№100 (8811) 21

21 желтоқсан 2024 ж.

№99 (8810) 14

14 желтоқсан 2024 ж.

№98 (8809) 10

10 желтоқсан 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» » ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ АҒАШТАР

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ АҒАШТАР


Польшадағы өрт кезінде елдегі ең көне ағаш болып есептелетін, 750 жыл­дық тарихы бар еменге де от тиді.Шпротавадағы бас орманшының көмекшісі Ежи Вилановский сақшы­лардың тілсіз жаумен 30 сағаттан ас­там арпалысқанын хабарлады. 
Ағашты король Болеслав Храб­рый­дың құрметіне «Храбрый» деп атаған. Ағаш діңінің көлемі – 10 метр, биіктігі – 28 метр. Жергілікті заңға сәйкес, көне еменді өртеген адам он жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Міне, жұрт жүрегін ауыртатын мәсе­лелермен қаншалықты айна­лы­сып жатқанын осыдан байқауға бо­лады. Кәрі ағаш пен жас ағаштың айырмашылығы жоқтығын, екеуі де адамзатқа пайда әкелетіндігін білетін мамандар ерекше қорғалатын және тарихы бай жасыл желектерді қорғауды үнемі басты назарда ұстап келеді. Тіпті бұл дүниеде ағаш түрлері аз болып тұрғандай, небір қайталанбас су­реттей ағаштарды қолдан өсіріп жат­қандар бар. Америкалық бір ға­лымның кәдімгі қазақы ою секілді тал-дарақты қолдан өсіріп, оның бү­гінде әлем назарын аударып отырғаны белгілі. Шынында да, ағаш – та­биғат көркі. Әдемі ағашқа сүйсіну бы­лай тұрсын, оның көлеңкесінің өзі адамды емдейтіндігін мамандар жоққа шығармайды. Көлеңкені айтпағанның өзінде, Пәкістан секілді елдерде адам­дарды масадан құтқаратын ағаштар бар екен. Ағаштың сыртынан дәке орап қойғандай көрінеді. Бірақ оны жанына барып көрген кісі кәдімгі өрмекшілердің торына куә болады. Осы арқылы әлгі ағаштар пәкістан­дықтарды қиындықтан құтқару үстінде.

Өрмекшілердің ағаштарды тор­мен орап тастауы Синд провинция­сында бірнеше ай бойы толассыз жауған жауыннан кейін басталған. Бастапқыда қорқынышты көрінген талдардың артынан жағымды жақтары анықталған.
Өрмекшілердің бұл торы су ша­йып кеткен аймақта безгектің төмендеуіне тікелей әсер еткен көрі­неді. Қауіпті дерттен құтқарушы ағаш­тардың сұрықсыздау сұлбасына қазір ешкім тосырқай қарамайды. Қайта сол көрінісімен адамдарды аурудан сақтауға көмектесетіндігіне жұрт риза. Осы секілді әлемнің әр шалғайындағы әрбір жасыл-желек түрі адамзатқа барлық жағынан пайда әкелуде. Олардың бірі құрылыс материалда­рына, енді бірі аспаптар жасауға, тұр­мыстық заттар қашауға пайда­ланылады. Далада оның қиқымы да қалмайды. Ал сұлу ағаштар төңірегінде әңгіме басқа. Айталық Сокотра аралында кәдімгі бөтелке іспеттес ағаш өсетіндігін ешкім біле бермейді. Көрген кісі қайран қалатын көрініс. Айтпақшы, айдаһар іспеттес ағаш та – осы аралдың бір байлығы. Теңіз дең­гейінен 1300-1600 метр биікте өсетін тал 10 метрге дейін жетеді. Сәу­лет өнері іспеттес ағаштар адам сирек жүретін жерлерде өсетіндіктен, ол көпшілікке қызық көрінеді. Мәселен ағаш-арка, ағаш-көлеңке, бұралып өскен ағаш, Кипрде өсетін сақалды ағаш, Бангкоктегі жолақ ағаштар, Үндіс­тандағы мақта ағаш әйтеуір, айта берсеңіз таусылмайды. Осының соңғысы «бомбакс-сейба» бұрындары мақта секілді өнім беріп, жұрт оны игілігіне пайдаланса, қазір ол сұлулық үшін өсірілетін болған. 

