруы мүмкін. Халықралық кеңестің президенті және бас атқарушы директоры Глория Гавара: «Коронавирус тараған елдерге анализ жасаудың нәтижесінде туристік компаниялардың 50 миллионнан аса жұмысшы бос қалады», – дейді.
WTTC ұйымның дерегінше, 2020 жылы әлем бойынша туристік саяхаттаудың саны 25 процентке төмендейді. Бұл – тиісті жұмыс орындарының 12-14 процент жұмысшысы қысқаруына әкеледі.
2019 жылы әлем бойынша Америка Құрама Штаттары туристік табысы бойынша бірінші орында болды. Мұны Дүниежүзілік туристік қалалар федера­циясы жариялады.
   Еуропа әлі күнге дейін әлемдегі ең танымал туристік бағыттардың бірі болып табылады. Одан бөлек, Мальта, Хорватия, Таиланд, Ямайка, Исландия, Грецияның негізгі табыс көзі туризм саласы. Ал бұл елдерге коронавирустың әсерін өзіңіз бағамдай беріңіз.
Қытайлық туристерден Ресей эко­номикасына миллиардтаған доллар табыс кіреді. Мәселен, 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларында қытай туристері Ресейге 264 млн доллар қаржы салды.
  Туристік операторлар көктем-жаз айларында коронавирусты шектегенімен, туристік индустрия бірден қалпына келмейді деп санайды.
Мұндай пікірді қолдаушының бірі – Ресейдегі ATC Moscow сату бөлімінің бастығы Инна Нагуманова: «Эпидемия аяқталғаннан кейін тыныштықты қалпына келтіру үшін кем дегенде 3 ай уақыт кетеді», – дейді.

  P.S.: Әлем елдері төтенше жағдай жариялап, шекарасын жауып, оқшау­лануының әсері әлемдік саудаға да теріс әсерін тигізді. Бір ғана мысал, әлемдік экспорттың 15 процентін құрайтын Қытайдан келетін тауарлардың мөлшері қысқарды. Бұл – инфляция өсуіне әке­летіні анық. Әсіресе өңдеу және қайта өңдеу өндірісі дамымаған елдерге ауыр болғалы тұр. Бұдан алатын сабақ, біздің ел шикізаттық сектордан, өнім өндіруші елге айналудың жолын табуын керек. Мұны таяу арада қолға алып, шешпесе, ХХІ ғасырда дамудың ауылы алыстай түсетіні анық.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ
14 сәуір 2020 ж. 928 0