№95 (8806) 30

30 қараша 2024 ж.

№94 (8805) 26

26 қараша 2024 ж.

«Әкімдердің

25 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031 
» Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

Ерлік өшпейді, ер ұмытылмайды

Сол бір сұм соғыс жылдарындағы отты күндер адамзат санасынан еш өшпек емес. Себебі оның құндылығы ғасырлар бойы жаңа буынға өсиет. Айбынды білектерімен Отан үшін бар күштерін сарқыған соғыс ардагерлерін ардақтау – абыройлы міндет.
Бұл бағытта аудандық архив «Ұлы Отан соғысының ардагерлері» атты кор коллекциясын ашқан. Онда соғыс ардагерлерінің ұрпақтарының келісімімен жинақталған Үрзімат Мадиевтің, Әбсемет Мәдіұлының, Ерескен Сапабекұлының, Абласан Ахметовтың, Төлеген Бердібаевтың жеке істері жинақталған.
Міне, сондай Отан үшін от кешкен майдангердің бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Мырзаев Сайпулла (Шайпул) жайлы жинақталған мәліметтермен бөліссек.

Сайпулла Мырзаев 1924 жылы Жаңарық елді мекенінде дүниеге келіп, 1937 жылы Төменарық станциясындағы №53 орта мектептің бастауышын тәмәмдаған. Одан әрі Шиелі ауданы, Керделі ауыл советінің Еңбекші колхозындағы орталау мектептен 6 кластық білім алған. 1942 жылы Кеңес әскері қатарына алынған. Өзбекстанның Ферғана облысының орталығында 8 ай оқып, сержант шенін алады. Мәскеу түбіндегі Орехова-Зуева қаласында 3 ай дайындықтан өтеді. Мұнан кейін Украинаның Сума облысында 27-мотоатқыштар командирі, гвардия полковнигі Федор Ковтуновтың басқаруындағы 2-ші корпусының, 1-ші гвардиялық танкистер армиясы қатарында майдан даласына енеді.
Бұл жөнінде Сайпулла Мырзаевтың өзі жазған хаттың мәтінін ұсынсақ.
Ол кезде Украин майданының соғыс кеңесшісі гвардия генерал-лейтенанты Николай Попель, ал командирі Совет одағының батыры Маршал Иван Конев болатын. 1943 жылдың 24 желтоқсанында Киевтің Вишнева ауданына жеткізіліп, таңғы сағат 4-те немістің қорғанысын бұзып, Украинаны неміс фашистерінен азат ету мақсатында лап қойдық. Сол майданда 1944 жылдың екінші жартысына дейін болып, Жоғарғы қолбасшының бұйрығымен біздің армия 1-ші Беларус майданы командирі Маршал Жуковтың қарауына ауыстырылды. Содан, Беларус майданынан жалғасын жауынгерлік жорығым Сан, Бух, Днестр, Висла, Одер өзендерінің бойындағы Киев, Винница, Бело-Церковь, Чернобица, Шепетовка, Городенко, Хорсен елді мекенінде жалғасты. Ал, Поляк жеріндегі Сандамир плацдармы, Варшава, Лодзь, Гнезно қалалары үшін болған сұрапыл соғыстармен жалғаса отырып, 1945 жылдың 2 мамыр күні неміс фашизмінің орталығы, ұясы Берлин қаласына жеттік. Германияның батысының Бранденбург жеріндегі Котбус қаласына дейін бардық. 1946 жылдың желтоқсанынан Дрезден қаласынан Туркия шекарасы Кавказ маңындағы Ахалхалак қаласында 35-ші гвардия атқыштар полкінде, 3 ай тұрып, 1947 жылдың 27 наурызы күні елге оралдық. Бұл Сайпулла майдангердің жазғаны.
Майдан даласындағы ерліктері үшін Сайпулла Мырзаев «Ерлігі үшін», «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалымен және Жоғарғы Бас қолбасшы Совет Одағының маршалы Сталиннен «Алғыс хаттары» түпнұсқалары негіз болады. Сондай-ақ, «І-дәрежелі Ұлы Отан соғысы» және «Қызыл Жұлдыз» орденімен, «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 20,30,40,50 жылдығы» мерекелік медалымен, Кеңес одағының Маршалы «Жуков» медалімен марапатталған.
Елге аман есен оралған жауынгер Сайпулла сондай табандылықпен елге еңбек етті. Жауынгердің елдегі еңбегі аудандағы Жаңарық ауыл советіне қарасты 1 май колхозында басталып, Төменарық станциясындағы Ащысай полиметалл комбинатына қарасты «Горняк» қосалқы шаруашылығында жалғасын тапты. 1954-1970 жылы май зауытының Төменарық сүт қабылдау бөлімшесінің меңгерушісі, Қызылорда қалалық кардон заводының шикізат дайындау бөлімшесінің меңгерушісі, 1970-1976 жылы аудандық май зауытының өндіріс басқарушысы, 1976-1984 жылы Қызылорда жылжымалы механикалық колоннасында құрылыс мастері болып еңбек етіп, 1984 жылдың 5 мамыр күні құрметті демалысқа абыроймен шыққан. Еңбек жолдарында «Еңбек ардагері» медалымен, «Социалистік жарыстың жеңімпазы», «Соғыс ардагерлері комитетінің одағы» төсбелгілерімен және бірнеше «Құрмет грамоталармен», «Алғыс хаттар» алған.
Өмір жолында Мырзабаева Патимамен отбасын құрып, 80 жасқа қараған шағында 2005 жылы дүниеден озды. Артында елге үлгі болатын, ата жолын қуатын, отын түтетіп атын өшірмейтін Күміскүл, Ултуар, Меруерт есімді 3 қызбен Нұрым есімді ұлынан 9 немере, 11 шөбере қалды.
Қорыта айтқанда, архив қызметкерлері Ұлттық архив қорында тұрақты сақтауда тұрған осындай жеке тектік құжат иелерінің жауынгерлік, қаһармандық ерліктерін жиі еске салу үшін және жас ұрпаққа потриотттық сезімді ояту үшін насихаттаймыз.

Зағипа АБЖАЛЕЛОВА,
аудандық архив бөлімінің басшысы.
---
30 мамыр 2019 ж. 932 0