«Кипрдің қара алтыны» сана­латын Кэроб елдің символына айналған. 
Үндінің Джекфруты немесе Нан ағашы да әлем назарын аударып тұр. Банан мен ананастың иісі сезілетін өсімдік елге тек пайдасын тигізіп келеді. Оның діңінен үй салып, жиһаз, музыкалық аспаптар жасауға болады. 
Бразилияның қызыл ағашына да қызығатындар жеткілікті. Ол қазірге дейін аса сапалы мата өндірісінде шикізат көзі болып келді. Тіпті діңінен ішекті аспап, дирижерлік таяқша, паркет пен шпал да жасалды. Ал «Айдаһардың қаны» деп аталатын ағаштың қызыл сығындысы далап, тіс пастасының хош иісін келтіруде, түрлі рәсімдер жасау барысында кеңінен қолданылады.
Оңтүстік Америкада өсетін жеміс ағашының бірі адам өлтіруге дайын тұрады. Сондықтан да болар, оның же­­місі пісіп, жергетүсерде ескертпе қағаздар жер-жерге ілініп қойылады. Өйт­­кені көлемі 25 сантиметр келетін же­­міс жоғарыдан құлағанда адамның үс­­ті­не түссе, ол өліп кетуі әбден мүм­кін. «Бомбакс» немесе «Жібек ағашы да» Таяу Шығыс пен Азия елдерінде көшелердің көркін кіргізіп тұр. Оның үлкен қызыл жапырақтарының әдемілігі сондай, оны пластмассадан жасалған деп ойлап қалатындар бар. 
Біз көрмеген Баобабы ағашы өз ішінде 120000 литр су сақтай алады.
Қысқасы, көремін деген кісіге қызық көп. Тек көзіңіз сау, деніңіз аман болса болғаны. Әлемдегі ағаштарды сөз етіп отырғанда, мұндай ерекше табиғат сыйлары Қазақстанда да барын айта кеткеніміз орынды болар. Әрине, жоғарыда айтқаны­мыз­дай, көркем әрі қызықты бола қоймас. Бірақ қазақтың табиғатына жақын тал-дарақ ұшырасады. Мысалы, елі­мізде ең көне Хан-ағаш – алып қара­ғаш Іле өзенінің «Алтын-Емел» ұлт­тық табиғи саябақ аумағында, Үлкен Қалқан тауының шығыс жағында өседі. Жасы 700 жылдан асқан. Жергілікті халық ағашты күні бүгінге дейін қасиет тұтады екен.Жуандығына алты адамның құшағы әрең жететiн 700 жастағы ерекше ағаш Жаркент қаласынан 30 шақырымдағы Әулие-ағаш ауылы маңында өседі. 
«Жетісулық недзвекция» өсетін әлемдегі жалғыз мекен – Шу-Іле шөлді таулары (Айтау). Бұтаның әдемі гүлдері оған әшекейлі түр береді. 
Іле Алатауындағы жалғыз қылқан жапырақты ағаш – Тянь-шань шыр­шасы. Тянь-шань шыршасының ең үлкенінің жасы – 600 жыл шамасында.
Қылқан жапырақты ағаштардың Қазақстандағы ең көп түрі – Алтайда. Мұнда шырша, май қарағай, қарағай, бал қарағай, сібір самырсыны өседі.
Қазақстанда түрі ең көп тараған ағаш – сәмбі тал. Республикамызда мұның 22 түрі кездеседі. Адам денсаулығына ең пай­­далы өсімдіктің бірі – арша. Өсім­дік­тен бөлетін фитонцидтер адам ден­сау­лығына ем болатын таза ауа шығарады. 
Ең төзімді ағаш – тораңғы. Ол шөлде, құмда, сортабанда өсе береді. Ел аузында «шөл даланың падишасы» атанған тораңғы тұқымдас ағаштың алуан түрi Қазақстанда Арал өңiрi мен Қызылорда облысынан басқа Балқаш пен Алакөл аумақтарында, Бетпақдала атырабында, Зайсан маңайында, Мойынқұм сауырында кездеседi.
Интернет көзінен алынған бұл деректер әлемдегі жылы аумақтарда өсетін, жеміс беретін көптеген пайда­лы жасыл-желекке жете қоймасы анық. Соған қарамастан, өз табиғаты­мызға сай ағаштар еліміздің ауасын тазартып, адамдарға жылылық сыйлап келеді. 
Үндістан мен Малая аралында өсетін нан ағашының жемісі 3-4 адамды бір жыл асырай алады. Бразилиядағы сүт беретін ағаш бір сауғанда 2-4 литрге дейін сүт береді. 
Шұжық ағаш. Еуропалықтар ХІХ ғасырдың басында осындай ағаштар­ды алғаш көргенде, бұталарда шұжық­тар өсіп тұр ма деген ойға қалыпты. Себебі ағашта өсіп тұрған жемістердің түсі мен ұзындығы – 60 см, диаметрі – 20 см. Пішіні шұжыққа өте ұқсас.
Шұжық ағашы – кигелия. Оның жемісінің дәмі ерекше салқын су дайындау үшін қолданады. Сондай-ақ африкалықтар жемістен жылан уын қайтаратын, жараны жазатын дәрі-дәрмек те дайындайды.
Какао, шоколад ағашы Орталық және Оңтүстік Американың орман­дарында өседі. Какаодан алынған майды кондитер, иіссу өндірістерінде және медицинада дәрілерге қосуға пайдаланады.
Секвойя – мәңгі жасыл қылқан-жа­пырақты ағаш тұқымынан. Кали­форния тауларында өсетін тал 100 метр биіктікке жетеді және 3000 жылға дейін жасайды.
Иә, өмір сүруі және пайдалылығы жағынан бірінен бірі өтетін тал-дарақты санап тауыса алмайсың. Алайда бізге керегі жасыл-желекті санамалау емес, олардың арасынан табиғатымызға сай келетіндерін неге елімізде өсірмеске деген ой. Бір кез­дері Алматының бұрынғы әкімі Германиядан біркелкі өсетін әрі жапырақтары ұзақ сақталатын ағаш тұқымын көшелерге егу туралы ұсыныс жасаған еді. Бір қызығы, осы айтылған ағаш түрі біздегі ғылыми-зерттеу институттарында өсіріледі екен. Сондықтан ол ағаштар көшеге көрік беретін болса, неге өсірмеске? Әсіресе, жапырақтарының қалың қар түскенше жасыл күйінде сақтала­тындығы бәрімізді қызықтырады. 
Қазір қарап отырсаңыз, Алматы кәрі ағаштардан құтыла алмай отыр. Мұның жанында Астананың жасыл желегі адам көңілін сергітеді. Әрі Алатау етегіндегі алып шаһардың ағаштары қиқы-жиқы екендігі де жанға батады. Былайша айтқанда, көз ауыртады.Сидаңдаған бұтақтары электр желілері мен жол белгілерін қалқалап, тіпті адам, үй, көлік үстіне құлап жатқандары да бар. Осындайда берік әрі әдемі ағаш тұқымдарын, ал алаңдарға атақты аппорт тұқымын неге отырғызбасқа деген ой келеді. Қалаға келген қонақтар да аппорт дегеннің қандай болатындығын көзбен көрер еді.
Жалпы, Алматы жерге шыбық шаншысаң өсе беретін құнарлы топырақтан тұрады. Сол себепті қа­ланың бас жоспарын қарағанда тек ғимарат пен тұрғын үйлер ғана емес, қай көшеге қандай ағаштар отырғызу мәселесін де қараған жөн шығар. Шаһарды шаттыққа бөлейтін әсем үй мен әдемі ғимарат қана емес, көрікті тал-дарақтар. Жанға дауа жасыл желек қаланың қаншалықты сұлу екендігін айғақтай алады.


10 наурыз 2020 ж. 1 255 0